Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтты қоныс Қосаман

Құтты қоныс Қосаман

Қырға мойын бұрсаңыз тіршілігі тұрақты, еңбегі ырғақты ағайынды көресіз. Шөбі жүйгін, жері жайлы мекеннің бүгінде жағдайы қалыпты. Сондай елдің бірі – Қосаман ауылдық округі. Орталығы – Қосаман. Округке Ақеспе қарайды. Теңіз бен жерді қатар емген Қосаманда жергілікті атқарушы органдарының басты қызметі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезекті Жолдауынан туындайтын мәселелерді және бағдарламаларды іске асыру негізінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, білім берудің, денсаулық сақтаудың, ауыл шаруашылығын дамыту мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы басты назарда ұстау болса, бұл үдеден ауыл әкімі Әлібек Ізбасаров ұдайы шығып келеді. Ауыл әкімдерінің құзыреттілігін нығайту үшін жергілікті өзін-өзі басқару және ауылдық аймақтарды дамыту бағыттары бойынша ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті мекеме басшыларымен және қауымдастық кеңестерімен, яғни ауыл тұрғындарымен бірлесіп түрлі сала бойынша халыққа қызмет көрсетіп келеді. Жыл көлемінде ауыл әкімшілігі, мектеп, клуб, медпункт, ветпункт ұжымдарымен бірлесіп қайырымдылық акциялары кезінде қамқорлықты қажет ететін отбасыларға ақшалай, заттай түрлі көмектер көрсетуде елмен бірге етене жұмыс жүргізген. Біз елдегі әр саланың тынысы мен тіршілігін, қалыпты жұмысы мен көрсеткіштерін білмекке ауылдық округ әкімі Ә.Ізбасаровпен тілдестік.

2005 жылы құрылған Қосаман ауылдық округі аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан киелі мекен. Киелі деуіміздің себебі бұл ауыл осы маңда өмір сүрген Қосаман бабаның есімімен аталады. Тұрғызылған кесенесінің өзі тарихтан сыр тартатын көне жәдігердің құнды нысан екенін бірі білсе, бірі білмес. Сондай-ақ сіз бен біз тұтынатын сапалы әрі алтын суымыздың бастауы осы өңірден. Еліміз бойынша теңдессіз тіршілік нәрі пайда болатын өңір ендеше қасиетті емей немене?!
Хош... Түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы жердің көк майса алқабы бүгінде ауыл халқына тұтастай нәр. Иен даланың иірімінде, тағдырлы теңіздің солтүстік бүйіріне орын тепкен өлке жайында айтпағымыз әлі алда. Жер көлемі жағынан 10 144 гектар алқапты алып жатқан ауылда қазіргі таңда 120-дан астам түтін бар. Оның 70-тейі Қосаманда болса, қалғаны Ақеспе ауылына қарайды. Мыңның үстінде халқы бар. Барлығы да экономикалық белсенді халық санатында. Өйткені әрқайсысының өз тіршілігі бар. Жұмыссыз ретінде тіркелген 6 азамат демесеңіз, олардың өзі бүгінде өз тіршіліктерімен айналысып, ел қатарлы өмір кешуде. Әлеуметтік нысандар да бұл елдің қалыпты өмірінің кепіліне айналған. Себебі ауыл халқының көпшілігі 1 орта және 1 негізгі мектепте жұмыс жасайды. Одан бөлек 2 ФАП, 2 ауылдық клуб, 1 ветпункт, 2 кітапхана және «Нұра топтық су құбыры» РМК, «Арал» СЖКБД филиалының №1 су айдау станциясы жұмыс жасайды. Бұл мекемелерде жұмыс істейтін жұмысшылардың қатарында осы елдің азаматтары бар.
Бүгінде ауыл халқының өзін-өзі жұмыспен қамтуына, кәсіппен айналысып, шағын және орта бизнес субъектілерінің санын арттыруға жұмыс жасау ауыл әкімі Ә.Ізбасаровтың ізгі ұстанымына айналған. Өйткені кәсіп бар жерде береке барын ел жете ұғынған.
