Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы және қазіргі қоғам

Отбасы және қазіргі қоғам

Қоғамдағы берекелі тұрмыстың қалыптасуында отбасының рөлі маңызды. Осыған байланысты «Арал-Ару-Ана» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен биылғы жылға арналған «Арал ауданында әйелдердің жұмысын дамыту және отбасы неке құндылықтарын насихаттау бағытында шаралар ұйымдастыру» жоспары мен Арал ауданының қоғамдық Даму бөлімінің тапсырмасына сәйкес «Отбасы және қазіргі қоғам» тақырыбында «Арал» мейрамханасында әйелдерге арналған шара өтті.
Шараның негізгі мақсаты ауданда өз саласында жетістікке жеткен және қоғамда белгілі әйел азаматтарды насихаттау мақсатында кездесу және сұхбаттар ұйымдастыру, ардагер аналарды жас отбасыларға ақыл-кеңес,өмір жолымен таныстыру, бағыт-бағдар беру.
Ауданның ардагер аналары,ɵз саласының майтамандары,ауданымыздың кɵркеюiне атсалысқан құрметтi әйелдер кештің басты қонағы болды. Атап айтар болсақ, медицина саласының ардагері, кɵпбалалы ана аудандық әжелер ансамблiнiң мүшесi Күнқияш Омарова,56жыл аудандық перзентханада қызмет етiп, бiрнеше мың баланы дүниеге аман əкелген медицина саласының ардагерi Айткүл Ильясова, Жақсықылыш кентiнiң құрметтi азаматшасы,аяулы ана,екi мəрте аудандық мəслихатының депутаты,Совет Үкiметi кезiнiң Мəскеу қаласында сьезд қатысушысы Қиғаш Ағжанова, еңбек жолында комсомол,партия қатарының үздiгi,ұстаздық еңбек жолында кɵптеген бiлiмдi шəкiрттерiн шығарғанардагер ұстаз Сағатай Құдайбергенова, «Арал əйелдерi» қоғамдық бірлестігінің қалаушысы, 20 жылдан астам уақыттан бері шетел жобалармен бірлесе облыс бойынша экологиялық жағдайды жақсартуға жəне ауыл əйелдерiне қолдау кɵрсету жұмыстарын атқарып жүрген Бахытжамал Жүгiнiсова қатысып, өмірлік тәжірбиелерімен бөлісті. Өнегелі шараны жүргізген аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Қанағат Махамбетова кеш қонақтарынаөмірлік мәні бар, жастарға үлгі боларлық қырларын, өмірде көрген-түйгендерін аша білетін сұрақтар қойып, кештің мазмұнын одан әрі аша түсті.
– Шараның ɵткiзуiне біздің қоғамдық бірлестік ғана емес, Арал аудандық «Аналар кеңеснің» мен «Әйелдер кеңесі» мүшелері атсалысты. Қатысушылар арасынан көше комитеттер төрайымы Сарагүл Омарова, Бексулу Ешниязова, «Аралдың қаракөз келіндері» даму орталығының негізін қалаушы Ханзада Құдайбергенова,«IQ» орталығының директоры,«Нәзік әлем» қыз-келіншектер даму орталығының негізін қалаушы Анар Жахан, «Gnacademy» өнер-білім орталығының директоры Әйтеке Назерке Әлиқызы, Арал «Аналар кеңеснің» мүшелері болды. Бұлардың бәрі аудандағы нәзік жандыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, дамуына қол ұшын созып жүрген жандар, – дейді кештің ұйымдастырушысы «Арал-Ару-Ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лаура Қолғанатқызы.
Кештегі тағы бір ерекше шара көпті сүйсіндірді. Кеш барысында Арал қаласында азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Жанар Абибуллаева ресми түрде жас отбасының некесін қиды. Осылайша тарихы тым тереңде жатқан, Арал теңізінің жағалауында орналасқан «Арал» мейрамханасының ғимаратында өткен аналарға арналған әдемі кеште Исаев Самат Максимұлы мен Жұбаназарова Гүлдана Ақылбекқызы көпшілік алдында жас отбасы атанып, неке куәлігі табысталды. АХАТ басшысы неке куәлігін табыстап, естелікке жастарға ақ отау сыйлап, өзінің ақжарма тілегін білдірді.
Міне осындай өнегесі мен өсиеті көп тағылымды шарада аға буын тарапынан жастарға отбасы құндылығын сақтау, ата-ананы құрметтеу, өмірге дені сау ұрпақ әкелудің маңыздылығы, жас ананың күтімі төңірегінде ақыл-кеңестер айтылумен қатар, әсем ән шырқалып, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
12 тамыз 2023 ж. 392 0