Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалығымның естелігі немесе Барби қуыршақтары несімен танымал?

Балалығымның естелігі немесе Барби қуыршақтары несімен танымал?

Жақында Ақтөбе қаласына жолым түскен болатын. Онда кеш бата көп қабатты үйлердің алдындағы балалар ойын алаңы лық толады. Қолына ойыншық машина ұстаған ер балалар, қуыршақ ұстаған қыз балалар көп екен. Оларға қарап балалығымда ата-анамның үнемі алып беретін «Барби» қуыршақтары есіме түсті. Қазіргі таңда түрлі-түсті шашы бар, әдемі көйлекті қуыршақтардың түр-түрін көруге болады. Олардың кейбірінің тіпті үйлері мен өзге заттары қоса сатылады. Бірақ осы Барби қуыршақтарының сатылымы әлі де басқа ойыншықтарды басып озуда. Оның себебі неде? Бұл қуыршақтардың қандай тартылысы бар?
Жалпы Барби қуыршақтарын Рут Хэндлер жасап шығарған екен. Ол өзінің және құрбысының қыздарының қуыршақтармен ойнап отырғанын көріп, оларды үлкен өмірге дайындаудың жолын іздеген. Оның ойынша жасы үлкен, ер адам, кішкентай бала кейпіндегі қуыршақтармен ойнау арқылы балалар солардың орнына өздерін қоя алады және түрлі жағдаяттар ойлап тауып, одан шығу жолын да қарастырмақ.
1955 жылы ең алғашқы қуыршақ ойыншықтар Бильд Лилли атты неміс комиксінің кейіпкеріне арналып шығарылды. Қуыршақтың киім үлгісі өзгертіліп, оған қызы Барбараның құрметіне «Барби» есімі берілді. 1959 жылы Америкалық ойыншықтар көрмесінде алғашқы Барби қуыршағы сатылымға шығарылды. Онда қуыршақтың киімін 3 долларға бөлек сатылымға шығарды. Алғашында бұл жағдайға ата-аналар сенімсіз қараған болатын, кейіннен ойыншық танымалдылыққа ие болды. 1964 жылы Бильд Лилли ойыншыққа өз кейпін беруден бас тартқан. Сол уақыттан бері қуыршақтың дизайны өзгеріске түсті.
Жарнамаларда Барби жасөспірім ойыншық ретінде көрсетілгенмен оның бет жүзі үлкен әйелге ұқсайтын және ашық, сәнді бет бояуымен ерекшеленетін. Сол себепті 60 жылдары бірнеше рет дауға ұшыраған соң 1961 жылы оның «жігіті» ретінде Кен 1963 жылы құрбысы – Мидж, ал 1964 жылы сіңілісі Скиппер жасалып шығарылды. Олардың киім үлгілері, түрлері және басқа да заттары заман талабына сай өзгертіліп отырды.
1967 жылы афроамерикандық азаматшаның қуыршақ үлгісі таныстырылды. Сонымен қатар олар суретші, модель, әнші, балерина, медбике, бала күтуші, мұғалім секілді түрлі мамандық иелерінің үлгілерін шығара бастады. Олардың ішінде 1965 жылғы Барби-космонавт және 1991 жылғы президент Барби үлкен сұранысқа ие болды. Ең қызығы 2015 жылы арнайы камерасы, микрофоны, диномик және WiFi модульі бар қуыршақ шығарылды. Ол баламен сөйлесе алады, дауыс жазып, оны өзгеге жібере алатын қасиетке ие. Және Барби қуыршақтары әлемдегі барлық жанның теңдігін көрсету мақсатында өзінің дене пішімін ұзын, арық немесе бойы кішкентай және толық етуімен де танымал. 2017 жылы хиджаб киген Барби сатылымға шықты. Оның прототипі – америкалық фихтовальшы Ибтихадж Мухаммад болды.
Бұл уақыт аралығында Барби көптеген сынға ұшыраған болатын. Көптеген ата-ананың ойынша қыздары өз пішімін Барбидің дене пішіміне ұқсатқысы келеді. Ал ол өте арық, сондықтан түрлі әрекетке баратын қыздар көбейген. Келесі үлкен дау сөйлейтін Барбидің сөздеріне қатысты болды. Оның «мен шоппингті жақсы көремін, кеш ұйымдастырсақ қайтеді?, математика – күрделі пән, ол әйелдерге арналмаған» сынды сөздері халыққа ұнамаған болатын. Ресей елінде «жас қыздарды ерте есеюге итермелейді, Америкалық жат өмірге үйретеді» деп айыпталған болатын.
Осыншама сынға қалғанымен жақында ғана кино көрсетілімі болған «Барби» фильмі үлкен танымалдылыққа ие болды. Фильм барысында феминизм насихатталғанымен, ол ешқандай кедергі келтірген жоқ. Жылдың ортасында шығарылғанына қарамастан 2023 жылғы ең көп қаражат жинаған топ 3 фильмнің қатарына енді. Қазір ғаламтор желісінде де қызғылт түсті киім киген қыздардың видеосы көп таралуда. Осының барлығы ол қуыршақ брендінің атағын арттыруда.
Иә, жай ғана қуыршақ деп қабылдаған Барбидің осындай қызықты құпиясы мен тарихы бар. Сондықтан балаға арналған әрбір дүниені арнайылап тексерген жөн. Бастысы қуыршақ ойнаған балалардың сеніміне кедергі келтірмесе болды демекпіз.
Г. САҚТАПОВА
13 тамыз 2023 ж. 334 0