Арал: Кеше және бүгін
Ғаламтордағы ақпараттарда vlast.kz порталынан «Новая газета» басылымының «Аралдың жанайқайы» тақырыбында жарияланған мақаланы табуға болады. «Арал бар-жоғы қырық жылдың ішінде тартылды. Трагедия 60жылдары ауыл шаруашылығына суды шектен тыс көп қолданудан басталған еді. Ал 2000 жылы көлемі жағынан әлемде төртінші орында тұрған көлдің 10%-ы ғана қалды, теңіз аумағының төрттен үші қысқарды. Кемелер қайраңға батып, теңіз жағасын мекен еткенхалық экологиялық апаттың ортасында қалды. Шаңды боран тұз бен теңізге ағылған тыңайтқыштардың улы қалдығын 500 шақырымға дейін ұшырып әкетті» деп басталатын мақалада теңіздің жай-күйін қалай суреттегеніне бір тоқтала өтсек.
«Қала» деп аталатын I бөлімде сұхбат алған Мәди дейтін азаматтың сөзін айта келе – «Әке-шешеміз мұнда кемелерді тамашалауға келетін. Қыздар әдемі көйлегін киіп, портқа келген теңізшілерді қарсы алатын. Бәріміз теңіздің жағасында жүретінбіз. Қазір Арал туралы әңгімені балаларымызға айтсақ, ертегі сияқты. Ол жақта тіршілік бар еді. Бірақ 70 жылдары теңіз тартыла бастады. Оның орнына жұмыссыздық пен жоқшылық келді.– Теңіз барда, бәрі болды. Балығы – тамақ, суы ем болды. Жұмыс, денсаулық, жанға жайлы ауа райы, бәрі болды...Сөйткен теңіз көз алдымда тартылды» – дейді деп көрсеткен.
– Бес жастағы кезім, жағаға келіп, аяғымды толқын шайғанын күтіп тұрдым. Ал келесі жылы ол жерде балшық қана қалды. Соңғы рет 1977 жылы шомылғаным есімде. Кейін зауыттар мен порттар жабылып, қиын кезең басталды.Тоқсаныншы жылдары кеңес үкіметі тарағаннан кейін, жағдай одан бетер қиындады. Әскери қалашықтар мен кәсіпорындар жабылды. Жұмыс жоқ, жалақы жоқ, су да жетпейді. Күн көру үшін халық құмдағы қараусыз қалған кемелерді бөлшектеп, өткізе бастады… Теңізді сағынасың. Біреу кеп қалай тартылғанын сұраса, «коммунистер ішіп қойды» деп жауап беретін болдым, – дейді Мәди.
Теңіздің арқасында күн көріп отырған Арал өңірінде жұмыссыздық белең алып, ауру-сырқау көбейе бастады. Ауаның улы химикаттармен ластануы созылмалы аурудың көбеюіне, тыныс жолы, жүрек-қантамырлар және обыр ауруларының асқынуына әкеліп соқты.
– Ағам бауыр циррозынан қайтыс болды. Бірінші әйелім обырдан кетті. Бәрі экологиядан деп ойлаймын, екеуі де жас кетті. Арал – біздің қайғымыз бен қасіретіміз, – дейді бар өмірі Аралда өткен Көлбай. Ол зейнетке шыққан соң, экология мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйымға жетекшілік етті.
– Әкімшілікте жұмыс істегенде, ауру бойынша ауданның деректерін көретінмін. Көрсеткішіміз мәз емес еді. Ауыл мен қала ауруханаларында орын жетпейтін. Қатерлі ісік, қаназдық, жүрек-қантамыр аурулары көп. Қазір жағдай жақсарған. Кіші Аралдың деңгейі өсті, халық та Сырдарияның лас суын ішпейтін болды. Бірақ ауру-сырқау азая қойған жоқ.
Арал теңізі – 60 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан, көлемі бойынша әлемдегі төртінші көл еді. Жыл сайын 60 тоннаға дейін балық беретін. Ал оған құятын Сырдария мен Әмудария елді күрішпен (КСРО-да өндірілетін жалпы көлемнің 40%-ы) және мақтамен (КСРО-да өндірілетін жалпы көлемнің 95%-ы) қамтамасыз етіп отырды.
