Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен өскен азамат

Еңбекпен өскен азамат

Жетістікке жету үшін талаптансаң болғаны. Расында қоғамның қарқынынан қалмай, заманның ағымына ілесе білу үшін еңбек ете білуіміз керек. "Бір пайыз ғана талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбекпен" келетін жетістіктің жемісін жеп жүрген жандар бүгінде ортамызда да бар. Солардың бірі – білімді маман, білікті көшбасшы бола білген, қазіргі уақытта тек аудандағы емес, республика көлемінде іргелі мекемелердің бірі Сексеуіл пайдалану локомотив депосы басшысының міндетін атқарушы, облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Аяғанов.
Биыл Қазақстан темір жолының 25 жылдық мерейтойы десек, кейіпкеріміз де 15 жылдық еңбек жолын осы салаға арнап, бүгінде адал еңбек пен төккен тердің нәтижесін көріп отыр.
Еркебұлан Бауыржанұлы 1989 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Сексеуіл кентіндегі №177 қазақ орта мектебін бітірген соң, 2008-2011 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжін «Тартқыш жылжымалы құрамдарға техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кейін білімін жетілдіру мақсатында 2011-2014 жылдар аралығында Д.А.Қонаев атындағы Көлік және құқық гуманитарлық университетін «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану», 2014-2016 жылдар аралығында Қазақ қатынас жолдары университетін «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» мамандығы бойынша білім алады. Колледж қабырғасында оқып жүріп, болашақ мамандығы бойынша 2007 жылы 12 желтоқсанда еңбек жолын бастайды. «ЛСО» АҚ «Қазалы локомотив сервис орталығы» филиалының Сексеуіл өндірістік телімінде жылжымалы құрамы жөндеушісі болып қызметін бастаған Еркебұлан 2011-2015 жылдар аралығында «ЛСО» АҚ «Қазалы локомотив сервис орталығы» филиалының Шиелі өндірістік телімінде ТҚК-2 жөндеушісі болды.
2015-2016 жылдар аралығында «Локомотив» АҚ Сексеуіл локомотив пайдалану депосының ауысым шебері болған Еркебұлан Аяғанов өз жұмысына деген жауапкершіліктің арқасында жетістікке жете білді. Еңбегі еленіп, соның нәтижесінде «Локомотив» АҚ Сексеуіл локомотив пайдалану депосының аға шебері қызметіне ауыстырылды. Жас та болса жігері мен құлшынысы оны одан сайын алға сүйреді. Білікті маман 2017-2019 жылдар аралығында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «ГП-Қызылорда бөлімшесі» филиалының қозғалыс қауіпсіздігі қызметінің бас маманы, 2019 жылдың 14 қазанынан бастап «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «ГП-Қызылорда бөлімшесі» филиалының Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Артылған міндет ауырлай түсті. Тек өзінің жұмысына ғана емес, тұтастай бір мекеменің шаруасына жауапты азамат атанды. Және сол міндетті адал атқарып, зор сенімге ие болған ол биыл 18 сәуірден бастап «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «ГП-Қызылорда бөлімшесі» филиалының Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының міндетін атқарушы болып бекітілді. Қазірде басшылыққа тән ұйымдастыру қабілетінің арқасында 400-ге жуық қызметкер жұмыс жасайтын мекемені алға сүйреп келеді.
Мұнан бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, елдің қамын, халықтың жағдайын назарынан тыс қалдырмайтын Еркебұлан қазірде елдің азаматына айналды. 2020 жылдан бастап «Жеңіс» республикалық әлеуметтік-қайырымдылық жобасының Арал ауданы бойынша аймақтық үйлестірушісі болса, сол жылы «Сексеуіл» бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметіне тағайындалған. Ердің бағасын ел береді ғой қашан да. Еселі еңбегі жұртшылықтың көңілінен шығып, халықтың қолдауына ие болды. Қай уақытта да сенім үдесінен шыға алатын азаматқа өткен жылы артылған салмақтың жүгі тіпті ауыр. Халықтың бұл аманатын да қиянатсыз атқарып келе жатқан ол 2021 жылы Қызылорда облыстық мәслихат депутаты болып сайланды.
Ел мен жерге еткен еңбек зая кетпейді ғой. Еленді. Еркебұлан бүгінге дейін 2017 жылы көлік қызметкерлері күні қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың, дәл сол уақытта «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатовтың, 2017 жылы Тәуелсіздік күніне орай Арал ауданының әкімі М.Оразбаевтың Алғысымен марапатталды. 2018 жылы Көлік қызметкерлері күні қарсаңында «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қ.Алпысбаевтың, 2019 жылы Арыс қаласында болған төтенше жағдайға байланысты Қызылорда облысы әкімі Қ.Ысқақовтың Алғысы да марапаттарының қатарын толықтырып тұр. Мұнан бөлек 2019 жылы Көлік қызметкерлері күні қарсаңында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қ.Сауырбаевтың Құрмет грамотасы мен 2020 жылы Көлік қызметкерлері күні қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіхалықованың Алғысын алды.
2019 жылы «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болашақ басқарушылар легін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «100 жас есім» байқауының жеңімпазы атанып, төсбелгісімен, «Үздік депутат-2021» төсбелгісімен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен, 2021 жылы «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Үздік маман» атағымен марапатталған.
Билғы жыл да кейіпкеріміз үшін табысты болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын, кеше ғана «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Н.Сауранбаевтың Құрмет грамотасын, «Қазақстандық салалық темір жол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің «30 жылдық мерейтойлық төсбелгісін» алды. Бұл аузымызға түскені ғана.
Жас та болса іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен көптің қолдауына ие болып келе жатқан азамат алдағы уақытта табысты, жемісті еңбек етеді деп сенеміз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
16 тамыз 2022 ж. 663 0