Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелдің бақыты – отбасы

Әйелдің бақыты – отбасы

Қылыш тауының баурайындағы кеншілер кенті соңғы жылдарда толымды істерімен танылып келеді. Бұрынғыдай сүреңсіз көрініс жоқ. Жарықтандыру барынша жолға қойылған. Тұрғындардың басым бөлігі от жағып, күл шығару машақатынан арылған. Кешегі ойдым-ойдым жолдардың орнын тақтайдай тегіс асфальт алмастырған. Көшелерінде жаңашылдықтың лебі байқалады. Жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалған. Осындағы жалғыз білім ордасына қосымша құрылыс жүргізіліп, балалар санына орай ауқымы кеңейсе, Алланың жердегі үйі деп танылған 500 орындық мешіт жаңадан тұрғызылу үстінде. Бұдан басқа дажаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандардың қатары көбейген.
Таяуда кент әкімі Пазылбек Берсүгіров қоңырау соғып, өздерінің «Әйелдің бақыты – отбасы» атты бірінші әйелдер форумын ұйымдастырғалы жатқанын айтып, мазмұны бөлек шараны төл басылымда жариялауды сұраған-ды. Сосын сөз барысында Аралдың алтынын шығарумен дараланған кенттің басқа мекендерден өзгешелігі 515 «Батыр ананың» шыққандығында екенін алға тартты.
Көрдік. Көңілге түйдік. Ананы ардақтаған ел озатынына тағы да бір көз жеткіздік. Әр жыл сайын Жақсықылышта жағымды жаңалық көрініс табатыны мұндағы мызғымас бірліктің нәтижесі шығар деген ойда қалдық. Негізі солай. Жергілікті әкімшілік пен №19 орта мектебі бірлесіп өткізген форумға ауданнан бірқатар бөлім, мекеме басшылары қатысты. Жанарларынан қуаныштың лебі ескен ақ жаулықты әжелер, алтын құрсақты келіншектер осынау берері мол бастамаға ұйытқы болған жандарға риясыз пейілмен ақ тілегін білдіріп жатты. Нәзік жандылардың көңілін шарықтатып, басын қосқан форумды аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Досымжанұлы ашып:
–Қазақ қашанда ананы ардақтап, қызын құрметтеген халық. Ұлтты тәрбиелейтін аналар десек, отбасы құндылығы осынау нәзік жандылардың адал болмысымен дараланады. Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді деп тектен-тек айтылмаған. Ел экономикасын өркендету жолында аянбай еңбек етумен қатар, бала тәрбиесін бірінші кезекке қойған жақсықылыштық жайсаң жандардың атқарған жемісті жұмыстары көптің көз алдында, – деп сөз сабақтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Бәрі керемет! Жер бетіндегі ең асыл адамды қадірлеген форумда бала тәрбиесіне ерекше басымдық берілді. Айталық, ата-анасын қарттар үйіне өткізген жас отбасының өкініші, немеренің ата мен әжеге деген сағынышы жиналғандардың ет жүрегін елжіретпей қоймады. Енді бір кезде ана мен әйел тақырыбында тағылымы мол өлеңдер оқылып, өн бойыңды сергітетін әндер шырқалды.
Мұнан соң зал төріне ғибратты ғұмырымен көпке үлгі болған аяулы әжелер, қымбатты қыз-келіншектер көтерілді. Ізгілік пен рухани құндылықтарды негізге алған шуақты шарада қоғамдағы белсенді әйелдердің беделін арттыратын ойлар қаузалды. Тіршіліктің тамыры, шаңырақтың ұйытқысы деген атқа ие әйелдің мемлекеттік істер мен саяси мәселелерге араласуы тіршілік кешіп отырған ортамыз үшін маңызды екені тілге тиек етілді. Әйел-ана туралы Жүрсін Ерманнан артық кім айта алған десеңші. Аузына Алла сөз салған ақын:
«Қай жерде, мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні-әйелде деп жырлағаны баршаға аян. Шындық. Қазақстан бойынша статистика бюросының соңғы 3 жылдағы есебіне сүйенсек, 2020 жылы 425 мыңға жуық бала өмірге келсе, 2021 жылы көрсеткіш алға басып, жарық дүние есігін ашқан сәбилер саны 455 мыңға жеткен екен. Санымыздағы еселенген цифрды не үшін айтып отырмыз. Жақсықылыш кентінде де балам-бағым деп білген аналар жетіп артылады.Форум аясында кенттегі 500-ге жуық сәбидің кіндік шешесі Мәрия Сапарқызына құрмет көрсетілді. Бұдан бөлек, бір кездерде аудандық мәслихаттың депутаты атанған «Аралтұз» комбинатының жұмысшысы болып жүріп, Мәскеуде өткен бүкілодақтық 19 съезіне делегат болып сайланған "Еңбекте үздік" медалінің иегері Қиғаш Молдахметқызына да қошемет жасалды. Сондай-ақ №19 орта мектепте сапалы білім, саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаз 40 жылдық еңбегінде 200 мыңнан аса шәкіртті қияға қанаттандырған Талайлы Ойнарқызы да дәріптелді.
Иә, айта берсек, құрметтілер көп. Олар хақында кейінірек жеке-жеке тоқталармыз. Барлығы дерлік еңбекпен есейген, қай істе де сала саңлақтарына айналғандар. "Тәрбие–тал бесіктен" дейді. Бұл ата-ананың баласын ибалы етіп өсірудегі рөлін аңғартса керек. Қазіргі таңда көптің санасында балатәрбиесіне тек мұғалімдер ғана жауапты деген жаңсақ түсінік бар. Алайда, бұл бұрыс пікір. Бала тәрбиесіне тек педагогтар ғана емес, ата-ана да тікелей атсалысуы тиіс.
Құрметті қонақтар ретінде шақырылған аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Нұрқожақызы, аудандық аналар қоғамының төрағасы Лаура Қолғанатқызы, аудандық халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөілімінің басшысы Ғалия Тоғысқызы, Абай атындағы орталықтандырылған кітапхананың директоры Жанар Әлішева, аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Абай Елешов, аудандық мәслихат депутаты Ардақ Қанибайұлы, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Қанағат Махамбетова өзгеше өрілген форум барысына таңданыстарын жасырмай, бағаларын берді.
Жалпы, әрбір жемісті істің қайтарымы болады, еңбек еленеді. Оған дәлел форум аясында лайықты марапат десек қателеспейміз. Ұйымдастырушылар тарапынан үздіктерге құрмет көрсетілді.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ 
22 сәуір 2023 ж. 264 0