Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Электронды қызмет – заман талабы

Электронды қызмет – заман талабы

Әр дәуірдің өз талап-тілегі бар. Жаһандану дәуірі есік қаққалы жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге көшкен. Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы. Осы тұрғыда қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізеді. Сонымен қатар IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады. Бүгінде еліміздегі халыққа көрсетілетін қызметтің басым бөлігі цифрландырылған. Бұл тұста аудандағы «Халыққа қызмет көрсету орталғының» жұмыс жолға қойылған. Аталған орталықтың жұмысы туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету бойынша Арал аудандық бөлімінің басшысы Лаура Ибраимова айтып берді.

– Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсету бөлімінің ауданда тұрақты жұмыс жасап жатқанына қанша уақыт болды?
– Арал аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімі – он бес жылға жуық аудан тұрғындарына үздіксіз қызмет түрлерін ұсынып отырған еңселі мекемелердің бірі. Бүгінде қоғамның ақпараттық жаһандану кезеңінде талапқа сай жаңашаланып, қызмет алудың жаңа фарматтарын ұсынып отырған Мемлекеттік корпорация қызмет көрсету саласының көшбасшысына айналып отыр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызмет түрлері жаңашаланып, барынша сұратылатын құжаттар тізімін азайтып, электронды құжаттар негізінде қызмет көрсету бағытын ұстанып отыр.
– Толығырақ тоқталып өтсеңіз. Онлайн электронды қызметті қалай алуға болады?
– Қызметтің бұл түрі қазіргі күні өз тиімділігін беріп отыр. Әсіресе жас босанған аналар бұрын баласының құжаттарын рәсімдеу, біржолғы берілетін жәрдемақы мен жөргекпұлға құжаттар дайындау үшін мекемеге келіп, кезек күтуі керек болған. Ал қазір бала туылған күннен бастап, ата-анасы ұялы телефон арқылы СМС негізінде баланың туу туралы куәлігіне, балалар жәрдемақысына, балабақша кезегіне қоюға мүмкіндігі ашылды. Сондай-ақ қазіргі кезде халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне жүгінбей ұялы телефоннан Egov mоbile мобильді қосымшасы, Telegram (EgovKzBot2.0), eGov.kz порталы арқылы және «ЦОН» қосымшасынан бейне қоңырау жасау арқылы кез келген мемлекеттік қызмет түрлері мен анықтамаларды алуға болады.
– Жыл көлемінде халыққа қызмет көрсету бөлімі арқылы көрсетілген қызметтерге талдау жасай аламыз ба?
– Әрине, біздегі көрсетілген қызметтердің бәрі автоматты түрде есепке алынып отырады. Мәселен, 2021 жылдың он айлық қорытындысына сәйкес, бөлім арқылы дәстүрлі түрде 32 491 құжаттар қабылданып, оның 34 970 құжат таратылды. Мобильді ХҚКО арқылы ауданға қарасты елді мекендерден 671 құжат қабылданса, мүмкіндігі шектеулі азаматтардан үй-жайына бару арқылы 89 өтініш қабылданған. Электрондық сандық қолтаңба (ЭЦП) беру бойынша 18 247 өтініш рәсімделген. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы он айда 69 031 құжат рәсімделіп, 77 184 тұтынушыға кеңес берілді.
– Биылғы жылдың жаңалығы болып орталықтың қашықтан қолжетімді қызмет түріне қандай қызмет кіріп отыр?
– Біздің бөлімге кліп көпшіліктің алатын қызметтерінің алдыңғы сатысында тұрған автокөлікті рәсімдеу болып табылады. Енді бұл қызметті де үйден шықпай алуға болады. Тұтынушылардың автокөліктерін рәсімдеу қызметі қазіргі таңда eGov.kz порталы мен Kaspi қосымшасы арқылы қолжетімді, бұл өз кезегінде үйден шықпай құжат рәсімдеуге мүмкіндік ашып отыр. Кассаға төлем төлеу үшін кезек күтпей ұялы телефоннан банк косымшалары арқылы мемлекеттік қызметтердің БАЖ салықтарын Qr-төлем арқылы қолжетімді.
– Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне тоқталып өтсеңіз?
– Бөлім арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері де жыл өткен сайын жаңаланып келеді. Бұрынғыдай емес, қазіргі күні бәрі бір ізге келтіріліп оңтайландырылған. Артық құжатты талап етпейді. Жаңа өзгерістер бойынша, мемлекеттік қызмет түрлерінің тізілімінде 690 мемлекеттік қызмет түрі бар. Оның ішінде мемлекеттік корпорация арқылы 662 қызмет, «электронды үкімет» порталы арқылы 645 қызмет түрлері бойынша қызмет көрсетіп келеміз.
– Алда қандай жаңалықтар болмақ?
– Уақыт ілгері жылжыған сайын адамзаттың өмір сүру дағдысы да соған сай өзгеріп келеді. Қазіргі күні тұлғаларға қажетті құжаттардың барлығы дерлік біздің бөлімше арқылы рәсімделеді. Алдағы уақытта әрбір адам өзіне қажетті құжатты үйден шықпай-ақ, кезек күтпей-ақ алатын болады. Электронды қызмет алуды біз әрбір келушіге насихаттаудамыз. Бұл жұмыстар нәтижесін беруде. Алдағы уақытта да заман талабына сай электронды қызмет түрінің ауқымы кеңейе түседі деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Н. Бақыран
20 қараша 2021 ж. 8 924 0