Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Құрметті теміржолшы» атанды

«Құрметті теміржолшы» атанды

Төл мереке қарсаңында салада 37 жыл еңбек етіп келе жатқан, «ҚТЖ-Жолаушы локомотивтері» ЖШС-нің Сексеуіл аймағы бойынша бастығы Бауыржан Аяғанов «Құрметті теміржолшы» атағына ие болды. Сыр өңірінде, Аралдың Сазды ауылында туған Бауыржан Әлімұлы теміржолшылар әулетінің көшін бастап, династия қалыптастырды.
Б.Аяғанов 1981 жылы Қызылорда қаласындағы Темір жол қатынасы техникумына тепловоз шаруашылығы мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1985 жылы аталған оқу орнын тепловоз шаруашылығы техник-механигі мамандығы бойынша бітіріп, Сексеуіл локомотив депосына жолдамамен жіберіледі. Осылайша еңбек жолын аталған депода ТҚК-3 цехының бригадирі болудан бастайды. Жұмыс орнына енді төселіп келе жатқанда сол жылы қараша айында кеңес әскері қатарына шақырылып, 1985-1987 жылдар аралығында Беларусь жерінде әскери әуе күштері қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. Елге келген соң Сексеуіл локомотив депосына ТҚК-1 цехына жөндеуші болып еңбек жолын жалғастырады. Содан соң жұп дөңгелек өлшеуші ақаутапқышы, ТҚК-2 цехы ауысым шебері, дайындау цехының аға шебері қызметтерін атқарады. Темір жол саласында құрылымдарды қайта құру кезінде 2004-2016 жыл аралығында Қазалы Локомотив сервис орталығы, Сексеуіл бөлімі бойынша инженер электрші, жетекші инженер технолог болып еңбек етеді. 2016-2021 жылдар аралығында Сексеуілпайдалану локомотив депосындажетекші инженер технолог болады. 2021 жылықазіргіқызметінеауысады.
– Теміржол саласында қызмет атқару барысында тепловоз құрал саймандарына рационализаторлық жаңашылдықта рен гізіп, өндірістік жетістіктер мен көзге түстім. Басшылық тарапынан Құрмет грамоталарымен, арнайы сыйлықтармен марапатталдым. 2021 жылы «Түркісіб-90» мерекелік төсбелгісімен, 2022 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның құрылғанына 25 жыл мерекелік төсбелгісімен марапатталдым. Әсіресе 2019 жылдың қорытындысы бойынша Арал ауданында «Жылдың үздік теміржолшысы» атағына ие болғанымды ерекше мақтанышпен айта аламын. Қалай десе де «табалдырықтан биік тау жоқ» деп өскен ұрпақпыз ғой. Туған жердің көрсеткен құрметі қашанда айрықша болады екен. Бүгінгі кәсіби мереке қарсаңында алған «Құрметті теміржолшы» марапатым да еткен еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Бұл жетістікке дара шауып жеткенім жоқ. Ұжымның жетістігі, барлығымыздың бірге жеткен белесіміз, – дейді марапат иесі.
Бүгінде оның ұлы Еркебұлан Аяғанов әке жолын қуып, Сексеуіл пайдалану локомотив депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Сонымен қатар қоғам өміріне де араласып, Арал аудандық мәслихатының депутаты ретінде елдің жағдайын жасауға атсалысуда.
О.ЖОЛДАСОВ

07 тамыз 2023 ж. 361 0