Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Локомотивке дем берген Депо

Локомотивке дем берген Депо

Аралда қос кент бар. Бірі – Жақсықылыш тауының бауырындағы Жақсықылыш кенті болса, екіншісі – Тербенбесті бауырлай жатқан Сексеуіл. Екеуі де жалпыға мәлім қоныстар. Алғашқысы Аралдың ақ алтынына баланған тұзды жаһанға мәшһүр етіп отырса, екіншісін «тоғыз жолдың торабы» деп аталып кеткелі қашан. Олай деуге себеп бар. Мұнда шойын жолдың шеберлері көп. Ғасырдан аса уақытта мұндағы халықтың көпшілігі темір жол саласында талмай еңбек етіп келеді. Оған халық куә. Сол мекемелердің бірі – «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосы.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, халық арасында «теміржолшылар елі» атанған Сексеуіл кентіндегі ауқымды мекемелердің бірі саналатын локомотив жөндеу депосында қай уақытта да қызу тіршілік. Себебі бәйгеге түскен тұлпардай мыңдағын шақырымды артқа тастап, белгіленген жерге аман жеткен тепловоз атаулының барлығы осында келіп дамылдайды. Аман жеткен деуімізде де мағына бар. Өйткені дәл осы депода барлық тепловоздың тынысын қайта ашып, қауіпсіздігіне, жарамдылығына, тұтынуға әзірлігіне толықтай жауапты. Локомотивтердің барлығы түгелдей тексеруден өткен соң сапарды қайта жалғастырады, жарамсызы сонда қалады. Мұның барлығы біз айтпасақ та жалпақ жұртқа белгілі. Алайда тіршілігі қайнаған мұндағы мекемелердің ішкі жұмыс кестесіне еніп, жұмысты көзбен көру бөлек әсер қалдыратындай. Біз мұнда жасаған әр сапарымыз сайын осындағы кереметке куәгер болудан жалықпаймыз. Десе де ішкі жұмысқа кіріспес бұрын депоға ат басын тіреген жандардың мекеме сыртынан бастап-ақ алатын әсерін айта кеткен орынды болар.
Ғимарат ауласына кірген бойда мұнда қандай кәсіп иелері жұмыс жасайтынын жаңылмай тануға болады. Мекеме атауы жазылған тақтайшадан өткен бойда теміржолшылардың мерейін үстем етерлік үлкен билборд қауіпсіз қатынас түрінің рөлін айшықтап-ақ тұр. Мұнан бөлек ерекше абаттандырылған аула көз тартып, айрықша әсер қалдырады. Ал ғимарат ішіне ене бергеннен салмағы 130 тонна тартатын темір тұлпарлар менмұндалап тұр. Тарс-тұрс еткен дауыстар мен түрлі станоктардың құлақ тұндырар үні мұндағы жұмысшылардың күнделікті атқаратын міндеттерін көрсеткендей. Мұндағы тіршіліктің қайнап жатқанын байқау қиын емес еді. Осынау үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыстың жай-күйін бағамдап, жақынырақ танысу үшін «жақсыны көрмекке» дегендей біз де жағалап жүріп, таныса бастадық. Өз кәсібінің сайыпқырандары тепловоздың тырнақтай қажетті бөлшегінен бастап, таудай құрылғыларына дейін егжей-тегжейлі таныстырып, әрқайсысының атқаратын міндеттерін айтып жатыр. Ал осы бөлшектер қалтқысыз, қауіпсіз қызмет атқару үшін мекеме жұмысшылары жұмылған жұдырықтай бел жазбай еңбек ететіні әр қызметкердің функционалдық міндеттерінен аңғарылды.
Нақтырақ тоқталсақ, әрқайсысының салмағы 3300 тонна тұратын пойыз дөңгелектерінің (колесоның) әрқайсысында қосымша қозғалтқышы болады. Сол арқылы тепловозға қозғалу мүмкіндігі беріледі. Ал оның дөңгелегі жүздеген тоннаны көтергендіктен кей жағдайларда жарылып немесе қатты темірдің морт сынып кететін кездері де кездеседі екен. Темір жолға тиетін беті көп жағдайда жарақат алатындықтан колесо қайта жонылып, қосымша қолданысқа беріледі. Осының барлығы осы депода жөнделеді.
Мұнан бөлек «компрессор» деп атайтын ауа беретін құрылғы істен шықса, мыңдаған тонна болатын көлік қозғалысын реттеу мүмкін емес. Ал ондай сәттерде машинистке электрмен жұмыс істейтін тетіктер де көмекке келеді. Бұл мекемедегі ұстахана бөлімі болмаса, жер қайыстырар ауыр салмақтан майысқан сом темірлер мен білектей металдарды қайта қалпына келтіру қиын шаруа. Жабық пеште жанған от пен қызған темірдің ыстық лебіне шыдамдылық танытып, дәл осы кемшіліктерді түзететін депо мамандарының еңбегін айтпай түсіне беріңіз.
Одан қалды автотежегіш бөлімшесіне бас сұқтық. Тепловоздың ішкі көрінісі мен панельдік құрылғылар жайғасқан бұрышта барлық қосалқы тетіктер орналасқан. Жалғыз осы құрылғының өзі үлкен жауапкершілікке алып келеді. Темір жол бойында әр минут есептеулі болғандықтан, еліміз бойынша барлық темір жол қозғалысы бұзылмауы үшін автотежегіштің мінсіз болуы қажет.
Бұл біз аралаған көптеген бөлемшілердің санаулысы ғана. Ал толықтай айтар болсақ шегі жоқ әңгімеге ұласары анық. «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосында қызмет ететін 200-ден аса адамның барлығы біз көріп жүрген локомотивтердің қауіпсіздігі үшін тер төгуде.
Иә, локовотив жөндеу депосында ТЭ33А, ТЭП33А, 2ТЭ10МК, 2ТЭ10М тепловоздарына СҚК-1,2,3,4,5 циклдары бойынша сервистік қызмет көрсетіліп, жөндеуден өткізіледі. Қазіргі таңда 2ТЭ25КМ маркалы тепловоздарын жөндеуден өткізу жоспарлануда. Осыған орай мекеме ішінде дайындық жұмыстары жүргізіліп, мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында "Коломенский завод" АҚ-ға өндірістік оқуға жіберу мәселесі қолға алынуда. Бұл қазіргі нарықтық жағдайда мекеменің қызметкерлерін жұмыспен қамту және қаржылық жағдайын тұрақтандыру жолында жасалып жатқан тиімді бағыттағы ауқымды жұмыс екенін айта кеткеніміз жөн болар.
Иә, тарихы ғасырмен үндескен мекемедегі темір жол тұлпарларының баптаушылары қай кезде де елеусіз қалған емес. Алдағы уақытта да қоғамның қарқынымен қалыптасқан заңдылықты сақтай отырып, депоның даңқын асқақтата түсері сөзсіз. Қалтқысыз еңбекті қаперге алған сексеуілдіктердің сапалы жұмысы арқылы қозғалыстың ең қауіпсіз түріне айналған темір жол тасымалы Мемлекет басшысы айтқандай көлік-транзит әлеуетін дамыта бермек.
О. ЖОЛДАСОВ

05 тамыз 2023 ж. 282 0