Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жағымпаздық – мұсылманға жат

Жағымпаздық – мұсылманға жат

«Байлыққа қол жеткізу үшін жағымпаздық
жасаған адам иманның үштен екісін жоғалтады»
(Хадис)
Ислам діні қоғамда кездесетін кез келген дерттер мен кемшіліктерді емдейтін тағылым екені даусыз. Өзгенің ақысына қол сұғу, ұрлық, тонау, құмарлық сынды адамға зиян келтіретін және қоғамның дамуына кедергі болатын күнәларды ислам діні айыптайды және олармен күреседі. Жағымпаздық біреуді асыра мақтау, адам мінезіндегі ұнамсыз сипат болып саналады. Жағымпаз адам айналасындағы адамдарға, өзінен қызмет жағдайында жоғары тұратын кісілерге жақсы көріну үшін шектен тыс қошеметшіл болуға тырысады. Көбінесе, бұл сипат өз қабілетіне өзі сенбейтін, оңай жолмен артық пайда табуды не билік-мансапқа қол жеткізуді өмірінің мақсаты тұтқан адамдардың бойында кездеседі. Жағымпаздықтың әлеуметтік ортаға, қоғамға тигізетін зияны көп. Жағымпаздық орын алған әлеуметтік ортада адамгершілік принциптері мен шынайы құндылықтар рөлі төмендеп, адамдар қарым-қатынасында жалған өлшемдер белең алады. Сондықтан халық қашанда жағымпаздықты ащы күлкімен шенеп отырған.
Жағымпаздық – көбіне мұнапықтыққа жақын іс-әрекет. Тіпті кәпірге жағымпаздану күпірлік саналуы мүмкін. Бұл жайында Құран кәрімде: «Олар сенің өз сеніміңнен баз кешіп, өздеріне жағынғаныңды қалайды, сөйтіп, өздері де саған жағынбақ»делінген. (Қалам сүресі 9-аят). Абдулла ибн Аббас бұл аятты, олар сенің күпірлік келтіруіңді қалайды, өздері де күпірлік танытады деп, түсіндіреді. (Жамиғ, әл Баян, Табарани, 29/56)
Әлсіз, әлжуаз, өз қабілетіне сенбейтін, өзін дамытып биіктерге жетуге құлшынбайтын пенделердің бойында міндетті түрде жағымпаздық орын алады. Өйткені өмір сүру қажеттілігі ондай пендені, күшті өз пікірі мен ұстанымы бар және өзін жетілдіріп биіктерге құлшынатын, сондай биіктерге жетіп, шыңдарды бағындырып жүретін жігерлі адамдардың қолтығының астын паналап, соларды пайдалануға, солар арқылы биіктерге жетуге ынталандырады. Әлжуаз адамда одан басқа амал да болмайды.
Егер сіз табиғатқа зер салып қарасаңыз, Жаратқан тіршілік иелерін бір-бірімен септесіп тірлік етуге бұйырғанын аңғарар едіңіз. Мәселен кене деген кішкентай жәндік бар. Басқа жәндіктердің қанымен қоректенетін кененің қол аяғы бар, жүреді, бірақ өткір тырнағы бар, тісі бар жыртқыш емес, елік, бөкен сияқты қатты жүгіруге жарайтын мықты тұяғы да жоқ, сұңқар сияқты биіктерге самғайтын қатты қанаты жоқ. Ендеше кене қалай күн көрмек? Ол үшін Жаратқан оған өзінен әлдеқайда үлкен қой, сиыр, жылқы сияқты жануарлардың денесіне жабысып алып, қанын емін-еркін соруына мүмкіндік жасаған. Кіп-кішкентай кене үлкен жануарға жабысып алып, қанын сорғаннан соң, бір аптаның ішінде тырсиып семіріп, қанға мелдектей тояды. Оны жануардың денесінен жұлып алу да оңай емес.
Жағымпаз пенделер де сол сияқты. Олар өз күштерімен, ақыл-ой, қабілеттерімен ешқашан биік мансапқа жете алмайды. Өйткені бойларында ондай қабілет те, ерік-жігер, білім де жоқ, ең өкініштісі, сондай білім мен білікті игерейін деген ынта-ықылас та жоқ. Әдетте жағымпаз адамдардың бәрі жалқау болып келеді. Дегенмен олардың бойында, кене сияқты өздерінің қоректеріне тастай жабысып, соны пайдаланып, барлық мақсаттарына жеткізетін бір қасиет бар, ол – жағымпаздық. Мақсатына жету үшін жағымпаз ештеңеден тайынбайды: олар қажет болғанда әнші де, биші де, сайқымазақ та бола алады.
Хакім Абай: «күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап, әлсіздің сөзін салғыртсып, шала ұғамын қырындап» -деген екен.
