Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тырысқақ ауруынан сақтанайық

Тырысқақ ауруынан сақтанайық

Тырысқақ – адамдар ғана ауыратын, қоздырғышы нәжіс-ауыз механизмімен берілетін, жедел энтеритпен, ауыр дәрежедегі су, тұз, белок алмасудың бұзылуымен, ағзаның улануымен сипатталатын аса қауіпті жұқпалы ауру.
Аурудың өліммен аяқталатын ауыр ағымы, бүкіл дүние жүзіне таралуға өте жоғары бейімділігі, қоздырғышының тіршіліктік ортада ұзақ сақталып, көбеюі оның клиникалық, эпидемиологиялық тұрғыдан өте қауіпті екендігін байқатады.
Инфекция көзі-ауру адам немесе ауру тасымалдаушылар. Жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 5 күнге дейін, әдетте 2-3 күн.
Қоздырғыштың берілуі механизм мен жолдары:
Қоздырғыш сау адамдарға қоздырғыш бөлушіден нәжіс-ауыз механизмі арқылы жұғады. Берілу факторлары: Нәжіс, құсық, залалданған су, тағам (әсіресе сүт), лас қол, тұрмыс заттары, шыбын т.б. Қоздырғыштың берілу жолын анықтаушы фактордың айқындалып бөлінуі нақты елді мекендегі коммуналдық жағдайға, тұрғындардың санитарлық деңгейіне, әсіресе ауыз сумен азық-түліктің сапасына байланысты. Қоздырғыштың ену қақпасы ауыз қуысы, әрі қарай асқазан-ішек жолдары. Асқазан сөлінің қышқылдығынан енген қоздырғыштар өледі, егер қоздырғыш қышқылдық тосқауылдан өтсе, ағзаның ферменттік жүйесін зақымдайды. Іш өту мен құсу ағзаның сусыздануына, тұздануына, қанның қасиетінің өзгеруіне, қышқылдық сілтілік тепе-теңдіктің бұзылуына, өмірлік маңызды ағзалар мен жүйелердің қызметінің бұзылуына ұласады. Аурудың ауырлығы мен ағымның қарқыны іш өтудің дәрежесіне байланысты. Ауыр дәрежелі іш өтуде алғашқы 10-12 сағатта-ақ науқас ауыр жағдайға түсуі мүмкін. Эпидемиялық аймақтарда ауруға шалдығатындар негізінен 5 жасқа дейінгі балалар.
Cақтану шаралары: Қайнаған ауыз су пайдалану, жеміс-жидекті жуылған түрде қолдану, іш өту жие қайталанған кезде тез арада дәрігерге көріну.
Алдын алу шаралары: Қазіргі таңдағы ауа-райының шамадан тыс ысуын ескере отырып, халықтың суға шомылуына көп баратын жерлерінде қауіпсіздік шараларын сақтап, суға шомылуға ұлықсат берілмеген жерлерде суға түсуден сақтану қажет. Жеке бас гигиенасының ережелерін орындау, сапалы қауіпсіз ауыз су мен тағамды пайдалану, аула мен үй тазалығын сақтау, жеміс –жидекті жуылған түрде асқа қолдану, іш өту жиі қайталанған кезде тез арада дәрігерге көріну қажеттілігін естен шығармауымыз керек.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы
11 мамыр 2023 ж. 445 0