Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақытты балалықтың мекені

Бақытты балалықтың мекені

Жаздың жаймашуақ күндері балалардың да шаттанатын сәті, қуанатын мезеті. Жыл бойы бар ынтасымен оқуға кіріскен оқушылар жазғы демалысқа шығып, тыңғылықты тынығуға мүмкіндік туады. Осы ретте «жазғы мектепке» барып білімін жетілдіріп, білігін шыңдайтындар табылса, енді бірі еліміздегі көрікті қалаларды аралап, сапарға жоспар құрады. Жаһанданудың жалына жармасып, заман көшінен кейін қалмаған әрбір жастың әрекетінде берекет болатыны белгілі. Бүгінде әрбір оқушының талпынысы жоғары, дамуға құштарлығын көріп көңіл тояды. Оның үстіне, бақтың біліммен баянды болатынын білген, еркіндіктің есігін емін-еркін ашу керектігін ескерген ата-ана балаға оңтайлы демалыс ұйымдастыруды көздейді. Расында үш ай демалыс өнегелікпен өлшемін тапса, жаз айын пайдалы өткізгенінің тұтас тұрпаты байқалмай ма?
Расында лагерь – жаңа таныстықтың мекені, мәнді мәдениеттің ошағы әрі балалық қызықты сәттердің көп болатын кезі. Жаныңа жақын құрбы-дос тауып, емен-жарқын араласып, әзілдесіп-әңгіме айтып, одан қалды қызықты ойындармен кеш батыру – лагерьдегі жазғы демалыстың жарқын кезеңдері. Түрлі тентектіктің, еркеліктің, іскерліктің, шеберліктің көрініс табатын ортасында тек ойын-күлкі қуалап, күнді босқа өткізу деген ұғым жоқ. Өйткені мұнда сауық-сайраннан гөрі сауаттылыққа да басымдық беріледі.
Жайдары жаздың жарқын сәттері балалардың есінде қалатындай керемет лагердің бірі аудандық оқушылар үйінде ұйымдастырылған. Демалыс уақытын тиімді өткізуді мақсат еткен "Жас қыран" күндізгі лагері өз мақсатына толықтай қол жеткізді. Түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар: салтанатты жиын, өнер байқауы, спорттық сайыс, қолөнер және сурет көрмелері, ойын-сайыстар мен шеберлік сыныптары және танымдық сайыстар өткізіліп, балақайлар жан-жақты дамуға мүмкіндік алды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде "Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз" дегенін барлығымыз білеміз. Осыдан-ақ мемлекеттің ел ертеңі саналған жастарға деген қолдауы, көзқарасы қаншалықты ерекше екенін анық аңғарамыз. Сол себепті тәуелсіз елеміздің туын жықпай, кемел келешекке бастайтын балақайларға барынша мүмкіндік жасап, әр сәтін бақытқа толтыру әрбіріміздің міндетіміз.
Лагерді ұйымдастыру кезенде де үлкен жауапкершілік қажет етіледі. Бүгінгі уақыт талабына сай балалардың білімін, ойлауын, дамуын қарастыра отырып, шараларды соған лайық жасадық. Себебі қазіргі уақытта балалардың таным көкжиегі де, ойлау ұшқырлығы да жаңашыл сипатқа ие. Мұны алғашқы ашылған күннен-ақ байқадық. Балалар топқа бөліну барысында төрт топқа бөлінген тынығушылар өз топтарына «Креатив GROUP», «Позитив» деген атаулар таңдап, жаңа бағытта ойлауға бейімділігін көрсетті, – дейді оқушылар үйінің әдіскері Л.Өтегенова.
Жазғы лагер оқушыларға қажетті барлық құндылықпен қамтамасыз етілді. Мұнда тек баланың есінде қаларлық қызықты сәттерден бөлек, елдікті, патриоттықты насихаттайтын көптеген шаралар өткізілді. Достықты, мемлекеттік рәміздерді бағалауға бағытталған рухани азық аларлық мұндай дүниелер даму үстіндегі жеткіншектерге ең қажетті құндылықтардың бірі екенін ескерілген. Ал әлем халқы үшін маңызды мәселеге айналған қоршаған ортаға жанашырлықтың жаршысы болған лагер 5 маусым – дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арнап «Табиғатты қорғау парыз» атты табиғат аясында іс-шара ұйымдастырды.
Ұмытылмас сәттер мен достықтың ордасына айналған ортаны оқушылар қимай қоштасты. "Қуанса бала қуансын, санасына сәуле түседі" дегендей бүлдіршіндерге бақыт сыйлаған орталық олардың жарқын болашағына да мол сенім білдірді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
24 маусым 2023 ж. 293 0