Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Орынбор сапары

Орынбор сапары

Орынбор сапары туралы аудандық архивте басшы болып жүргенімде көп ойланып жүретінмін. Оған себеп,архив құжаттарын ақтарып туған өлкенің тарихын зерттеген кезде айналып келіп Орынбор архиві алдыңнан шығады. Жұмыс істеп жүрген кезде басшыларға Орынбор архивіне іссапар сұрап бірнеше рет өтініш жазып, қаражат мәселесін шеше алмағандықтан жолым түспей қойды.
Зейнетке шыққаннан кейінменің Орынбор қаласына баруыма Ырғыз ауданындағы «Матұғыл» мазары туралы мәлімет жинау қажет болды. Ұзақ жылдар бойы архив саласында қызмет етуім, архивтің қыры-сырын білуім, ақсақалдардың өтініш айтуына себепші болды. Қасыма қазалылық Талғат Қожанов есімді бұрын ішкі істер органында қызмет еткен, сол Орынбор қаласында оқыған жігіт серік болды. Ақсақалдар ойласа келе, қазақтың ежелгі астанасы Орынбор қаласына барып, архив құжаттарынан деректер жинауды жөн деп шешті. Жолға шығу 06.06.2023 жылы. Ақтөбе облысы Орынбор облысымен шектесетіндіктен Ақтөбе қаласына пойызбен барып, әрі қарай вокзал жанынан жүретін таксилерге тапсырыс беріп, 280 шақырым жолды еңсеру керек болды. Сонымен Альфард көлігін тізгіндеген, екі ортада жолаушылар тасып жүрген Баха есімді жігіттің машинасына мініп, Орынбор қайдасың деп таңертең жолға шығып кеттік. Кедендік бекетке 3-4 шақырым жақындағанымызда ұзын-сонар жеңіл және ауыр жүк көліктерінің кезек кептелісі. Кедендік тексерулерден бір сағат шамасындай айналып өтік.
Бұл өлке қазаққа астана болған, қазақтың зиялылары қызмет еткен, ағартушылық жұмыстар жүргізген, ақындарымыз жыр арнаған киелі өлке. Маған шекарадан өтісімен-ақ ақын Ақтан Керейұлының:
Орынбор, үйшік-күз базар,
Төрт жүздей кісі бірігіп.
Мәжіліс отыр құрылып,
Мен жүлделі жүйрікпін,– атты өлеңі еске түсті.
Орыс кеденшілерінен өткеннен кейін-ақ, жасыл желекке оранған, малға да, жанға да жайлы мекенге қызыға да, қызғана да қарап келемін. Мені қызықтырғаны қазақша жер-су атауларының өзгеріссіз қалғанына риза көңілмен келемін. Бірақ ауылдардың сұрқы кешегі кеңестік заманды елестеткендей. Бір жағынан «түгін тартса майы ағып тұрған» шұрайлы жерлерден кеңестік саясаттың кесірінен айырылып қалдық деген ойды серігіме айтып, талқылап келеміз. Сонымен жол бойындағы елді мекендер мен жайылымдарды қарап отырып екі сағат шамасында Орынбор қаласына да кірдік. Қаланың кіреберісінде қаланың құрылғаны туралы ескерткіш қойылыпты. Орынбор орыс отаршылдарының алғашқы бекінісі, екі түбірден, бірі – Ор өзенінің атауын, екіншісі немістің «бург» (қала) атауынан құралған.
Жүргізушіден қала туралы жолда біршама мәлімет алдық, әрі серігім Талғат осы қалада оқығаны бар біраз жайға қанық болып қалдым. Негізгі аялдаған мекеніміз «Факель» қонақжайы болды. Орналасып болғаннан кейін, жуынып-шайынып қала көшелерін аралауға шығып кеттік. Қалада жарты миллионның үстінде тұрғындар орналасқан, қала тыныш, көшелерінде «Пазик» автобустары жолаушыларды тасып жүр, біздегідей шетел көліктері некен-саяқ, халық лық толы емес. Халықтың құрамы әртүрлі – орыстар, қазақтар, татарлар, башқұрттар, қырғыздар, өзбектер,тағы басқа ұлт өкілдерін кездестіреміз.
Қалада жиырмасыншы ғасырдың басында алаш зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, ағартушы ғалым Ы.Алтынсарин сынды ағартушылар оқып білім алған.
