Қауіпсіз ойыншықтарды қалай дұрыс таңдауға болады?
Еуразиялық экономикалық одақ аумағында өңделетін барлық ойыншықтар балалар үшін қауіпсіз және талаптарға сай болуы керек. Балалар ойындары мен ойыншықтарының сапасы мен қауіпсіздігі "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" 008/2011Кеден одағының техникалық регламентімен нормаланады.
Балаларымызға ойыншық сатып алғанда неге назар аудару қажет? Ойыншық таңдар кезде ең алдымен жапсырмаға назар аударыңыз. Онда мынадай ақпараттар болуы тиіс:
1) өнімнің атауы;
2) Қазақстан Республикасының нарығында өнімді орналастыратын дайындаушының және (немесе) тұлғаның заңды мекен-жайы көрсетілген толық атауы;
3) ойыншықтың фукционалдық мақсаты немесе оның қолданылу аясы;
4) негізгі тұтынушылық қасиеттері және (немесе) сипаттамалары;
5) сәйкестік белгісі;
6) пайдалану жөніндегі нұсқаулық;
7) ойыншықты пайдалану кезінде ықтимал қатерлер және жасына қарай шек қою туралы ескертулер.
Осылайша, балалар ойыншықтарын таңдаған кезде, ата-аналар мына негізгі ережелерді есте ұстауы керек:
1) Ойыншықтарды белгіленбеген базарлардан алмай, балалар ойыншықтарын сататын мамандандырылған сату орындарынан алуы қажет. Базарлардағы сатушыларда өз тауарларына қажетті құжаттар өте сирек болады.
2) Қаптамада таңбалау болуы керек, яғни ол сенімді, тексерілетін, анық, оңай оқылатын, тексеру және сәйкестендіру үшін қолжетімді болғаны дұрыс, сонымен қатар өндіруші – фирма, өндіруші елі туралы, балалардың жас тобына сәйкес ақпараттарды қамтуы қажет.
3) Ойыншықтарды таңдағанда, оның иісіне назар аударған жөн, бұл оның сапасының нашар екендігінің жанама көрсеткіші. Ойыншықта өткір, жағымсыз, бөгде иіс болмауы керек.
4) Пластмассадан жасалған ойыншықтардың тек беткі жағы ғана емес, бүкіл массасы боялуға рұқсат етіледі. Оны ылғалды сүрткішпен немесе саусағыңызбен ойыншықтың бетін сүрту арқылы оңай тексеруге болады .
5) егер салфетка немесе саусағыңыз боялған болса, онда мұндай ойыншықты сатып алмау қажет.
6) Ойыншықтарда деформациялар, өткір жиектер, бұдырлар болмауы тиіс, ойыншықтардың бөлшектері берік болуы керек.
7) Ойыншықтар қауіпсіз, аллергия тудырмайтын табиғи матадан жасалғаны дұрыс.
8) Ойыншық және оның құрама бөлшектері балалардың тұншығуына байланысты қауіп тудырмауы қажет.
9) Баланың есту қабілетін зақымдауы мүмкін қатты немесе өткір дыбысы бар ойыншықтардан аулақ болыңыз. Ағзаны тыныштандыратын, әуенді дыбыстар шығаратын ойыншықтарды таңдаған дұрыс. Тұтынушы балалар ойыншықтарын таңдау кезінде сатушыдан сатып алатын ойыншықтың сәйкестігі сертификатын сұрауға құқылы.
Тұтынушыға арналған ақпарат нақты ойыншыққа бірге берілетін мәтіндік құжат (паспорт, заттаңба, жапсырма, пайдалану жөніндегі нұсқаулық) түрінде берілуі немесе ойыншыққа тікелей немесе оның орамасына (тұтынушы ыдысына) таңбалау түрінде түсірілуі мүмкін.
Тұтынушыға арналған ақпарат «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес мемлекеттік тілде және орыс тілінде берілуге тиіс. Егер аббревиатура дайындаушыны немесе өнімді нарыққа орналастыратын тұлғаны сәйкестендіруге мүмкіндік берсе, ақпараттың бір бөлігі қысқартылуы мүмкін. Мәлімделген ақпаратқа өнімнің сәйкестігі дайындаушы немесе өнімді нарыққа орналастыратын тұлға үшін міндетті болып табылады.
Ойыншықтың сапасы мен қауіпсіздігіне сонда да күмәнданатын болсаңыз, сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын сәйкестік туралы сертификатты сұрауға құқығыңыз бар!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы