Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Статистика неге құбылады?

Статистика неге құбылады?

Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың «біздің қазақ пайыз дегенді көп түсіне бермейді. Тек сүттің пайызын ғана ажыратады» деген әзілі бар еді. Онысымен еліміздегі көбейіп кеткен бақай есеп, сылдыр санға құмар отчетшыл қауымды сынағандағысы еді. Қолдай түстім. Айтса айтқандай-ақ бізде ел алдында есеп бергенде оң динамикадан басқа айтары жоқ әкімдер көп. Олар үшін «бізде анау саладағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда осындай пайызға артты» деп есеп беру ұранға айналып кеткен. Пайызын есептеп нақты өсімге көз жеткізгіңіз келсе өткен жылдың есебіне үңілуге тура келеді. Осылайша сіз білмекші болған статистика ізін құйрығымен жапқан түлкідей сумаңдай түседі. Ақыр соңында «өсім бар, дамып жатыр екенбіз» деп дамылдайсыз.

Жалпы әңгімемізге арқау болған статистика ғылымы жайлы аз-кем ақпар бере кетсек. Статистика білім саласы, бұқаралық әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен үдерістердің сандық және сапалық көрсеткіштерін зерделейтін ғылым болып табылады. Сондай-ақ қоғам өмірінің, әсіресе экономикалық және саяси сандық заңдылықтарын олардың сапалық мазмұнын сипаттайтын, ақпаратты жинап, өңдеуді, талдау мен жариялауды қамтитын қызмет саласы. Оның шығу төркіні әр түрлі қоғамдық тұтынушыларға, мал санына, жер-су көлеміне, дүние-мүлік және басқаесептерге байланысты болып келеді.
Статистика сөзі ғылыми әдебиетте XVIII ғасырда қолданысқа енді және алғашқыда «мемлекеттану» деген мағынада ұғынылды. Бірақ статистика ғылымы XVII ғасырдың ортасында «саяси арифметика» нысанында дами бастады. Ғылымдағы бұл бағыттың бастауында ағылшын ғалымы – Уильям Петти тұрды. Статистика терминін ғылымға 1746 жылы неміс ғалымы Готфрид Ахенваль өзі сабақ беретін Германия университетінде «Мемлекет ісін жүргізу» курсының орнына «Статистиканы» қолдануды ұсынды. Осыған қарамастан статистиалық санаулар бұдан да ерте жүргізілген болатын.Статистика XІV ғасырдың басында А.Кетленің және оның мектебі өкілдерінің еңбектерінде қоғамдық құбылыстардың заңдылықтарын зерделейтін ғылым мен құралға айналды. Қоғамдық құбылыстарды белгілі бір уақытпен және орынмен байланысқан нақты тарихи жағдайларда сандық тұрғыда зерделеу статистика ғылымының айрықша белгісі болып табылады. Заңдылықтарды тану және құбылыстардың дамуын айқындайтын факторларды анықтау үшін пайдаланылатын статистикалық сипаттамалардың өзіндік ерекшелігі олардың сандық және сапалық қасиеттерінің ажырағысыз бірлігінде. Сондықтан статистика ғылымы әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды талдауды өзіндік әдістер, тәсілдер, ережелер жиынтығы, яғни статистикалық әдіснама арқылы жасайды. Оны басқа да ғылымдар өз зерттеулерінде, тәжірибесінде қолданады.
Бүгінде сол статистиканың құрғақ цифрлары мен дәйексіз дәлелдемелері басқару тетіктерінің барлық сатысына барып жайғасты. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп мұндай әдет сонау Ұлттық Статистика Бюросынан басталған. Сіз тұрмақ аталған бюроның бұралаң сандарынан басы шелектей шенеуніктердің өзі сүрініп әлек. Әдетте сіз естіп жататын Ұлттық Статистика Бюросының жан басына шаққандағы халықтың шығыны мен табысы көңілге қонымды есеппен түйінделмейді. Сонау тұңғыш Президенттің тұсында әрбір отбасының орташа табысы 500 мың деп айды аспаннан бір-ақ шығарған жағымпаздардың жалған есебі халық арасында біраз ойталқы туғызғаны бар. Бүгінде сол есептің сарқыты әлі сақталыпты. Сұрай қалсаңыз қазіргі халықтың орташа табысы осындай мың деп, бірнеше жүз мыңдардың басын біріктіретін статистика орталықтары әлі де бар бізде.
