Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өз ісінің майталманы

Өз ісінің майталманы

Энергетика саласы – адам өміріне ауадай қажет мамандық.Ұдайы тиянақтылық пен ұқыптылықты қатаң қағидаға айналдырған энергетиктер қателікке жол бермеуді басты назарда ұстайды. Шындығында адам өміріне қауіп төндіретін салада жұмыс істеу асқан жауапкершілікті, тиянақтылықты талап етеді. Қапелімде орын алған қателік орны толмас шығынға ұшыратады. Көзге көрінбейтін, иісі шықпайтын, өздігінен ұстап көре алмайтын тоқтың қуаттылығы жоғарылаған сайын адамға да қауіптілік еселенеді. Әр істі елеп-екшеп, мұқият жоспарлап, сақтықты назарда ұстау – кәсіби маманның міндеті. Орынсыз олқылықты болдырмау үшін жұмыс барысында түбегейлі ұтымды шешім қабылдау маңызды. Себебі электр жүйесінің тұйықталуы мен зақымдалуын уақытында қалыпқа келтіруде түрлі қиындықтар кездесетіні рас.
Ісі мен сөзі сай келіп, білімі мен білігі ұштасып, жауапкершілік жүгін арқалағандардың қатарында бүгінгі кейіпкеріміздің де есімі ерекше аталады. Энергетика саласының ауыртпашылығын «берекелі күннің ризығы» деп ұғатын еңбек адамдарының елеулі істерін қалай мадақтасақ та жарасады. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз –энергетика саласына өмірінің 30 жылын арнаған білікті маман, Арал аудандық электр торабы мекемесінің бас инженері Амантай Қарамырзаев.
Амантай Бөріқұлақұлы 1963 жылы Арал ауданы, Қасқақұлан ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ол – №199 орта мектептің түлегі. Мектеп бітірген соң Шымкент қаласындағы кәсіптік-техникалық оқу орнында "КИП автоматика" мамандығы бойынша білім алып, фосфор зауытында еңбек етеді. Одан кейінгі жылдары "Аралрыбпром" өндірістік бірлестігінде жұмыс істейді. Қашанда жауапты мамандықта шыңдалып, әр-кез қырағылық танытатын кәсіби маман – энергетик болуды қалаған кейіпкеріміз 1985 жылы Ресейдің Ульяновск қаласындағы политехникалық институттың "Энергетикалық факультеті" бөліміне түсіп, оны 1991 жылы "инженер электрик" мамандығы бойынша тәмамдайды. Сөйтіп жас маман еңбек жолын сол кездегі қаладағы №41647 әскери қалашықта ДЭС инженері қызметінен бастайды. Осы тұрғыда Амантай Бөріқұлақұлы:
– Мамандық таңдауда жаңылыспай, ха¬лыққа қызмет етуді мақсат тұттым. Осы кезге дейін түрлі қиындықты бастан өткердік. Олқылық пен салғырттыққа бой алдыру кәсіби маман үшін кешірілмейтін дүние. Сондықтан да өз салам бойынша үнемі ізденіп, ұтымды әдісті қолдануға тыры¬самын. Сонау 1994 жылы Арал аудандық электр торабы мекемесінде энергетик ретінде еңбек жолымды оперативтік шұғыл бригадасының диспетчерлік қызметінен бастадым. Бұл мекемеде тұтынушылардың электр қондырғыларын қадағалаушы, электр энергиясын есептеу және тұтынушылармен жұмыс жасау инженері және осы мекеме бастығының электр энергиясын есептеу жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Саланың қыр-сырын меңгеріп, технологиялық ерекшеліктерін игеруге, мол тәжірибе жинақтауыма өз ісінің мамандары Қанағат Абибуллаев пен Кішкене Садықов ағаларымның көп көмегі болды,–деді ағынан жарыла.
Қазіргі таңда бір мекемеде ұзақ жыл қызмет атқарып келе жатқан бас инженер осы салада өткерген талай қиыншылыққа да тоқталып: «Еліміз егемендік алып, заман талабына сай нарық кезеңіне өту кезінде 1996-2000 жылдары аудан көлемінде электр энергиясының жиі сөнуі, жұмысшылардың жылдап жалақы алмауының кесірінен көптеген маманның жұмыстан шығуына әсерін тигізіп, маман тапшылығы сезілді. Мекеме қиын уақытты басынан өткерді. Сол қиындықтарға қарамастан білікті мамандарымыз кейінгі жас буынды тәрбиелеп, шыңдап, жақсы мамандарды дайындап қатарға қосты», – деп сол бір кезді еске алды.
Ауданның халық саны жыл сайын көбеюде. Бұл тұтынушыларды үзіліссіз электрмен жабдықтауға тікелей жауапты мекемеге үлкен жауапкершілік жүктейді.Жылу, сумен қамту және адамды өмірлік жайлылықпен қамтамасыз ету толығымен бәрі электр энергиясына байланысты. Міне, осы салада қаншама жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп келе жатқан сала маманының еңбегі де салалық басшылық тарапынан бағаланып келеді. Амантай Бөріқұлақұлы әр жылдары салалық басшылықтың Алғыс хатымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Өз ісінің нағыз маманы ҚЭЭҚ «Еңбегі сіңген энергетик» төсбелгісін еншілеп, «Тәуелсіздікке –30 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тақты. Еңбектің өтеуі деген осы болар.
Атам қазақ "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы" деп бекер айтпаған. Осы орайда кейіпкеріміздің шәкірттері, жұмысын электромонтерден бастап, бүгінде тарату торабының шебері қызметін атқарып жүрген Руслан Бахрадинов пен Нұрболат Құлахановты сөзге тартқан едік.
– Ол аудандық электр жүйелерінің ең тәжірибелі және техникалық сауатты бас инженерінің бірі. Техника жағынан өте сауатты және ауданның жүйелері мен қосалқы станцияларын өзінің бес саусағындай білетін маман. Саналы ғұмырын энергетика саласымен байланыстырған Амантай ағамыз ауданымыздың энергетика шаруашылығының барлық звеноларын біледі. Біздің кәсібіміздің басталу жолында бізге берген теориялық және практикалық білімдері мен баға жетпес тәжірибесі үшін алғысым шексіз, – дейді жас мамандар.
Өндірісте өз орнын тапқан кейіпкеріміз бүгінде Құдай қосқан қосағыГүләйіммен үш бала тəрбиелеп, ұрпағының қызық-қуанышын елінің ортасында базарлап отырған абзал азамат. Жұбайы Гүләйім ұзақ жыл бойы Арал теңізі обаға қарсы күрес стансасында лаборант болып абыройлы қызмет етіп келеді. Олар балаларын өсіріп-тәрбиелеп, жоғары білім алып берді, ал кенже қызы мектеп қабырғасында білім алуда. Қазақта "Қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын" деген керемет сөз бар. Шаңыраққа келін түсіріп, шаттыққа бөленіп отырған отбасы иесі Амантай Бөріқұлақұлы биыл асқаралы 60 жасқа толып отыр. «Адамдар сенен көмек сұраса қол ұшын созудан бас тартпа» деген ұстаныммен өмір сүріп, абырой жиған абзал азаматтың еселі еңбегі көп жанға үлгі болары анық.
Біз де еңбекпен есейіп, мерейлі жасқа жетіп отырған абырой биігіндегі арда азаматтыңқызметіне сәттілік, отбасына амандық тілейміз.
К. МАХСҰТ
23 мамыр 2023 ж. 201 0