– Қазіргі таңда Қосаман ауылдық округінде 8 шаруа (фермер) қожалығы және 41 жеке кәсіпкер тіркелген. Сонымен қатар округте кәсіпкерлікті дамыту бағытында қосымша шаралар қолға алынып, жұмыстар жасалуда. Ауылдық округ бойынша 2 азық-түлік дүкені, 1 қоғамдық монша жұмыс жасауда. Кәсіпкерлікті дамыту менің басты ұстанымдарының бірі десем болады. Сол үшін де округ бойынша жыл басынан бастап түрлі қаржы ұйымдарына жобалар ұсынылып, қолдау күтілуде. Бұл жұмыстар бұған дейін де қолға алынып келеді. Мәселен, 2023 жылы округте кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау-Бизнес» бағдарламасымен 3 азамат (ша) оқып, қайтарымсыз қаржы алуға тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда кәсіп ашуға ниетті азаматтар тізімі жасақталды. Сонымен бірге алдағы уақытта «Ауыл аманаты» жобасы аясында төмендетілген пайызбен несие алуға ниетті азаматтарға құжат тапсыруға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда айтып өткендей, бұған дейін кәсіпкерлікті дамыту бойынша округте 4 адам «Бизнес Бастау» арқылы қайтарымсыз несиеге қол жеткізіп, кәсіптерін бастады. Оның ішінде қоғамдық монша, тігін цехы, кондитерлік өнімдер шығару жобалары бастау алды, – дейді ауылдық округ әкімі Ә.Ізбасаров.
Ауыл шаруашылығы бұл елдің негізгі ата кәсібі десек, мал басын еселеп арттыру ауыл халқының әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Мыңғырған малы бар ауылды кім бай ауыл деп айтпас. Сондықтан төрт түлігі сай өңірді түтіні түзу деуге негіз жоқ емес. Сандарды сөйлетсек, ауылдық округ бойынша 2023 жылдың 1 шілдесіне түсетін мал басының жалпы саны 7 мыңға жуықтайды. Оның ішінде мүйізді ірі қара – 852 бас, уақ мал – 1 271 бас, жылқы – 2 679 бас болса, түйе 2 081 басты құрайды. Биылғы жылдың тиісті мезгілдерінде мал басын бірдейлендіру жұмыстары толық жүргізіліп, тиісті дерекқорларға енгізілген. Сонымен қатар мүйізді ірі қара тұқымын асылдандыру бойынша жұмыстар күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда, биылғы жылы 2 бас бұқа алынды.
Теңіз қолтығында тіршілік кешкен ауыл үшін балық шаруашылығы әсте алыс емес. Бұл кәсіпке әсіресе ақеспеліктер пейіл. Ауылдың азаматтары ара-тұра теңіз бетіне шығып, ау салып, жылым майлайды. Сондықтан бұл ауылда теңіз тіршілігіне бейім азаматтар тұрады деуге болады. Қазіргі таңда Ақеспе елді мекенінде 2 балық қабылдайтын тоңазытқыш цехы жұмыс жасауда.
Осы кезге дейін халықты қос бүйірден қысып, құлақ кесті халге түсірген байланыс құрылғысының жоқтығы еді. Бүгінде бұл мәселе де өз шешімін тауып келеді. Қазір Қосаман ауылдық округінде 158 телефон нүктесі жұмыс істейді. Халықтың 100 пайызы отандық «Отау ТВ» спутниктік телехабармен қамтылған. Сонымен бірге тұрғындар «KCell» ұялы байланыс операторы қызметін пайдалануда. Ал округте интернет жылдамдығы өте төмен болғандықтан, қазіргі таңда ЖК «Ырыс» арқылы тұрғын үйлеріне «Транстелеком» АҚ-ның қызметін орнату бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Әңгіме барысында ауыл әкімі ауылдық округ бойынша атқарылған жұмыстарды тағы бір мәрте тілге тиек етті.
