Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірттердің амандығы бәрінен қымбат

Шәкірттердің амандығы бәрінен қымбат

Елімізде 11 жыл бойы бірге білім нәрімен сусындап, өмір жолына қадам басқалы тұрған оқушылардың мектеп бітіру кешін есте қаларлықтай етіп өткізуді әдетке айналдырғаны шындық. Олардың бірі қымбат көліктерді жалға алып, қала бойынша экскурсиялар өткізуді мақсат етсе, енді бірі қатар-құрбыларымен бірге таң атқанын көруді қалайды. Өкініштісі, кейде осындай көпшілік жиынның соңы мектеп бітіруші түлектердің келеңсіз жағдайға тап болуымен аяқталып жатады.
Еліміздің көп өңірінде мектеп бітіру кештерін сән-салтанатпен атап өтудің орнына мәнді де мағыналы рухани-танымдық іс-шаралар өткізу дәстүрге айналуда. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес мектеп бітіру кештерін ұйымшылдықпен өткізу, бітіру¬ші¬лердің өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұ¬зу¬шылықты болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары дайындалған.
Биыл осы жайттарды ескерген облыстық білім басқармасы мектеп бітіру кешін ұйымдастыруға тыйым салып отыр. Яғни мектеп бітіруші түлектердің өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында осы жылдың 3 сәуірінде №56 шешім шығарылып, барлық білім беру ұйымдарына жолданған. Сонымен қатар бұл бұйрықта оқу жылын аяқтау шараларын ұйымдастыруға және мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге оқушылар мен ата-аналардан, педагогтардан ақша жинауға қатаң түрде тыйым салатыны атап өтілген.
Осы тұрғыда облыстық білім басқармасының бас маманы Қарлығаш Әнуарова:
– Барлық білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына: мектеп бітіру кештерін өткізу барысында бітірушілер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіпсіз жағдай жасалуын қамтамасыз ету қажет, бітіру кештерін міндетті түрде мектеп қабырғасында және ауласында өткізу, шараға бітірушілердің мектеп формасымен қатысуын және барынша қарапайым түрде өткізілуін қамтамасыз ету жүктеледі. Сонымен қатар үйлер мен ресторандарда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізу және бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына жол бермеу, бітірушілердің өмір қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу бағытында медициналық, өрт қызметтері, ішкі істер органдарымен бірлесіп шаралар қабылдау және мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру үшін ана-аналардан ақша жинамауды, ата-аналар тарапынан мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар берілуіне жол бермеуді және шараларды мектептің қолда бар мүмкіндігімен ұйымдастыру керектігі ескертіледі, – деген еді.
Айта кетерлігі, мектеп бітіруші түлектердің та¬биғат аясына серуендеуі, өзен, көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуі де қатаң бақылауда болады. Ата-аналар өз балаларын назардан тыс қалдыр¬май, үлкендердің рұқсатынсыз және мектептің ке¬лісі¬мінсіз ешқайда жібермеуі керек. Сонымен бірге білім са-ласы¬ның мамандары осынау жауапты кезеңде әрбір ата-ана баласын қадағалап, ақыл-кеңесін айтуы қажеттігін еске салады.
Бүгінде мемлекет тарапынан балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көптеген шаралар қабылдануда. Мектеп бітіріп, аз ғана уақыттан кейін жаңа өмір жолына қадам басқалы отырған шәкірттердің аман-саулығы бәрінен қымбат екендігі анық.
"Толқын" ақпарат
20 сәуір 2023 ж. 218 0