Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ала жіп – ардың айнасы

Ала жіп – ардың айнасы

«Ала жіп» қазақта киелі мағынаға ие. Міне, осы бір атауға ие жіптің астарына өз әлімізше үңіліп көрсек. Иә, біз бұл екі сөзден құралған ала жіптің біздің дініміз бен дәстүрімізге қандай да бір қатысы бар екендігіне ден қоя бермейміз көбіне. Біле білсек, ала жіп – ар мен ұяттың айнасы. Ол жіптен аттағаның – ардан аттағаның. Ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өскен текті халықтың ұрпағы болғандықтан, біз сол бір ұғымнан асып ешқайда кетпесіміз анық.

Қазақ ала жіптің қасиеті бар деп сенген. Өмірде ақ пен қара бірге жүреді. Ала жіп те сол ақ пен қараның, бар мен жоқтың бір бірінен ажырамайтындығының символы. Қазақ халқы бала кезден «Біреудің ала жібін аттама» деп балаларын жамандық жолынан сақтандырып, тыйым салған. Бұл халқымыз үшін тәрбиенің басты құралы деуге болады. Ала жіпті аттау өзгенің жолын кесіп, басқаға зиян келтіру деген түсінік қалыптасқан. Қазақта ала жіпке қатысты тыйыммен қатар ырым да жетерлік. Мысалы, жас бала тәй-тәй басып, жүруге талпыныс жасай бастаған кезде оның тұсауын ала жіппен кескен. Содан кейін адам ойда-жоқта елсіз далада қонып қалса, ала жіппен шеңбер жасап, жататын жерін қоршап қояды. Сонда кесіртке, жылан сияқты басқа да кесапатты жәндіктер ала жіптен өтіп, адамға жақындай алмайды.
Хош... Көшпенді дәуірдің қилы кезеңін бастан кешкен бабаларымыз үшін ағаш үйдің орны әсте ерекше. Жазда жайлауға, қыста қыстауға көшсе де аттың жалына, түйенің қоңына таңылып келген бұл құрастырылмалы үйдің белдемше тәрізді ала жібі болғанын көбіміз білетін болармыз. Міне, ала жіп деген атауға ие осы бір белдік, біздің бабаларымыздың құлпы болды дегенге сенесіз бе?! Иә, кәдімгі үйдің, оның ішіндегі мүліктің қауіпсіздігіне кепіл болған осы бір дүниенің бізге таңсық, беймәлім тұстары бар. Енді соған тоқталсақ. Көшпенді дәуір көрінісінде ата-бабаларымыз үйді иесіз қалдырып бара жатқан жағдайда, есікке салар қазіргі құлыптың орнына қараша үйдің белдемшесі саналған әлгі ала жіпті есік алдымен айналдыра тартып қоятын болған. Текті халықтың ұрпағы сол ала жіптен аттамай, әлгі үйге ешбір қиянат жасамаған. Бұл біздің халқымыздың дәстүрге беріктігі мен дінге адалдығын айқындайды. Яғни, ала жіп аттамау ұғымы осыдан пайда болды деседі.
Қазақ ырым-тыйымға аса сенген, соның заңдылықтарын мұқият сақтаған халық. Сол бойынша балаларына саналы тәрбие беріп келді. Әлі де солай. Сол тәрбиенің бірі осы ала жіп ұғымына байланысты. Яғни, ата-әжеңіздің «біреудің ала жібін аттама» деген тыйым сөзді жиі айтатыны есіңізде болар. Осы бір сөзді жанына желеу еткен қаншама қазақ баласы қиянатқа бармай, барымташылық пен ұрлық-қарлықтан өзін аулақ ұстады. Нәтижесінде, халқымыз тектілігін жоғалтпай, қайырлы ұрпақ тәрбиеледі. Ешкімнің ала жібін аттамай, тура жолмен жүре білген халықтың небір нәубетті бастан өткерсе де, күні бүгінге жетіп, тәуелсіз ел атанып отыруының бірден-бір себебі де осыдан болар.
Иә, халқымыз тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесу дәстүрінде осы ала жіпті пайдаланған. Ала жіпті нәрестенің қос аяғына байлап, оны елдің алдында жүрген, көпке үлгі боларлық жандарға қидырған. Ондағы мақсат – өсіп келе жатқан бала алдағы өмірінде ешкімнің ала жібін аттамай, өзінің тұсауын кескен жанның жолымен жүрсін дегені. Осылайша, аталы дәстүрді аттамай өскен әрбір қазақ баласы өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа жастайынан ала жіптің нендей ұғымдармен ұштасып жататынын ұғындырып отырған. Қазақтың алтын бесігіне баланып, ата дәстүрдің сары майдай сақталып келе жатқан мекені ауылдарда бұл дәстүр әлі күнге бәз баяғы қалпында сақталып қалған. Сол себептен болар, пейілі кең, көңілі дархан даладай ауыл халқынан қазақылықтың иісі аңқып тұрады. Ауылдарда біз әңгімеге арқау еткен ағаш үй де, оның есігіне ұстар ала жіп те бар. Оны бала күнімізде көріп өстік. Көненің көзі, асылдың сынығы болған сол сарқыттардың көптеп қолданылмайтыны өкінішті кейде. Бастысы, бізге берген тәрбиенің дұрыс болуына септігін тигізген сол бір дәстүрлердің асыл дінімізден айырып алар айырмашылығы жоқ. Демек, осындай елдің перзенті болғанымызды мақтаныш етуіміз керек деп білемін.
А. ҚАРАСАЙ

Фото:  olx.kz
15 тамыз 2023 ж. 569 0