Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Белсіздік пен бедеулік белең алып барады

Белсіздік пен бедеулік белең алып барады

Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасылардың әрбір 5-6-шы отбасы перзентке зар болып жүр. Жалпы, отбасылардың 15-20%-ы осындай қиындықтармен бетпе-бет кездеседі дейді халықаралық статистика. Дерек көздеріне қарағанда, елімізде қазір 9467 әйел адам бала көтере алмайтындардың тізімінде тұр. Ал мыңнан аса еркек – белсіз. Мұның салдарынан ажырасу факторы көбейді. Осыны назарға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің отбасылық-демографиялық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосты.
Қазақ «балалы үйді базарға» деп санап, дүниеге ұрпақ әкелуді, өсіп-өнудің адамның мына дүниедегі ең басты парызына, баянды бақытына балаған. Кезінде ат үстінде жаугершілікпен күн өткізген бабаларымыз басынан талай қиын-қыстау күнді өткерді. Онан кейін де заманның талай теперішін көріп, халық саны азайды. Аналарымыз «алтын құрсақ» атанып 10-15-тен бала тапқандығының нәтижесінде ұлт ретінде жойылмай аман қалдық. Ал қазір ұлтымыз ұрпақсыздық індеттің шырмауына шындап шырмалғандай. Алайда мамандар бедеуліктің белең алуы бізде ғана емес, күллі дүние жүзіндегі тенденция дейді. Не дегенмен де, бедеулік пен белсіздік демографиямызды ақсататын үлкен кесел болып тұр. Қазір бедеулік әйелдердің 45 пайызына тән болса, белсіздік ерлердің 40 пайыздық үлесін алып отыр.
Гинеколог дәрігерлердің айтуынша, егер әйел мен еркек үйленіп, бір жыл бойы сақтанусыз, тұрақты қатынаста болып жүктілік пайда болмаса, бұл бедеулік болып саналады дейді.
– Әйел бедеулігі екі түрге бөлінеді. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі – жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің даму ақауы, яғни жатыр мен аналық бездің жетілмей тууы басты себеп. Жүре пайда болған бедеулік әртүрлі ауруларға, саламатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайды. Сондай-ақ жас кезде түсік жасату да сәби сүю мүмкіндігінен айырады. Оның ішінде ең басты орында эндокрионды бедеулік тұр. Бұл дегеніміз әйелдердің шамадан тыс семіздігінің салдарынан болатын мәселе, – дейді аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің акушер-гинекологі
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыдан бес жыл бұрын әлемде қанша жұп бедеулікке шалдыққаны туралы мәлімет жариялаған. Онда 50 миллионға жуық адам осы кеселге ұшырағаны айтылған. Ал қазір бұл сан сөз жоқ, өскені анық. Бірақ аталған ұйым бедеуліктің санымен емес, оның себеп-салдарымен күресіп әлек. Әлемнің белгілі ғалым-сарапшылары да бедеулік мәселесінің дәл қазіргі заманда неліктен өршіп кеткені туралы әртүрлі болжамдар айтуда. Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, бедеулік пен белсіздіктің белең алуына тамақтану үрдісінің өзгеруі мен экологиялық факторлар көп әсер етіп жатыр. Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз табиғи құрамынан баяғыда алыстап кетті. Ас-суымызда небір бояғыштар, дәм күшейткіштер, химиялық қоспалар көбейді. Содан кейін адамзаттың бөлінбес бөлшегіне айналған микротолқынды пештер, компьютер, ұялы телефондар да бедеулікті асқындырып жіберген. Сондықтан ғалымдар ұялы телефонды қалтаға жақын ұстамау, қуат көзі 5 пайыздан төмендегенде оны қолданбауға кеңес береді.
