Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында биыл су айдындарында 26 адам қаза болды

Қызылорда облысында биыл су айдындарында 26 адам қаза болды

Қызылорда облысында биыл су айдындарында 26 адам қаза болды. Бұл тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы салдарынан болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында соңы өлімге әкелген 26 оқиға тіркелді. Оның 19-ы ересек адам болса, 7-уі бала. Ал былтыр дәл осындай 30 жағдай тіркелді. Оның 9-ы бала.

«Оқиғалардың басым бөлігі Сырдария өзені мен үлкенді-кішілі каналдарда тіркелген. Жазғы суға шомылу маусымы басталар тұста жедел құтқару жасағының жүзу құралдары, сүңгуірлік жарақтары мен жабдықтары дайындыққа келтірілген. Атап айтқанда, 69 құтқарушы, 19 автокөлік, 23 жүзу құралы мен 34 сүңгуірлік жарақ дайындықтан өткен. Сүңгуір автокөліктер қажетті құтқару құрал-жабдықтарымен, құтқару кеудешелері және шеңберімен жарақтандырылған», – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жандос Жүгінісов.

Суға шомылу маусымында аймақта 4 коммуналдық жағажай жұмыс істеді. Олардың қатарында Шиелі ауданындағы «Ақорда», Сырдария ауданындағы «Қалғандария», Қармақшы ауданындағы Мұратбаев және Қазалы ауданындағы «Қашқан су» жағажайы бар.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында жоғалған 7 жасар қыздың денесі каналдан табылды.

syrboyi.kz
09 тамыз 2023 ж. 183 0