Ырым мен наным-сенім– ұлттық тәрбие көзі

Сондай-ақ «Жалғыз ағашты кеспе, құстың ұясын бұзба, атқа теріс отырма, ұрлық қылма, зорлық жасама, үлкеннің бетінен алма, шашыңды, тырнағыңды өсірме» дегеннің бәрі жас буынға таптырмас ақыл. Егер осыны Балаларымыздың бойына сіңіре білсек, олар жат қылық, жаман әдеттен аулақ болар еді.
Бұрындары әжелеріміз: «Қызға қырық үйден, қала берсе қара күңнен тыйым» дегенді мән-мәнеріне келтіріп айтушы еді. Мұны кемеңгерлік демей не дерсің? Текті ұрпақ осы тыйым сөздерді бұл¬жыт¬пай орындаса, оны алдыңғы ұрпақ елеп-ескеріп, бабалар тағылымы деп ойы¬на орнықтырса, жас ұрпақ та ибалы, инабатты, ақылды болып өсері анық.
Қазақтың тыйым сөзі – ұлттық тәрбие көзі. Қазақ халқының қанына сіңген тектілігі, адамгершілігінің жоғары болуы, әр түрлі келеңсіз көріністерден, әбес қылықтардан аулақ болғаны осы қазақтың тыйымының арқасы.
Қазақтың ұлттық тәрбиесінің алтын қазығы оның салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының қазақ халқының өмірінде алатын орны ерекше. «Нанды бір қолмен үзіп жеуге болмайды. Нан құраннан да қасиетті: құранға шығып нанды алуға болады, бірақ нанға шығып құранды алуға болмайды. Нан – дәм басы, онсыз өмір жоқ. Сондықтанда дастарқанға алдымен нан қойылады. Таңертең нан ауыз тимей үйден шығуға болмайды. «Асығыспын, нан ауыз тиейін», «Ең құрыса, нан ауыз ти» деген сөздер бекер айтылмаған. Нанды төңкеріп қоюға болмайды. Нанды бір қолмен сындыруға болмайды. Кемтар адам ғана нанды бір қолмен сындырады – деп отыратын қарттарымыз. Осы турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Нанды құрметтеңдер» деген хадисі бар. Құранда Алла тағала: «Ішіңдер, жеңдер, ысырап қылмаңдар, Алла тағала ысырапшыларды жақсы көрмейді» делінген. Бұл жердегі «Нанды баспа, шашпа» дегеннің астарында да ысырап қылмау, нанды құрметтеу жатыр. Бұл шариғатта бар нәрсе.
Қыдырып, қонаққа келген жас баланы үйден құр қол қайтармайды. Бұл –«сәбидің меселі қайтпасын» деген ырымнан туған ежелгі салт. Егер сәби үй иелеріне көңілі толмай қайтса, «бұл шаңырақтан – бақ, төрден – бақыт, дәннен – ырыс кетеді» деп ырымдалады.
Ырым халықтың жақсы ниетінен туған ғұрып. Ырым жолдары мен түрлері өте көп. Мысалы, шешен болсын деп аузына түкіру, отаншыл болсын деп туған жерге аунату сияқты ырымдар бар. Сол сияқты баласы тұрмай жүрген адамдар баласына Күшік, Итбай, Итемген, Көтібар, Малай дегендей қолайсыз ат қойса, өмірлі болады деп ырымдаған.
Жалпы айтқанда, ырым халықтың сенімі мен ақ ниетінен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір саласы. Әр ырымның өзегінде бір замандарда қоғамда маңызды рөл атқарған әдет-ғұрыптарының, салт-дәстүрдің сарқыны, қуатты қайнар көзі жатыр.
Бала еңбектей бастағанда бауырын жерден тез көтерсін деп бауырынан табақ өткізетін ырым бар. Тәй-тәй басып апыл-тапыл қадамдар жасай бастағанда жүйрік болсын деп бұтының арасынан сирақ асып өткізетін ырым да болған. Бала босағадан кіріп келе жатып, сүрініп кетсе, «олжа келді, олжа келді, олжасын көтере алмай келе жатыр, төрге аунат, олжа төрге жұқсын» деп ырымдап, үлкендер баланы төрге апарып аунатады. Бұл ырымның маңыздылығы – баланы періштеге санайтын дәстүрлі таным бойынша үйге баламен бірге құт кірді деген наным қалыптасып, құтты төрге, яғни үйге орнықтыру мақсаты көзделуінде.
Сонымен, ырым-тыйымдар қазақ фольклорында кездесетін ең қысқа, әрі өміршең жанрдың бірі деп танылады.Ол адамның күнделікті тұрмыс тіршілігінде тұтқиылдан көрініс тауып, қоғамдық санада бағзыдан қалыптасқан қасаң қағидалардың түйіні деуге болады.
Дайындаған К.Махсұт