Бедеулік пен белсіздікке апаратын тағы бір қауіпті кесел жөргектен келіп тұр. Аналардың жаялық жуу машақатынан арылып, баланың жөргекке таңғанына да 20 жылға жуық уақыт болыпты. Сол балалардың алды қазір отау құруда. Бұл химиялық қоспалармен жасалатын бір реттік қолдануға арналған заттың өсіп келе жатқан баланың ағзасына тигізетін қаупі жоғары. Әлгіндегі жөргекке баланың «кіш» еткізген дәреті тамған кезде ол ып-ыстық болып кетеді. Сонан соң дәрет жөргектің келесі қабатына өтеді. Бастапқыда мақта тәріздес болып тұрған жөргектің сіңіргіш қабаты дәрет түскенде ылғалды кристалл тәріздес түйіршіктерге айналып шыға келді. Және жөргек киген баланың денесіне ауа бармайды. Осындай қысқа аралықта аталық бездің дамуын тежейді. Осының нәтижесінде күні бойы бөбек денесінің 30% жауып тұрған бұл жаялық, жыныс мүшесін қатты әлсіретеді. Салдарынан ұрпақсыз қалу қаупі бар. Борбайқап баланың зәрін ғана сорып жатқан жоқ, бойдағы нәрін сорып жатқаны тағы бар.
Қимыл-қозғалыстың аздығы да бедеуліктің көбеюіне себеп болып отыр. Осы мәселе төңірегінде жан-жақты зерттеу жасаған Кембридж университетінің бір профессоры: «Қазіргі заманда әйелдердің арасында бедеуліктің жиілеуі олардың аналық емес, материалдық, мансаптық құндылықтарды жоғары қоюынан болып отыр. Себебі әйелдердің қан айналымы жатырға емес, миға кетіп жатыр», дейді. Сондықтан бала туу жасындағы әйелдер алдымен мансапты емес, ана болуды алдыңғы кезекке шығарғаны жөн деген пікірде.
Бала өрбіту, өмірге ұрпақ әкелу – тек әйелдердің мәселесі емес. Өмірге дені сау, саналы баланың келуіне еркектердің де үлесі үлкен. Бірақ бедеулік мәселесі туындай қалса, оған бірден әйелді кінәлаймыз. Адам санасы өзгеріп, заман сан құбылса да мұндай сыңаржақ көзқарас әлі де бар. Әсіресе қазақтың қалыптасқан санасы балалы бола алмаудың кінәратын алдымен әйелге артып қоюға бейім. Бірақ статистика басқаша сөйлейді. Қазіргі таңда бедеу әйел мен белсіз еркектің саны бірдей, яғни некелескен жұптарда баланың болмауына еркек те себепкер. Әлемде де, соның ішінде Қазақстанда да аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген. Оны мойындамауға ләж жоқ. Аудандық аурухананың хиругия бөлімшесінің меңгерушісі, уролог дәрігері Әмірхан Жүсіпов:
– Еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Ал екеуінің де денсаулығының дімкәстігінен балалы болмау 30-40 пайызды құрайды. Сондықтан біз ерлі-зайыптыларды бірдей медициналық тексеруден өткіземіз. Алайда ер-азаматтар тексерілуге онша құлықты емес. Көбі оны өздерінше намыс көреді. Тіпті еркектердің 60 пайыздан астамы дәрігерлерге жоламайды. Еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі түрлі қабынулар, яғни, аталық без бен қуық асты безінің қабынуы, жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді. Жалпы, ерлі-зайыптылар бала сүю мәселесін мейлінше 35 жасқа дейін шешіп алғаны жөн. Өйткені, жас ұлғайған сайын генетикалық өзгерістердің әсерінен ұрықтың сапасы нашарлап, балалы болу мүмкіндігі азаяды, – дейді дәрігер.
Түйін. Дұрыс тәрбие, дұрыс тамақтану, дұрыс өмір сүру салты – ұлтты сапалы етудің, ұрпақты көбейтудің басты шарттары. Дегенмен де бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Ең бастысы, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу. Ол үшін сабырлылық пен төзімділіктің де алар орны ерекше екені сөзсіз. Бұл – бақытты отбасылардың көбінде үстемдік құрған басты қағида.

Назерке МАРАТҚЫЗЫ
04 маусым 2023 ж. 454 0