Сыбызғы туралы не білеміз?

Сыбызғы аспабының қашан пайда болғаны туралы нақты деректерге жүгінсек. Жалпы түркілік, көшпелілік тұрғысында қарастырғанда, сонау ертедегі ғұн дәуіріндегі қытай жылнама деректерінде сыбызғыға ұқсас саз аспабының болғаны туралы деректер кездеседі екен. Атап айтқанда, біздің жыл санауымыздың 198 жылы Шығыс Хань династиясының патшасы Линди ғұндардың киіміне, киіз үйіне, ханның есір (тағына), олардың тамағына және кұнхоу мен сыбызғысына назары ауып, патша сарайына алдыруға бұйрық берген. Демек, сыбызғы өте ерте заманнан бері келе жатқан аспаптардың бірі.
Сыбызғыға ұқсас музыкалық аспап дүние жүзінің барлық түкпірінде бар деуге болады. Жалпы жасалу және саз орындау техникасы жағынан кейбір өзгешеліктеріне қарамастан, олардың барлығы негізінен ұқсас болған. Сыбызғы өнерін түркі халықтарының ішінде алтайлықтар, башқұрттар, қазақтар тартқан.
Түркі халықтарының өзінде сыбызғы аспабының әр түрлі атауы болған. Мысалы, башқұрттар – һыбызғы, ноғайлар – сыбызғы, татарлар – сыбызгы, қырғыздар – сыбызгы, қарашай-балқарлар сыбызгъы деп атаған.
Қазақ халқының үрлемелі аспабы сыбызғыны жасаудың өзіндік қалыптасқан технологиялық дәстүрі де болған. Сыбызғыны әдетте қурай мен қамыс, жез бен ағаштан жасаған. Сонымен қатар әр түрлі мал сүйектерінен, анығын айтқанда жілік сүйегінен сыбызғы жасаған. Мұны «жілік сыбызғы» деп атаған. Жілік сыбызғы ерте заманда аңшының шақыру құралы болған. Кейінірек саз аспабы есебінде пайдаланыла бастаған.
Әрбір саз аспабының адам ағзасындағы белгілі бір жүйеге әсер ететіні белгілі. Мысалы, фортепианода ойнаған туындыны тыңдау – психиканы гармонияға бөлейді, ал сыбызғы, флейта, қурай, лютня, цуур қатарлы үрмелі аспаптар тыныс жолдарының жұмысын жақсартып, өкпе мен бронхитті тазартумен қатар, қан айналымына өте жақсы әсерін тигізеді екен.
Қорыта айтқанда, сонау ежелгі ғұндардың заманынан бері тарихта таңбаланып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жалғасқан асыл мұра сыбызғы мен сыбызғы күйлері бүгінгі күні қазақ халқының ажырамас рухани құндылықтарының біріне айналып келеді.
А. ЖҰМАҒҰЛОВА