Айталық сол статистикалық ресми мәліметке сүйенсек Қазақстандағы орташа жалақы 340 мыңға жуық теңгені құрайды екен. Халықтың жан басына шаққандағы табысы 160 мың теңгені құрайды. Қандай керемет. Шын мәнінде олай емес екенін сіз де жақсы біліп отырсыз ғой. Себебі ең төменгі жалақы 60-70 мың теңгені құрайтын қазіргі қоғамда орта жалақының одан 4-5 есеге көп болуы мүмкін емес. Оған қоса өткен жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтынын көрсеткен болатын. Яғни, инфляцияның өсуі, экономикалық тәуекелдердің артуы жағдайында аталған кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді. Солай емес пе?!
Осылардың осындай есебінен шаршап кеткен болса керек, жыл жігінде Парламенттің биік мінберінен үн қатқан мәжіліс депутаты Елнұр Бисенбаев:
– «Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді бізге. Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң Қазақстандағы орташа жалақы Европаны өкшелеп алған, ал жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз. Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ Ұлттық Статистика бюросы «10 жұмыртқа 490 теңге, айранның литрі 390 теңге, пияз 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасы 1000 теңгенің көлемінде» дейді. Оған қоса Статистика бюросының мәліметінше 2023 жылдың наурыз айында азық-түлік бағасы шамамен тек 21 процентке өсіпті. Шындығында мәселе одан әрі ушығып тұр. Кеше бүкіл аймақ бойынша Аманат партиясының мониторингтік топтары азық-түлік бағаларының өскенін анықтап отыр. Нәтижесінде пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Яғни, статистика мәліметінде көрсетілген бағалардың 1,5-2 есеге дейін 70-100 процентке өскені байқалады. Рас, қазір дүкенге баруға қорқасың. Баға күн санап өсуде, – деді.
Мұндай мәліметтер жоғарыдағы атқарушы билік өкілдеріне жақпайтын шығар. Алайда сандарды сөйлеткіш статистика бюросының берген мәліметі осы. Анығы сол «мен не деймін, домбырам не дейді» дегеннің кері келіп отыр. Мәселен біз тілге тиек еткен статистика бюросы жоғарғы үкіметке немесе тиісті минстрліктерге жалған мәліметтер ұсынды десек. Шешімді үкімет соған қарап қабылдайды. Міне, кемшілік осындайдан кетеді. Сондықтан мәлімет беретін статистика бюросы алдымен нақтылыққа және шынайылыққа жұмыс істеуі керек. Барды бар, жоқты жоқ деп көрсететін кезге жеттік. Айтақыны алдаусырататын, жазғаны жаңылдыратын жалғаншылдардың дәуренін ескі Қазақстанға еншілеуміз керек деп ойлаймын.
Сонымен еліміздегі Статистика бюросының жұмысын қатаң сынаған мәжілісмен Е.Бисенбаев бүй дейді:
– «Жалпы үкіметтің шешім қабылдарда жіберетін басты кемшілігі – жалған статистиканы пайдалануы. Статистика елдегі нақты ақпарат пен шынайы көрсеткіштердің бет бейнесі болуы тиіс. Дегенмен үкімет тарапынан қабылданған шешімдердің әлсіздігі көбінде қате мәліметтерге сүйенудің кезінде орын алып отыр деп есептеймін. Ұлттық Бюро жүргізетін статистика барынша шынайы, халықтың әлеуетін ашық көрсетуге тиіс. Сонда ғана қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, табысын арттыру мүмкін болады».
Түйін: Иә есепке келгенде есегі судан өткенше елпілдейтін отчетшыл қауымның салған ізі талайларға сылдыр сөз, сырғытпа сылтау боп қалмаса игі. Нақты ақпарат пен шынайы көрсеткіштерге жұмыс жасайтын жергілікті биліктің бары әзірге көңілге медеу. Біз сонау биік мінберден сөйлеп, халықтың тағдырымен ойнайтын жалған мәліметтерге жабысқыш қызметкерлерге таңбыз. Ұстаз алдында сабақ айтқан баладай тілге келгенде кібіртіктеп, не болса соны соға жөнелетін статистиктердің ендігі әрекеті нақты дәйектер мен шынайы көрсеткіштерге сай келуі керек. Әйтпесе ертегі мен аңыздан қазіргі халық шаршаған.Бүгінгі буынға жан-жақты даму мен лайықты қолдау керек. Ал ол үшін биік мінбеден үн қататын Ұлттық Статистика бюросы дұрыс ақпар айтып, дәйекті санды көрсетуі қажет деп ойлаймыз. Нәтижесінде министрліктер мен халық қалаулылары лайықты нәтижеге қарай әрекет ететін болады.
А. БИСЕНОВ
17 маусым 2023 ж. 196 0