Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілген

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілген

Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын» деген болатын.
Осыған орай, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 227-Заңымен отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге жауапкершілік белгілейтін ӘҚБтК-нің 73-бабына өзгерістер еніп, 1 шілде 2023 жылдан бастап қолданысқа енгізілді.
Құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер үшін жаза күшейіп, бір тәуліктен бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы бес тәулікке ауыстырылған.
Осы әрекеттер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бiр жыл iшiнде қайталап жасалған жағдайда, бұған дейін он тәулiкке дейiнгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соқса, соңғы өзгерістермен он тәулік мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алуға қатаңдатылған.
Статистикалық мәліметке сәйкес, аудандық сотта жыл басынан бері ӘҚБтК-нің 73-бабымен яғни, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге байланысты 78 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, 43 адамға әкімшілік шара көрілген, 35 адамға қатысты іс құқық бұзушының жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған.
Сол секілді, аталмыш заңмен Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларының бірі болып табылатын қорғау нұсқамасын бұзғандарға жауапкершілік белгілейтін ӘҚБтК-нің 461-бабына өзгерістер енген.
Бұған дейін ішкі істер органы шығарған қорғау нұсқамасын бұзу -  ескерту жасауға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соқса, бүгінде он тәулікке әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.

Өзгерістер қолданысқа енгеннен кейін Арал аудандық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабының 1-бөлігімен, яғни қорғау нұсқамасын бұзған азамат А-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Сот талқылауы барысында анықталғандай, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 20-бабына сәйкес, полиция қызметкерімен құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы толтырылып, ол бойынша құқық бұзушыға жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіретін немесе психикалық залал келтіретін әрекеттер жасауға тыйым салынған.

Алайда, азамат А. тұрғылықты мекен жайына алкогольдік ішімдігін ішіп келіп, жанұя шырқын бұзып, қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған.

Сот қаулысымен А. ӘҚБтК-нің 461-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Жыл басынан бері аудандық сотта қорғау нұсқамасын бұзған тұлғаларға қатысты 8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, әкімшілік жауаптылық түрлері белгіленген.

Арал аудандық сотының
бас маманы Т.Тлеубаева
19 шілде 2023 ж. 256 0