Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал мен Көкарал бас қалада

Арал мен Көкарал бас қалада

Былтыр ғана 95 жылдығын атап өткенімен, Аралдың аты қай кезден де жаһанға мәлім. Тарихы талайдың жадында жатталған теңіздің өлкедегі тіршілік жайлы жалпақ жұрт жақсы біледі. Бір кездері бір елді аштықтан арашалаған мекеннің балықшыларына, халқына деген құрмет таңбалы тарихта алтын әріппен жазылып қалғаны жасырын емес. Оны ұлықтау, бағасын асыру бүкіл дүниежүзінің дүйім бұқарасына таныс.
Міне, осындай теңізінің байлығы елден асқан, шекарадан шалғайдағы жұрттың өзіне жаны қысылғанда жәрдемші болған Аралдың тағдыры қиындап, экологиялық апат аймағына айналғаны мәлім. Бұл әлем халқын елең еткізіп, ерекше назарға ілінді. Бұл ретте тәуелсіз мемлекетіміздің өзі көптеген бағдарламаларды жүзеге асырып, соның нәтижесінде Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қала алды. Бұл жайында басылымда жиі ақпарат таратып, жұртшылықты жағымды жаңалықпен қуантып келеміз. Ал бүгінгі айтпағымыз бөлек дүние.
6 шілде – Астана күні. Ең жас астаналардың бірі саналатын еліміздің бас қаласы қазірде қарышты дамудың үстінде. ЭКСПО халықаралық көрмесін қабылдаған сәулетті қаланың төрінен Аралдың атауына байланысты қос бірдей көшенің орын алуы біз үшін үлкен мақтаныш десек артық болмас.
Бұрынғы №5 қысқа көше аталған Астананың оңтүстік-шығыс тұрғын алабына Арал орамы атауы берілсе, елордада Көкарал көшесін де жолықтыруға болады. Абылай хан даңғылынан басталып, М.Төлебаев көшесінен аяқталатын Арал орамының ұзындығы 408,2 метр болса, Көкарал көшесінің ұзындығы бір жарым шақырымнан асады. Ол М.Төлебаев көшесінен басталып, Шарбақты көшесінен түгесіледі. Бәйшешек, Б.Серікбаев, Шалгөде көшелерімен қиылысатын бұл көшенің бұрынғы атауы Геологический көшесі болған.
О. ЖОЛДАСОВ
06 шілде 2023 ж. 146 0