Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткіге қарсы жұмыстар жүйелі жүргізілуде

Есірткіге қарсы жұмыстар жүйелі жүргізілуде

Бүгінгі қоғамдағы басты мәселелердің бірі – есірткі болып отыр. Бұл мәселенің алдын алу үшін дүйім дүние болып қарсы шықсақ та, атаулы дүниені пайдаланатындар немесе сататындар қатары азаймай тұрғаны жасырын емес.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға ерекше назар аударып, бұл тура¬лы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында жеке тоқталады. Бұл мәсе¬ле Үкіметтің әрдайым бақылауында. Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, арнайы жол картасы да қабылданған. Қоғамның дертіне айналған түйткіл биліктің заң шығарушы тармағы тарапынан да назардан тыс қалған жоқ. Көптеген депутаттық сауал жолданып, бірқатар заңға өзгеріс енгізілді.
Тағы айта кетерлік мәселе – құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірумен айналысатын адамдар да аз емес. «Қуаты күшті өсімдікті» өсіруді тоқтату үшін Арал аудандық полиция бөлімі жүйелі жұмыстар атқарып келеді.Оның бірі қалың көпшілікке мұндай дүниеден аулақ болуын насихаттаса, екіншісі тұрғындардың үй ауласына арнайы тексеру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Өткен айда Арал ауданының Полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Е.Тлепбергеновтің хабарламасы бойынша аудан тұрғыны Б есімді азамат тұрғын үйінің ауласына орналасқан сырты ағашпен қоршалған, сонымен бірге қауын мен қияр егілген бақшасының ішіне 6 жерден ұяшық қазып, оған жалпы 9-түп есірткі өсімдігіне ұқсас өзіне тән ерекше иісі бар, жасыл түсті өсімдікті егіп өсірген. Сонымен бірге Б есімді азамат ісі әшкере болған кезде 9-түп есірткіге ұқсас өсімдіктерін жұлып алып, оны көршілес орналасқан тұрғын үй ауласына жасырып өзі оқиға орнынан кетіп қалғандығы, сондай-ақ оқиға орнына жедел тергеу тобын жіберуді хабарлады. Осы тұста Б есімді азаматтың үй ауласына заңсыз еккен сора өсімдігіне ұқсас заттары анықталып, кейінгі қалдыруға болмайтын мән жайларға байланысты уәжді қаулы негізінде бөлімнің аға тергеушісі Г.Тулегеновпен бірге тінту жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйді тінту нәтижесінде үй ауласында орналасқан бақшадағы 6 жерге есірткіге ұқсас өсімдік еккен ұяшықтар, сондай-ақ бақша жанындағы сарайдың терезесінің ішкі бет жағынан жасыл түсті өзіне тән иісі бар өсімдік жапырағы заттай дәлелдеме ретінде алынды. Қазіргі уақытта Заң бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Нашақорлықпен қарсы күрес – баршамыздың қолымызда. Мұндай әрекеттің алдын алу үшін сіз бен біз болып бірге күресер болсақ, атаулы мәселе шешімін табары сөзсіз. Сол үшін өскелең ұрпақ бойына нашақорлық, есірткі деген дүниелерді пайдаланудың соңы қандай жағдайға апаратындығын айтып, оны жою жолдарын үлгі ете білгеніміз жөн.
Н. Шегебаев,
Арал аудандық полиция бөлімінің бастығы,
полиция подполковнигі
06 тамыз 2023 ж. 189 0