Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тәрбиесі – баршаның ісі

Бала тәрбиесі – баршаның ісі

Өткенім мен бүгінгі уақытта бала тәрбиелеу жөнінде қоғамда болып жатқан жайттарды ой елегінен өткізе келе қалың оқырманға өз ойымды жеткізуді жөн көрдім.Бүгінгі таңда бала тәрбиесі өзекті мәселенің бірі болып отыр.Біздің уақыттағы кеңес өкіметі тұсында баланы тәрбиелеудің басты қағидасы партияның ұстанымдары бойынша қалыптасса,бүгінде ол келмеске кетті.
Бүгінде қоғам алдында баланың өсіп жетілуі ата-анаға тікелей байланысты. Ертеңгі күнді жалғастыратын – ұрпақ.Қоғам отбасынан құралады.Ал отбасы ата-анамен баладан тұрады.Отбасының шайқалмай берік тұруы ата-ана мен балаға байланысты.Ата-ана үшін өмірдегі ең үлкен қуанышы баласы болса, бала үшін де ата-анасынан қымбат ешкім жоқ.
Меніңше ата-анамен баланың ортасында дұрыс тәлім тәрбие,күнделікті тығыз байланыста болуы керек.Баланың тәрбиесі анасының құрсағынан басталып,жарық дүниеге келгеннен кейін, жөргегінен бесікке дейін, яғни айтқанда бала тәрбиесі бесіктен басталады. «Ел болам десең,бесігіңді түзе», «Баланы жастан» деген ұғым осы кезеңнен басталған.Дүниеге келген бала ең бірінші анасын таниды,анасына әуілдейді,анасын емірене емеді,анасын иісінен біледі.Анасы құшағындағы перзентін ибалы,инабатты перзент етіп өсірсе,әкесі баласын адамгершілігі мол,ала жіпті аттамайтын,еліне адал,бауырмашыл етіп өсіреді.Өмірге келген ұлы мен қызына бірдей қарап,бөліп жармай әрқайсысын өз орындарын біліп,әділетті болуларына тәрбиелейді.
Менің ұғымым отбасында бір мәселе бойынша әңгімелесетін болсақ, балалардың көзінше әңгімелеспеген абзал.Бала алдында дөрекі сөйлеуден,біреуді балағаттаудан,біреудің сыртынан ғайбат сөз айтудан сақтанған жөн.«Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бала отбасынан не көрсе сол ойында қалады.Отбасында үлгілі, әдепті болуы тиіс.Балаларымыздың жағдайын жасап,олардың жоғары білім алып,белгілі мамандық иесі атанып,иманды,адамгершілігі мол азамат етуге тәрбиелеу және де жақсы мен жаманды,күнә мен сауапты үйрету ата-аналық міндетіміз.Ата-ана баласына өтірік айтпауы қажет. Бүгінгі бала – елдің ертеңгі болашағы.Материалдық жағдайды жақсартамыз деп күнделікті күйбең тіршілікпен айналысып, үйдегі баланың жағдайына мән бермей кетеміз.Осындай жағдайда баланың ойын,кімдермен араласып жүргендігі, күнделікті сабағын оқыған-оқымағандығын,болашақ өмірге дайындығы, арман-мақсаттары тыңдалмай ескерусіз қала береді.Осындай жағдайда бала көшедегі көргендерін,теледидарда жүгенсіз кеткен ғаламтордағы бұзақы көріністерді қызықтап,жағымсыз әдеттерге бой алдырады.Бала бойында өшпенділік, қатігездік пайда болады.Кеуіліне ұнамаған адамдарға озбырлық көрсетіп,өз өміріне балта шабады.Осы кезде барып опық жейміз.Бір-бірімізді кінәлаймыз,тіпті мектеп оқушысы болса мектептегі мұғалімдерді кінәлай бастаймыз.Солардан болды дұрыс оқытпады,дұрыс тәрбие бермеді деп кінәлаймыз.Таяқтың бір ұшы өзімізге тиетінін білмейміз.Мұғалім не істейді,оқытқан оқушысы жаман болсын,тәртіпсіз болсын деп оқытама?Мұғалім бойындағы бар білімін,тәрбиесін баланың бойына сіңіре біледі.Оқытқан оқушысы білімді,саналы азамат болса екен деп тілеуін тілейді.Баланың бойында бір өзгерістер болса, ата-анамен тікелей байланыс жасайды,оны көріп жүрміз.
Бала мектепте бар жоғы 6-7 сағат болады, қалған 17 сағат үйінде немесе әртүрлі іс-шараларға қатысады.Жоғарыда айтқандай, баланың ата-анасы азаннан кешке дейін жұмыста болғандықтан,баласының бос уақытында немен айналысып жүргендігін бақылай алмай қалады.Сондықтан балдардың өтпелі кезеңінде бір-бірімізді кінәламай, мектеп пен ата-аналар арасында тығыз байланыста болуымыз керек.Бұл дүниеде ата-ананың қуанышы,арманы,дүниеге келген перзентінің амандығы,адамгершілігі,еліне деген сүйіспеншілігі,ата-анасына деген мейірімділігін күтеді. Ал мәпелеп өсірген ұрпағы «ата-анамыз бізді мәпелеп өсірді,ер жеткізді,азамат болуымыз үшін қолдарынан келген барлық мүмкіншілігін жасап түн ұйқысын төрт бөліп тәрбиеледі.Сондықтан бізде ата-анамызға құрмет көрсетіп,қартайған шағына дейін олардың көңілін қалдырмай соңғы деміне дейін аялап қарауымыз қажет» деп ойлауы керек және де елдің болашағы өздерінің қолдарында екендігін ұмытпауы қажет.«Ел болам десең,бесігіңді түзе» деген.Бір-бірімізді кінәламай,қоғамда болып жатқан әртүрлі жағымсыз әрекетерден алдын ала сақтанып,отбасылық құндылығымызды арттыруымыз қажет.
Ой түйіндеме: мектеп оқушылары өздерінің оқып жүрген мектеп абыройын арттырып, бір-біріне деген достық,бауырмалшылдықтарын арттыру қажет. Ертең мектеп бітірген кезде бір-бірін қимай,ажырамайтындай дос болатындығын,өскен кезде өмір заңдылығымен әрқайсысы әр тарапта жүрсе де оқыған мектебін, ұстаздарын,сыныптас достарын сағынатындығы ақиқат.Сондықтан мектеп табалдырығын аттағаннан бастап балалар бір-бірімен бауырмашыл дос бола білу керек.Сонда ғана біздің болашағымыз кемел болады.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлеркеңесінің төрағасы
04 мамыр 2023 ж. 256 0