«Толқында» том-том тарих бар
Түскі үзілістің уақыты. Жұмысқа ерте келген мені алдымнан бір қария қарсы алды. Әлдекімді күтіп отырғандығы жүзінен байқалып тұр. Қазақылық қасиеттен аттамай, ағамызға қос қолдап сәлем бердім.
– Ассаламуалейкум, аға!
– Уағалейкумассалам, балам! – деді де отыра берді. Редакцияға келген себебін сұрамақ болып, сөзге тарттым.
– Кімді іздедіңіз, аға? Қандай шаруамен келдіңіз? – дедім. Ол да маған қарап:
– Өзің кім боласың, балам? – деп кері сұрақ қойды. Есімімді айтқан бойда тани кетті. Өзге де әріптестерімнің есімін ескі танысындай айтып жатыр. Ауданның төл басылымы «Толқынның» тұрақты оқырманы екенін анық аңғардым. Сөйтті де:
– Балам, «Толқынға» жазылайын деп келіп едім, – деп шаруасына көшті. Сөзінің астарынан басылымының бағасын аңғартқан ағамызбен ары қарай әңгімелей түсуді ойлап, мен де тағы сұрақ қойдым. Әр сауалыма байыппен жауап берген кейіпкеріміз Отаралы Омаров:
– Мен Жамбыл ұжымшарында дүниеге келгенмін. Құрылысшы мамандығы бойынша білім алдым. Одан бөлек ауылдың ыңғайына қарай да еңбектің қай түрін болса да жасай білдім. Теңіздің жағасында туғандықтан балықшылықты да бес саусағымдай білемін. Бірақ бір кездегі теңіздің тағдырын көзбен көрдік қой. Оңай болмады. Негізгі күнкөрісі балық болған ауылдардың халқы теңіз суы тартылған кезде үдере көшкені жасырын емес. Отбасымызды асырау керек. Басқа амал қалмады. Солардың қатарында болып Тараз, Қызылорда қалаларында да тұрдым. Сол жақтарда жұмыс істеп, балаларымызды қатарға қостық. Бірақ адамның туған жерге деген сағынышы басылмайды екен. Көңілім әркез Аралды аңсап тұрды. Елді-жерді сағынамыз. Қазір міне сол сағыныштың жетегімен елге оралдым. Қалада тұрып жатырмын. Немере сүйіп, солардың қызығына бөленіп отырған ағаңмын, – деді. Сөз арасында:
– Міне, ауылдан алыстамай тұрып та «Толқынды» оқып баспасөзге қызығушылығымыз оянған болатын. Елге оралғалы сол газеттен қол үзбей, тұрақты түрде жазылып келемін. Себебі «Толқын» – тарих. Ол біз көрген қиын-қыстау заманның да, бүгінгі сәулеті келіскен Аралдың да боямасыз бейнесін бүркемелемей ашық жазып келеді. Елдегі жаңалықты естіп, жақсылыққа қуанып, марқайып отырамыз. Сондықтан осы басылымның бағасы қай уақытта да мен үшін биік тұратыны сөзсіз, – деді.
Айтары көп ағамыздың сөзінен көпті аңғардық. Сіз де бәсі басым, бағасы биік «Толқыныңызды» таңдаңыздар, оқырмандар.
О. ЖОЛДАСОВ