Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Телефон нөмірін тіркеу кезінде адамның бет-әлпеті сканерленуі мүмкін

Телефон нөмірін тіркеу кезінде адамның бет-әлпеті сканерленуі мүмкін

Енді байланыс операторлары қазақстандықтардың бет-әлпетін сканерлеп, кейін ғана ұялы телефон нөмірін тіркейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ашық талқыға шығарылған «Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» министр бұйрығы «биометриялық деректер» терминімен толыққан.

Биометриялық деректер – абоненттің физиологиялық және биологиялық ерекшелiктерiн сипаттайтын дербес мәлеметтер.

«Абоненттік құрылғылар республика азаматтарының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі уақытта байланыс операторлары ұялы байланыс абоненттерін дұрыс сәйкестендірусіз онлайн сервис арқылы тіркейді. Бұны абоненттік нөмірлерге басқа адамдардың дербес деректерін тіркейтін және қаржы секторында қылмыс жасайтын алаяқтар пайдаланады. Осылайша, құқық қорғау органдарында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде дұрыс ақпарат болмайды. Осы қылмыстарды азайту және алдын алу мақсатында биометриялық сәйкестендіру арқылы абоненттерді тіркеу қажеттігі туралы шешім қабылданды», делінген Ашық НҚА порталында жарияланған министр Бағдат Мусиннің бұйрық-жобасында.

Жаңа талап енгізілсе, онда ұялы байланыс операторлары абоненттерден биометриялық деректерді (адамның бет-әлпеті) жинап, кейін оған қызмет көрсету шартын жасасады.

Бұйрық жобасы 3 тамызға дейін көпшілік талқылауында болады.
20 шілде 2023 ж. 295 0