Кәсіпкерлік қанат жайып келеді

Жалпы осы саладағы басты мақсат кәсіпкерлікті дамыту болғандықтан түрлі бағыттағы жұмыстардың жетістігін жіпке тізуге болар еді. Алайда біз қыр мен Сырдың арасындағы соны серпінді сөз етсек. Қырдағы Қарақұм ауылдық округінде «Ақтан» шаруа қожалығы бар. Сол қожалық кезінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7,0 млн ақшалай несиеге қол жеткізіп, сол қаржыға 42 бас аналық сиыр мен асыл тұқымды 2 бас бұқа сатып алған. Бүгінде жайылымы малға толған осынау қожалық иесі Ж.Жиентаев мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен ауыл шаруашылығы саласына жасалған бетбұрыстарды оң бағалайды. Және оның алдағы уақыттарда да жалғасын таба бергенін қалайды. Бұл бағдарламалардың аудан көлеміндегі көрсеткіші жаман емес. Сондықтан, осының баршасын ауылшаруашылығы саласына жасалған қамқорлықтың нәтижесі екенін анық аңғаруға болады.
Тоған шаруашылығы бойынша Ш.Алматбаев есімді кәсіпкер бүгінде қырға балық өсіріп, тыңнан түрен салды. Лайықты көрсетілген қолдау нәтижесінде тауарлы тоған шаруашылығы қолдау тапты. Бүгінде ол ауыл маңындағы көл суына ақамур, дөңмаңдай және кәріп тұқымдас балық шабақтарын салып, қырдағы берекелі кәсіпті қолға алып келеді. Тоғанның жалпы көлемі 10 мың шаршы метр. Алла сәтін салса, кәсіпкер бұл бағыттағы жұмыстарын еселей түспек ниетте. Ол үшін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібін одан әрі жандандыруды көздейді.
Кәсібін жандандырып, елдің ырысын еселеуде елеулі еңбек етіп жүрген жандардың қатарында ақбайлық кәсіпкерлер де бар. Айталық, ауылда бірнеше кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары мемлекеттен беріліп жатқан қаржылай несиелерге ие болған. Олардың қатарында «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша екінші рет несие алған «Тағыберген» шаруа қожалығы және алғаш рет несиеге қол жеткізіп, бүгінде мүйізді ірі қара малын асылдандыру бағытында жұмыс жасап жатқан «Сәуле» шаруа қожалығы бар. Бүгінде екі қожалық та мал басы санына сәйкес қайтарымсыз субсидияға қол жеткізген. Бұдан бөлек түрлі бағдарлама бойынша несие алып, мал бордақылау мақсатындағы жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқан кәсіпкерлер де бар. Міне, осы сынды шаруалар аудан көлемінде жүйелі түрде қолға алынып келеді. Бүгінде ауыл шаруашылығы бағытындағы бағдарламаларға қатысып, қарауындағы малдың санын арттырып, өнімін еселегісі келетін қожалықтарға мүмкіндік әлі де бар. Себебі, бұл тікелей Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жұмыстар. Сондықтан, ол бағдарламалар бойынша жұмыс жасауға ниетті азаматтарды аудан әкімі немесе ауыл әкімі бақылауға алып, көмектесуге мүдделі. Бұл салада тәуекелге бел байлаймын деген азаматтарға мемлекеттен қолдау мол. Бастысы – ықылас-ниет жеткілікті болса болғаны.
А. ҚАРАСАЙ