– Үстіміздегі жылы аудандық бюджеттен Ақеспе елді мекенінде электр желісін жаңарту мақсатында 6 млн 272 мың теңгеге тиісті жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда округ халқының саны артып келеді. Осыған байланысты округте балабақша ашу бойынша сұраныс бар. Ауыл халқының сұранысына орай, үстіміздегі жылы Қосаман елді мекенінде жеке кәсіпкердің бастамасымен 40 орындық балабақша ашу жоспарлануда. Округке қарасты Ақеспе елді мекенінде халық арасында «Ыстық су» аталған демалыс орны қызмет жасауда. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде арнайы экспедиция көмегімен 1986 жылы ашылған аталмыш бұлақтан -62˚ су шыққан. Қазіргі таңда бұл шипалы суға елдің түкпір-түкпірінен ем қабылдауға адамдар ағылып келуде. Бүгінгі күні ыстық бұлақ маңында арнайы демалыс орны қызмет етіп келеді. Демалыс аймағын заман талабына сай жабдықтау және тынығушыларға (емделушілерге) сапалы қызмет көрсету бойынша талап жоғары. Осы орынның туристтік әлеуетін арттыру басты мақсаттың бірі. Қазіргі таңда аталмыш аймақта электр желісі мен ауызсу жүргізілген болса, ендігі маңызды мәселе – жол қатынасы болып тұр. Осыған орай, аудандық бюджеттен Ақеспе елді мекеніне кіреберіс (3 шақырым) және елді мекендегі «Ыстық су» бұлағына барар (6 шақырым) автомобиль жолының құрылысының ЖСҚ әзірлеуге тиісті қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде, – дейді Қосаман ауылдық округ әкімі Ә.Ізбасаров.
Иә, бұл аталмыш демалыс орнында кәсіп жасауға ниетті азаматтардың да бар екенін айта кеткен жөн. Айталық, осы жылы «Ыстық су» маңына тынығушыларға қызмет көрсету мақсатында ЖК «Сақтағанов» құны 5,0 млн теңге болатын жобасын әзірлеуде. Мұндай бастамалардың септігі елді мекенге тиіп, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға сеп болып жатса нұр үстіне нұр емес пе?!
Ел болған соң, тіршілік болған соң кейде төтенше жағдайлардың орын алып тұратыны белгілі. Жердің шалғайлығына байланысты мұндай жағдай орын ала қалған кезде аудан орталығынан көмек келуі қиындау. Осы мәселені ескеріп, 2022 жылы ауылдық округте ерікті өрт сөндіру жасағы қоғамдық бірлестігі құрылып, мемлекеттік тіркеуден өткен болатын. Биылғы жылы аудан әкімі С.Сермағамбетовтің қолдауымен ауылдық округке 1 дана өрт сөндіру техникасы табысталған.
Қай уақытта да жақсы іс жан семіртеді ғой. Мұндайда елдің бірлігі, ағайынның өзара ымыраластығы үлкен істерге сеп болады. Ауыл әкімі осындай жұмыстардың да үйлестірушісі. Жас болған соң тындырымды іс жүргізуге пейіл Әлібек елдің бірлікте жұмыс істеуін басты орынға қояды. Елдегі ауызбіршіліктің үлгісіндей болған елеулі істі сөз еткен ауыл әкімі:
– «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген қанатты қағидаға сүйеніп, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесін алып, ауылымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағын артыру мақсатында тұрғындар тарапынан да жұмыстар атқарылуда. Соның бірі Қосаман ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі жанға алыс-жақындағы ағайын болып тұрғын үй тұрғызып, пайдалануға берілді. Бұл ауылымыздағы жұмыла атқарылған жұмыстардың бірқатары, – дейді.
Бірлігі бекем, тірлігі тұрақты елдің біз білген бүгінгі бейнесі осы. Алда әлі талай жұмыстар бар. Бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын!
А. БИСЕНОВ
25 шілде 2023 ж. 536 0