Орынборда қазақ зиялыларының қоғамдық және саяси қайраткерлік қызметінің жарқырап көрінген кезеңі 1917 жылғы Ресейде орын алған қос үкімет кезеңіндегі Алаш зиялыларының екі мәрте қазақ съезін өткізіп, алғашқы съездің өзінде демократиялық қоғам құру жолындағы «Алаш» партиясын құруы мен сайлау туралы заң жобасын жасауы болса, екінші съезде «АЛАШ» автономиясын жариялап, Ә.Бөкейхановтың төрағалығымен құрылған Алашорда өкіметінің құрылуы болды. 1920 жылы ҚАКСР автономиясы құрылып, 1925 жылы Қызылордаға көшірілгенге дейін қазақ халқының астанасы болуы.
Міне, осында Қазақстан тарихындағы алғашқы мемлекеттік архив 1921 құрылды. Қазақ АКСР Орталық өлкелік архив қорының бастауында Орынбор архиві тұрғаны белгілі. Қаланың 1735 жылы іргетасы қаланған уақытпен 1917 жылға дейінгі аралықта Ресей империясы әкімшілігінің әскери және әкімшілік пункті болды. Орынборда сақталған архив қорының көптеген бөлігі жойылып, талан-таражға түсуі революцияға дейін орын алыпты. Қазан төңкерісіне дейінгі патшалық Ресей архивтерінде құжаттар ұқыпсыз сақталды. Тағы бір қынжыларлық жәйт бірыңғай әкімшілік-саяси орталықтардың болмауы салдарынан халқымыздың басынан өткен тарихының әр кезеңдерін қамтитын тарихи құнды құжаттар Санкт-Петербург, Москва, Қазан, Уфа, Астрахан, Омбы, Орынбор, Саратов, Томск, Ташкент қалаларындағы салалық архивтерінде шашылып, шашырап қалды. Біз барған кезде құнды жәдігерлер қазынасы болып саналатын Орынбордағы облыстық мемлекеттік архив(1731-1917 жж.) ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, 1917 жылдан кейінгі құжат сақталатын Орынбор әлеуметтік саяси ғимаратының архивінің акт залына баруға тура келді. Архив залының ережесіне сәйкес, сағат 10.00-де ашылып, 17.00-ге дейін жұмыс жасайды, арасында бір сағаттық үзілісі бар. Күніге бес іс қарауға, қалғанына келесі күнге тапсырыс бересің. Көне сырды бүгіп жатқан архив құжаттарын қарап, туған жерге қатысты құжаттарды зерделеу біз үшін негізгі мақсатымыз. Әрбір құжатты ашып отырып, тың материалдарға қол жеткіземіз бе деген ойда жоқ емес...
Орталық архивте мәлімет бойынша Орынбор генерал-губернаторының, бұрынғы Шекара комиссиясының жүз мыңнан астам істері сақталған. Орынбор генерал-губернаторының қоры, «Торғай облысы бойынша шолулар», Орынбор -Ташкент темір жолының салынуы, Орыс-Қазақ хандары арасындағы саяси байланыстар,Аралдағы кеме қатынасының дамуы, Райым бекінісінің салынуы, Жанқожа батыр, Сырым батыр туралы генерал- губернатордың құжаттары, тағы басқа құнды деректер сақталған.
Еліміздің тарихына қатысты архив қорларының архив ісін қалыптастыру жылдарында толық жинақталмауының нәтижесінде төл тарихымызға қатысты «ақтаңдақ беттер» қалыптасты.
Орынбор архивіндегі Қазақстанның өткен тарихына қатысты көптеген материалдар бар екендігі және ол күні бүгінге дейін өз маңызын жоймағандығы айқын көрініп тұр. Оның ішінде туған жерге қатысты айтылмай, жазылмай келген құнды құжаттар біздің тарихымыздың жаңа беттерін ашары сөзсіз. Иә, бұл тек қана осындай құнды құжаттарды екі ел арасында меморандумға қол қою арқылы жеткізу, «Архив – 2025» бағдарламасы аясында атқарылған маңызды іс болар еді.
Б. ҚУАТОВ,
«Арал өлкетанушылары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
архив саласының үздігі
01 шілде 2023 ж. 169 0