Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолөнер – сырлы өнер

Қолөнер – сырлы өнер

Рухани байлығымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі – қолөнер екендігі белгілі. Халқымыз ерте кезден түрлі бұйымдар дайындап, қолөнер саласын бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Иә, қазіргі кезде халқымыздың қолөнері қарқынды дамып келеді. Осы тұста қазіргі жас буынға салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттап, игілікті іспен шұғылданып келе жатқан Эльмира Сайранқызы жайында әңгімелеп өтелік.
Ауданға белгілі, жанұясымен кілем тоқудың қыр-сырын жетік меңгерген Нұралиевтер отбасынан тәрбие алған Эльмира Нұралиева 2003 жылдан бастап Арал аудандық оқушылар үйінің «шебер қолдар» үйірмесінің қосымша білім беру педагогы болып қызмет етіп келеді. Сонымен бірге Эльмира ата-анасының ізімен жүріп, кілем тоқумен шұғылданады. 21 жыл қолөнер шебері ретінде жұмыс істеп келе жатқан Эльмира Сайранқызы бірнеше мәрте аудандық, облыстық байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп келе жатқан шебер-ұстаз.
–Көне дәстүрді көздің қарашығындай етіп сақтап және оны одан әрі байытып келе жатқаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Алғаш әкем Сайран Нұралиев 1973 жылы айдынды Арал қаласында кілем тоқу цехын ашқан болатын. Яғни тұрмысқажетін өтеу комбинатында кілем, тоқыма тоқитын цех ашты. Әкем мен анамның жолымен жүріп, мен де әсемдік пен көрнекілікке толы қолөнер саласына бетбұрдым. Міне, осылайша оқушы балаларға қолөнер бұйымдарын үлгі ету мақсатында арнайы үйірме ашып, бүгінге дейін оқушы тәрбиелеп келемін. Негізі жылда 3-4 оқушы осы сала бойынша таңдау жасап, оқуға түседі. Ал қазіргі кезде 4 топта 15 оқушыдан 60 оқушы бар. Ай сайын 4 панно жасап шығарамыз. Мұнан кейін жыл соңында шығармашылық көрме жасаймыз,–дейді қолөнер шебері Эльмира Сайранқызы.
Игі істердің бастамашысы бола білген Эльмира Нұралиеваның қолөнер саласындағы өте ерекше бұйымдары жетерлік. Соның бірі, өзгеше әдіспен дайындалатын «қалдықсыз технологиядан жасалатын тұмарша» болып отыр. Атаулы тұмарша туралы Эльмира:
–«Қалдықсыз технология» деп аталатын жобамды наурыз айында облысқа барып, арнайы қорғап келдім. Соның нәтижесінде үйірмелердің ішінде үздігі атанған болатынбыз. Атаулы жобамды өзге де қолөнер шеберлерінің сабақ жоспарларына енгізуге болатындығы жөнінде де айтылды. Мұндай идеяны бастамас бұрын аудандағы тігін шеберханаларынан ауысып қалған жарамсыз маталарды арнайы қапқа салып, қоқысқа тастайтынын назарға алдым. Сондай жарамсыз маталардың ішінде түрлі әдемі түстері жатады. Сол түрлі-түсті маталарды жинақтай отырып,7 түрлі түспен 7 қатар салып тігіп, 3 түрлі түстен 8 орам орап шығаруды жоспарладым. Кейін қаладағы белгілі бір тігін шеберханасына барып, қалдық маталарды алдым. Сол маталарды әкеліп, үйірмедегі оқушыларға бір көлемді етіп қиғызып шықтым. Сөйтіп бір көлемде түрлі-түсті етіп қиылған маталарды біріктіре отырып осындай «қалдықсыз технологиядан жасалған тұмарша» дайындадық. Бұл тұмаршаның бір жақсы жері 7 түрлі матадан тұрады. Қазақта жеті санын киелі деп санамақшы, жеті бәледен сақтайды деп сеніп жеті түсті қосуды жөн көрдім. Алғашқы кездері қызығып тіккен бұл тұмаршаны қасымдағылар сұрап, жан-жақтан сұраныс артты. Үйірмедегі балалар аналарына дайындап, сыйлық етіп қуантып жатыр,–дейді.
«Ата өнері – балаға мұра» демекші, ертеден келе жатқан рухани мұрамызды Эльмира Сайранқызы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге етіп келеді. Ине мен жіпті қолына алып, тың идеяға толы түрлі бұйымдар әзірлеп, шәкірттер тәрбиелеп ел алғысына бөленген кейіпкерімізге шығармашылық табыс пен сәттілік тілейміз!
А. НҰРЛАНОВА
06 маусым 2023 ж. 627 0