Бірақ кеңестік суару жүйесі үнем дегенді білмейтін: адамдар суды шектен тыс көп алды, көп жұмсады. Аралдың тартылу себебі де осы. 60 жылдардың басында өзен ағыны азайды. Соның салдарынан теңіз деңгейі түсті. Ал 1984 жылы мұндағы балық өндірісі тоқтады.
1989 жылы Арал теңізі екіге бөлінді: Кіші Арал (Қазақстан аумағы) және Үлкен Арал (Өзбекстан аумағы). Бұрынғыдан бетер тартыла берді. Бұл климатқа да әсер етті. Жүз шақырымға дейінгі аумақта жаз бұрынғыдан ыстық әрі құрғақ, ал қыс суық және ұзақ болды. Судың тасуы тоқтап, жауын-шашын азайды.
Теңіздің кепкен табанында 5,5 млн гектар жерді алып жатқан, тұзды-топырақты Аралқұм деген шөл пайда болды. Түрлі дерек бойынша, бұл жерден атмосфераға жыл сайын 75 млн тонна пестицид пен химикаттар қосылған топырақ көтеріледі. Боран да Аралдың уланған тұзын алысқа тасиды. Ғалымдар оларды тіпті Норвегияның ормандарынан да тапқан.
Міне, осындай мәтінмен жарияланған ақпаратта мұнан өзге де көптеген деректер келтірілген. Дегенмен бүгінгі Аралдың ахуалы құлдырауға емес, күн санап қайта қалпына келуге бет алған. Расында ғасыр жобасына айналған САРАТС-тың бірінші кезеңінің өзінде біз жемісті еңбекке куә болдық. Шындығында бір кездері тұралап кеткен балықшылықтың бағы жанып, балық зауыттары шет елдерге экспорт шығаруды әлдеқашан бастап кетті. Бүгінде тек шекаралас елдер ғана емес, алыс-жақын Еуропа елдері де Аралдың теңіз маржандарының дәмін татып отыр. Мәулен Әшімбаевтың Сенат төрағасы болып тұрған уақытында «Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Арал проблемасына шынайы мән беріле бастады. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы қолға алынды. Осының нәтижесінде Солтүстік Аралдың арнасы толып, көптеген биологиялық түрлер қалпына келгені бәріміз үшін үлкен қуаныш» дегені сөзімізді салмақтай түседі.
Айталық, 2005 жылы құрылысы басталған «Көкарал» бөгеті теӊіздіӊ солтүстік бөлігініӊ су мөлшерін 68 пайызға жоғарылатты. Айдынын толтырған Аралдыӊ табаны көрініп, оныӊ зардабын бүкіл әлем сезіне бастаған тұста да шалқар жағасын мекендеген байырғы жұрт бір кереметке сенді. Көбі атамекенінен кіндігін үзбей, көк толқынды көзбен ұзатып салып туған жерде қала берді. Олардыӊ үміттері орындалды да. САРАТС жобасы тартылған теӊізді тірілтті. Дүниежүзілік банктіӊ қолдауымен жүзеге асырылған САРАТС жобасыныӊ І кезеӊінде біршама толымды тірліктер атқарылды. Қазіргі таӊда Сырдария өзенініӊ арнасын реттеу және Арал теӊізініӊ солтүстік бөлігін сақтау жөніндегі жобаныӊ бірінші кезеӊі аяқталған. Жоба барысында теӊіз деӊгейі көтерілді. Қолға алынған шаралар нәтижесінде Арал өӊірініӊ солтүстігіндегі су мөлшерініӊ ортаймауына жағдай жасалды. Соныӊ арқасында аймақтыӊ экологиялық ахуалы айтарлықтай жақсарып, облыстыӊ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына жол ашты. Арал теӊізіне түсетін судыӊ көбеюі өӊірдегі тіршіліктіӊ қайта жандануына әкелді. Бірнеше ірі көлдердіӊ қалпына келуіне, балық шаруашылығыныӊ дамуына мүмкіндік берді. Балық аулау көлемі күрт артты.
Иә, САРАТС жобасының алғашқы кезеңінің өзі теңіз жұрты үшін жемісті болды. Алдағы уақытта жағымды жаңалықтар жиілей түседі деген сенімдеміз.
Дайындаған О.ЖОЛДАСОВ