Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүк тасымалын межелі жерге шашаусыз жеткізген

Жүк тасымалын межелі жерге шашаусыз жеткізген

Біз тақырыпқа арқау еткен ұжымның тарихы әріден басталады. Сонау 1904 жылғы патшалық Ресей тұсында «Орынбор-Ташкент» темір жолының іске қосылғаны тарихтан мәлім. Аталған шойын жол үстінде қызу жұмыс сол заманнан бүгінге дейін тоқтаусыз жалғасып келеді. Алғашында паровоз депосының құрамында болған вагон цехы өзінің қажеттілігін дәлелдеп, дербес мекемеге айналғалы қай заман.
Иә, енді осы төңірегінде сөз сабақтасақ. Тәуелсіздік таңы атып, өз алдымызға еркін ел атанғаннан бастап темір жол саласының екінші тынысы ашылды. Нақтысы, азат мемлекет деп танылып, ел дамуына ерекше серпін берген «Қазақстан темір жолы» жаңашылдыққа бет бұрды. Атап айтсақ, 1999 жылы «Қазалы пайдалану вагон депосы» қарқынды түрде жұмысты жандандыруға ден қойып, вагон жөндеу базаларын ашты. Сөйтіп, аймағымызда тағы бір іргелі құрылым қолданысқа енді. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің құзырындағы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының «Қазалы пайдалану вагон депосы филиалы» 2016 жылдың шілде айынан бастап «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамына тиесілі «ҚТЖ жүк тасымалы»-«Батыс» филиалы-«Қазалы пайдалану вагон депосы» болып қайта жасақталды.
Қазіргі таңда Қазалы пайдалану вагон депосы Қоскөл-Сексеуіл, Сексеуіл-Қазалы, Қазалы-Қызылорда, Қызылорда-Сауран телімдерінде орналасқан, құрамында 2 техникалық қызмет көрсету қосыны (Сексеуіл, Қызылорда), 3 техникалық қызмет көрсету бекеті (Қазалы, Жосалы, Шиелі), 2 пойыздарды тапсыру бекеті (Төретам, Арал теңізі) және 24 бақылау бекеттері бар 1 санаттағы үлкен ұжым болып табылады. Әр қызметкер өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз атқару үстінде. Олар уақытпен санасуды білмейді. Себебі, темір жол үстінде арлы-берлі жүйткіп жатқан жүк вагондары Ресей, Қырғыз, Моңғолия, Грузия мен Қазақстанның түкпір-түкпіріне айына 700-ден астам жүк тиеп, әрбір аманатталған тасымал вагондарының еш кідіріссіз жетуін бақылауда ұстайды.
Жалпы, осынау депоның басшысы, Қазақстанның құрметті теміржолшысы Арғын Орынбаев теңізді өлкенің тумасы. Арманы асқақ азамат мақсат қуып, осы саланы таңдаған. Еңбегі ескерусіз емес. Ұзақ жылғы қызметінде талай мәрте абыройы асып, мерейі тасыған. Республика, облыс тарапынан алған Алғыс хаттары, марапаттары бір төбе боларлық Арғын Қайырбайұлының бірнеше шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаты екенін, жұртшылықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдағанын айтып өтпеске болмас.
Бүгінгі күнде «Арал теңізі» вагондарды бақылау бекетінде бас-аяғы 12 адам жоғарыда тілге тиек еткен басшының қарамағында жұмыс жасап, тапсырмаға тиянақтылығымен дараланып жүр. Сала саңлақтары қатарындағы аға вагон қараушысы Тойбазар Қайназаров, Болат Нағыметов, Ерболат Балшамбаев, Ерталап Кәрібаев қандай да бір мақтауға лайық.
Мемлекетіміз тыңнан түрен салып, жарқын жобаларды іске асырып жатқаны көкірегі ояу, көзі ашық жандарға мәлім. Халықтың игілігіне жарап, пайдалануға берілген Жезқазған-Бейнеу темір жол желісі 2014 жылдан бастап жүргенде Арғын Орынбаев жетекшілік ететін Қазалы пайдалану вагон депосы жаңа бастаманың басы-қасынан табылды. Яғни, депо мамандары жаңадан тартылған жол үстіндегі қауіпсіздікті ұдайы қаперге алып, әрбір артылған жүктің шашауы шықпай жеткізілуін мұқият қадағалады. Бұл ұжымдағы ауызбіршілік пен басшының талапшылдығының жемісі еді. Қай кезде де қос ауданға ғана емес, алыс-жақын шетелдер мен республиканың облыстарына етене таныс депо уақытпен үндесіп отырды. Бәсекеге қабілеттілік деген қағиданы естен шығармай, теміржолшылар қауымы арасындағы ұйымдастырылған салалық жарыстарда жүлделі орындарды иеленген іргелі құрылымның бір үйдің баласы сынды бірлігі, түсіністікпен атқарған тірлігі жалғасатынына ешкім шүбә келтірмейді. Себебі, төрт жүзге жуық адам нәпақа табатын депо басшысының адами келбеті бөлек, іскерлік қабілеті ерек екенін аймақ жұрты әлдеқашан мойындап қойған.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
09 тамыз 2023 ж. 136 0