Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоқыстағы бесік көпшіліктің ашуын туғызды

Қоқыстағы бесік көпшіліктің ашуын туғызды

Қызылордада қоқыс арасына тасталған бесік жұрттың ашуын туғызды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыс орталығының қақ ортасындағы келеңсіз көріністі журналист Шолпан Исабекова байқап, фотоға түсіріп алыпты. Суретті инстаграм парақшасында жариялады.
Ал тағы бір әріптесіміз Үйтолған Жареке фейсбукте арнайы пост жазды.
"Бұрын бір үйде бір бесік болатын. Әкесі жатқан бесікке баласы жатып, бір әулеттегі дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын. Қазір әр келін басына бір бесік. Төркіні бесік әкелетін дарақы дәстүр ойлап тауып алдық. Нәтижесі - осы. Бала туып болғасын қоқысқа тастай салады. Өйтпегенде ше? Немересін жатқызбайтынын біліп тұр. Келіннің артынан келеді. Осындай көріністерді көргенде кепиетінен қорықпайтындарға еріксіз бас шайқайсың", - деді ол.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі "бесік әкелу бұрыннан бар" десе, екінші тарап "қазақта ондай дәстүр жоқ" дегенді алға тартты.
Майра Сәрсенбаева: «Менің балаларым жатқан бесікте бес жиенім жатты. Талай сәбиді тербеткен құтты бесік болып тұр", - десе, Бақытжан Ертаева: "Керек болмаса, "тегін берем" деп жазса, алып кетеді ғой. Бесік алуға шамасы жетпей қаншама жас жүр", - деп пікір қалдырыпты.
"Дарақылық пен асып-тасудың да сұрауы бар. Бала басына бесік әкеле бергесін солай аяқасты болады", - деген екен Жадыра Әкімтаева.

Назерке Саниязова

18 шілде 2023 ж. 185 0