Әрине бүгінгі басшылардың бәрі данышпан емес. Олардың көбі өздерін еш себепсіз мақтап, асты-үстіне түсіп «ағалайтын» жағымпаздардың ойында не бар екенін мүлдем сезбейді. Содан кейін-ақ, мұндайлар жағымпаздар ұрған қақпанға оңай түсіп қалады. Содан кейін жағымпаз әлгінің сеніміне кіріп алып, ең жақын адамына айналады, билікке қолы жетіп, басшыны өз мүддесіне пайдаланады. Мұндайлардың әрекетін жоғарыда айтылған кенемен салыстыруға болады. Қадалған жерінен қан алатын жағымпаздар да, өз бойларында жоқ қасиеттері бар басшылардың қанын сорып, топтай болып семіреді. Олардың бар арман-мақсаттары осы.
Крыловтың «түлкі мен қарға» туралы аңызын еске түсіріп көрелік. Ауызында ірімшігі бар, бағана басында отырған қарғаны көрген түлкі, оны жөн-жосықсыз мақтай береді, тіпті бұлбұлға теңеп, одан да өткен әншісің деп соғып жібереді. Мақтауға еліккен сорлы, оның айтқанына сеніп, түлкінің қалауымен ән салмақ болады. Сөйтіп «қарқ» еткенде ірімшігі жерге салп ете түседі. Ірімшікті қағып алған түлкі, арманы орындалған соң, қарғаны жайына қалдырып, табанын жалтыратады.
Жағымпаздар да солай, қолында билігі бар адамдарды «ағалап» жағалайды, қажетін алып, оны әбден пайдаланған соң, әлгі адамның қолынан билігі мен байлығы кеткен кезде, жалт бұрылып табанын жалтыратады. Кеше ғана «ағалап» асты-үстіне түсіп жүрген бауырмал адам, бейнесін күрт өзгертіп, қатыгезденіп, дөрекіленіп шыға келеді.
Ислам діні жағымпаздық танытуды құптамайды. Хадистерде, «жағымпаздық мұсылманға жат», «шындық үшін жәбір көру, тәкаппарлық танытудан жақсы»деп айтылған.
Дүниелік игілік үшін байлардың алдында жағымпаздық таныту өте қауіпті. Бұл туралы хадисте; «Дүние игілігі үшін ықпалды адамның алдында төмендейтін адам, мейірімнен алыс болады», «Байлыққа қол жеткізу үшін жағымпаздық танытатын адам, иманының үштен екісін жоғалтады»,-делінген.
Тегінде жағымпаздық адам бойындағы ең бір жағымсыз, жексұрын мінез. Оның өзгелерге әкелер зияны ұшан-теңіз. Бір адамды мақтап, көпшік қойып, көпе-көрнеу қолпаштау арқылы ол өзінің ішкі есебін жүргізуді көздейді. Әрине жағымпаздық өзінен әлсіз, өзінен төмен тұрғандарға емес, өзінен биік тұрғандарға, қолында билігі бар мықтыларға, лауазымы жоғарыларға көрсетіледі.
Ал сол қолпаштауды үнсіз қабылдайтын, мақтау-мадақтау жанына майдай жағатын адамның да жағымпаздан асып кеткен жері жоқ. Керісінше соған жол бергені үшін, жағымпаздан да әлдеқайда қауіпті. Әсіресе ол, мемлекеттік жоғары лауазым иесі болса. Өйткені ол қолтығына кіріп алған жағымпаздардың бас пайдасы үшін, ертеңгі күні қылмысқа итергенін аңғармай қалады. Оның зияны қоғамдағы көпшілікке тиеді. Үнемі орынды-орынсыз мақтау естіген адам, кәдімгідей сол қолпаштауға сеніп, өзін өзгелерден артық санап, өзін шынында да данышпан, теңдессіз адамға балай бастайды. Ондайлар, өзінен кейінгілердің тарапынан кішкене сын айтылса, шыныдай шытынап, көтере алмайтын жағдайға жетеді. Өйткені өзін данышпан санағандықтан, өзгелердің жол сілтегенін жақтырмайды, ақылды тек өзі ғана айтуға тиісті болып көрінеді.
Расында да, қарапайым пендеге жарық күн, тұнық ауа, өзінің күрделі ойларымен жеке қалудан артық бақыт жоқ. Шынында да азат адам ғана, өзгеге жағымпаз болмайтыны, адамзат тарихында талай рет дәлелденген. Яғни жағымпаздық нағыз құлдыққа әкелетін баспалдақ. Әсіресе жағымпаздық адамдар бойындағы құлдық психологияның ең сорақы көрінісі және рухани азаттық, іштей еркіндіктен мақұрым ортада жәреуке жағымпаздық қоғамдық өмірдің барлық саласын шырмап, азат, тәуелсіз ой мен сананы әрдайым шідерлеп, бұғауда ұстайтынын адамзаттың аузы дуалы барша кемеңгерлері де баса айтып өткен-ді.
Қ. Қабылғазиев,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы
12 тамыз 2023 ж. 545 0