Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «inDriver» қызметі: Жүргізуші мен клиенттің қауіпсіздігі маңызды

«inDriver» қызметі: Жүргізуші мен клиенттің қауіпсіздігі маңызды

Осыдан он жыл уақыт бұрын аудан халқына қоңырау арқылы қызмет көрсететін таксидің көмегіне жүгіну қиын болмаса да, діттеген жеріңе жету оңай емес еді. Ол кездері шақырған жерімізге жылдам жету үшін таксиді телміре күткеніміз есімізде. Ал бүгінде бәрі қолжетімді, сағаттап көлік күтпейміз. Ұялы телефонның қосымшасы арқылы көліктің түр-түсі мен бағасын өзіміз таңдап жүрміз. Небары екі минуттың ішінде көлігіңіз де дайын.
Бүгінде екінің бірі «inDriver» қосымшасы арқылы такси қызметін пайдаланады десек артық айтқандық емес. Елімізде 2014 жылы жұмыс жасай бастаған ресейлік қосымшаның қазірде дүниенің түкпір-түкпірінде миллиондаған қолданушысы бар. Мұндай «ақылды» қосымша қалай пайда болды? 2012 жылы Ресейде жаңажылдық мереке қарсаңында ауа райының күрт төмендеуі такси қызметінің өсуіне әкеледі. Жолақыны екі есеге өсіріп жіберуі тұрғындардың наразылығын тудырады. Міне, сол кезде Якутск қаласының бірнеше белсенділері «Вконтакте» желісінде «тәуелсіз жүргізушілер қауымдастығы» атты топ құрып, онда жолаушы баратын жерінің ақысын өзі қояды. Жүргізушілер сол бағаға сәйкес жолаушыларды тасымалдай бастаған. Небәрі 6 айдың ішінде 60 мың адам топқа кіріп, оның игілігін көргендерін айтады. Міне, осы идеяның тез арада үлкен сұранысқа ие болуы смартфондарға арналған «inDriver» қосымшасын жасап шығаруға алып келді. Бұл идеяның авторы – кәсіпкер Арсен Томский. Өмір қажеттілігінен туындаған бұл қызмет түрін әлемнің 31 елі пайдаланады екен.
«Жол мұраты – жету» деген. Аталған жүйе тиімді болғанымен, көңілге кірбің түсіретін тұсы да бар. Жасыратыны жоқ, кейбір көлік жүргізушілерінің клиенттердің ойынан шықпай жататыны да бар. Қазір темір тұлпар тізгіндеген жүргізушінің қарасы жетерлік. Олардың қызметіне жүгінетін тұтынушылардың саны да аз емес. Дей тұрғанмен, ауданда қазір жеке жүргізушілер де, арнайы қосымша арқылы жұмыс істеп жүргендер де баршылық. Орталыққа барып көлікке мінесіз бе, әлде «индрайвер» шақырасыз ба, өз еркіңізде. Тек тиесілі ақшасын төлесеңіз болды, діттеген жеріңізге жете қоясыз. Айта кетерлігі, көлік жүргізушісінің бәрі бірдей емес, бірі қалаған жеріңізге жақсы жеткізсе, енді бірі клиенттің мазасын алып, музыканың дауысын зор қылып қойғанын ұят санамайтындары да бар. «Айтпасаң сөздің атасы өледі» демекші, осы тұста көлік жүргізушілерінің мәдениеті мен қауіпсіздігі жайында аз-кем айтқанды жөн көрдік.
Бәрімізге де қоғамдық ортада болсын, үйде, жұмыста болсын мәдениеттілік қажет деп ойлаймыз. Кез келген адаммен сыпайылық танытып сөйлесе білу, дұрыс мәмілеге келуінің өзі ол кісінің қандай адам екендігін аңғартады. Клиенттің көлік жүргізушісіне дұрыс жауап беруі, келісілген қызмет ақысын төлеуі сияқты елеусіз нәрсенің өзі мәдениетке жатады. Ал такси жүргізушілердің этиканы сақтауы қажет-ақ. Ақысын берген әрбір клиент кез келген жерге ыңғайлы барғысы келеді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ, қынжылтатын тұсы – кейбір көлік жүргізушілерінің өз тұтынушыларына құрмет танытпай жататыны. Мәселен, тапсырыс беруші қарт адам делік. Ал әлгі таксисттің үлкен адамның айқай-шуды жақтырмайтынын біле тұра дауысын айқайлатып қойып ән тыңдауы әбестік емес пе?! Енді біреулері клиенттің жағдайын қиындатып, біреулермен жол бойы телефонмен сөйлесіп, бар мәселесін көлік ішінде шешіп, мазасын қашыратыны да рас. Сөйлескенде тұрған не бар деуіңіз мүмкін. Бірақ өркениетті елдерде мұның барлығы әдепсіздік болып саналады әрі осындай жағдай тудырғаны үшін айыппұл төлеттіреді екен. Оларда тәртіп солай.
Жоғарыда атап айтқанымыздай, қазіргі кезде аралдықтардың қызметіне жарап тұрған қосымша – «Индрайвер» қызметі. Бастысы, жүргізушінің қырағылығы мен сыпайылығы, көліктің қауіпсіздігі, таза болуы, техникалық байқаудан өтуі сынды талаптан табылуы тиіс. Бұл ретте қызмет көрсетуші мен клиенттің қауіпсіздігі маңызды.
К. КӨЗДІБАЕВА
16 шілде 2023 ж. 357 0