Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тәрбиесіндегі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүннеті

Бала тәрбиесіндегі Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүннеті

Жалпы ұрпақ тәрбиесіне дана халқымыз қашанда бей-жай қарамағаны белгілі. Ал біз ұстанған ислам діні бала тәрбиесі туралы маңызы зор толғамдар мен пайдалы насихаттарға толы. Осы тұста баланы жазасыз тәрбиелеудің өнегелі үлгісін көрсетіп кеткен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)- ның хадис оқиғасы көпке үлгі боларлықтай. Бірде бір кісі бақшасында өсіп тұрған құрмасына тас лақтырған баланы пайғамбарымызға алып келді. Құрма иесі шағымын айтып, қабағы қатулы күйде баланы қалай жазалау қажеттігін сұрайды. Сонда Алла елшісі жайдары жүзбен, күлімдеген кейіпте: «Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?» деп сұрайды. Сонда әлгі бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді» деп жауап береді. Мұхаммед (с.ғ.с) балаға: «Жерге түскенін жей ғой, бірақ енді құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?» деді.
Содан кейін баланың басынан сипап, оған былай деп дұға жасады: «Уа, Алла Тағалам! Бұл баланың қарнын тойдыра гөр!» деп. Біз осы оқиғадан бірнеше сабақ алуымыз қажет. Біріншісі – ол жұмсақтық. Себебі бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейіріммахаббат оянбайды. Осы ретте Ардақты Пайғамбарымыз балаға «балапаным» деп тіл қату арқылы оның жүрегіне жылулық сыйлай білді. Сондай-ақ жылы сөзбен не үшін құрма ағашына тиіскенін біліп, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге тырысып, баланы тыңдай білді. Бұл балаға тура жол көрсету болып саналады. Хақ елшісі (с.ғ.с): «Жерге түскенін жей ғой, бірақ енді құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?» деді. Осы себепті баланың қате-кемшілігін бетіне басу – орынсыз, себебі бала өз қателігін өзі түсініп, көз жеткізуі дұрыс болып табылады. Кателігінен сабақ алған бала, ол саналы түрде ендігәрі жат қылықты қайталамауға тырысатын болады. Ал балаға дұға жасау ісіне келетін болсақ қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған:«Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деген қанатты сөз қайырлы ұрпақ тілеуден туған ниет дұға іспеттес. Иә, халқымыз қашан да ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына үлкен жауапкершілікпен қараған. Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып, бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өсетіні хақ.
Осы тұста табиғиндер заманында өмір сүрген бір ғалым өзінің балаларына тәлім-тәрбие беріп жүрген мұғалімге: «Сенің ең алғашқы ісің өзіңді дұрыстауың. Расында балалардың айыптары сенің айыптарыңа байланысты. Сенің істеген әр ісің олар үшін қайыр жақсылық, ал сенің жасамаған ісің олар үшін жаман» деген екен. Мәселен, әлі тілі шықпаған сәби намаз оқып тұрған әкесін көріп өссе, оның намазға деген көзқарасы қандай болатынын пайымдай беруге болады деп ойлаймын.
Осы ретте хәкім Абайдың: «Баланың жақсы болмағы бірінші – ата-анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан», – дегенін ескерсек, еркін ойлы, білімді де тәрбиелі, бәсекеге қабілетті, ұрпақ тәрбиелеуде аталған үш негіздің маңыздылығын көреміз. Ендеше, ұрпағымызға ең жақсы тәлімтәрбие беруге тырысайық.

А. МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
22 қараша 2022 ж. 311 0