Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Жайдары жаз бітіп, қоңыр күздің келетін күні де таяу. Бұл уақыт әсіресе, мектеп оқушылары үшін жаңа өмір белесіне баланады. Алғашқы қоңырау соғылып, бірі мектеп табалдырғын жаңа аттаса, енді бірі бір сынып алға басып, жаңа сатыға көтеріледі. Шәкіртімен қуана қауышып, құшағы гүлге толған мұғалім, ақ бантик тағып мектепке асыққан оқушы күздегі тіршіліктің шырайын кіргізіп жіберетіндей. Мектеп қана емес бұл шақта балабақшалар да бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашады. Біз бүгін білім беру мекемелерінің өткен жылдары бағындырған белесі мен жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтатын боламыз.
Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аудан бойынша 61 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасауда. Атап айтар болсақ, 18 мемлекеттік балабақша, 24 жеке балабақша, 19 мектеп жанынан ашылған толық күндік шағын орталық.
Жалпы аудан бүлдіршіндерінің 4244-тен астамы мектепке дейінгі тәрбие алуда. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 392 педагогжұмыс жасайды. Бір қуантатыны биылғы жылы балабақшасы жоқ Атанши елді мекенінен 25 орындық «Еркесұлу» жеке бөбекжай-бақшасы мен Арал қаласынан 45 орындық «AYBOBEK» жеке бөбекжай-бақшасы ашылып, ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр.
– Биылғы жылы аудандағы 50 мектепте барлығы 17776 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде, 1-сыныпқа 1659 бала қабылданып отыр. Мектептерде 2568 педагог қызмет жасайды. Бүгінгі таңға дейін 133 тәрбиеші, 969 мұғалім біліктілік деңгейін арттыру курстарынан өтсе, басқарудың менеджменттік жүйесі бойынша 33 мектеп басшысы мен орынбасарлары білімдерін жетілдірді. Жалпы, аудандағы барлық білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Ал сыртқы абаттандыру жұмыстары мен тазалық шаралары күнделікті үздіксіз жүргізіліп келеді. Биылғы жылға бөлінген қаражат мектептерді модернизациялауға, бейнебақылаумен, дабыл қондырғыларымен жабдықтауға, жылу маусымының дайындық шараларын жүргізуге, ғимараттарды ұстап тұру шығындары мен мектептерді жетіспейтін оқулықтармен және әдеби кітаптармен қамтуға жұмсалады, – дейді Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова.
Қазіргі таңда балалардың экологиялық мәдениетін дамыту мақсатында Арал қаласындағы №62 мектеп-лицейі мен №64 орта мектепке жылыжай орнатуға 10 млн. 989 мың теңге, облыс әкімінің «Үздік білім беру ұйымы» конкурсы арқылы бөлінген 34 млн. сыйақысының есебінен №262 мектеп-гимназияға жылыжай салуға 4 млн. 659 мың теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары аяқталған.

2023-2024 оқу жылына жетіспейтін оқулықтар мен көркем әдебиеттер алынып, мектептерге толық таратылып берілген.Соңғы 3 жыл көлемінде физика кабинетімен 5 мектеп, химия кабинетімен 4 мектеп, биология кабинетімен 5 мектеп жабдықталса, осы жылы 6 мектепті пәндік кабинеттермен жабдықтауға мүмкіндік туды.
– Балалардың білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы барлық мекемелер ішкі және сыртқы бейнекамералармен толықтай қамтылып, соның ішінде бала және персонал саны 300-ден асатын 22 мектеп аудандық полиция бөліміне тікелей көрсетілімге қосылса, ағымдағы жылы 4 мектепті бейне бақылаумен қамтуға қаржы бөлінді. 2021 жылы ауданда 13 мектеп дабыл қондырғысымен қамтамасыз етілсе, биылғы жылы 10 мектепті дабыл қондырғыларымен қамтамасыз етуге қаржы бөлініп, бейнебақылау және дабыл қондырғыларын құру жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар, 9 мектеппен Арал аудандық Оқушылар үйіне мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етуге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта «Памир» ЖШС-мен келісім-шарт жасалуда. Биылғы оқу жылы қарсаңында міндетті оқу қоры есебінен мектепке қажетті оқу формасы, сөмке оқу құралдарын алуға көмекке мұқтаж отбасынан 4829 бала есепке алынды. Аталған қор есебінен бір реттік көмекпен қамтамасыз ету үшін бір балаға бөлінген қаржы мөлшері 40567 теңгені құрады. Осыған орай ата-аналардың (заңды өкілдерінен) өтініштері қабылданып, комиссия қорытындысымен көмек алатын оқушылардың ата-аналарының есеп-шоттарына қаржыны аударушаралары жүргізілуде. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы өтіп жатқандығын да айтқымыз келеді. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың тізімдері жасалып, қазіргі таңда аз қамтылған көмекке мұқтаж отбасының290 баласынамектепке қажетті сөмке, оқу формасы, оқу құралдарынанкөмектер жасалды. Бұл акция тоқтаусыз жалғасын табады, – дейді сала басшысы.
2022-2023 оқу жылын 11 сынып бойынша 926 түлек бітіріп, ҰБТ-ға 727 оқушы қатысты. Орташа балл 82-іні құрап, 100 және онан жоғары баллды152 бітіруші жинады. Аудан бойынша ең жоғары 137 балл болды. Оның ішінде, мемлекеттік грант конкурсына құжат тапсырған 608 оқушының488-і ЖОО-ның грант иегері атанып отыр.
Осы жылы ауданда жалпы саны 16498 бала сауықтырумен, мектепішілік, мектептен тыс лагерлермен, үйірмелермен, экскурсиялар және көгалдандандыру жұмысымен қамтылды. Оның ішінде, «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында 700 бала жазғы демалысын көңілді өткізді.
Мұғалімдердің білімімен біліктілігін көтеру үнемі назарда. Осы ретте білім беру ұйымдарының педагогтары арасында өткен оқу жылында түрлі тақырыптарда 15 байқау ұйымдастырылған. Аудандық байқаудың жеңімпаздары облыстық кезеңге қатысып, 15 педагогтың 10-ы жүлделі орындар иеленгендігі көңілге қуаныш ұялатады. Ал №262 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Мұқан Төлебаев нақты ғылымды оқытудың ерекше тәсілін ойлап тапты. Шағын футбол ережелері бойынша өтетін математика сабағы оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырды. Мұғалімнің озық тәжірибесі көпті елең еткізіп, ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Сөз жоқ, егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттер мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол – кемел ұстаз. Осы бір қарапайым қағиданы қай кезде де жадынан шығармайтын аудан педагогтарының шәкірттері де ізденімпаздықтары мен білуге деген талпыныстары арқылы білім шыңынан көрінуде. Оған дәлел өткен оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға қатысқан 3 оқушының біреуі ІІІ орынмен, енді бірі Алғыс хатпен марапатталды. 12 оқушы облыстық кезеңнен жүлдегер атанып, 4 оқушы республикалық кезеңге қатысты, облыстық кезеңінің нәтижесімен №14 мектеп-лицейі «Үздік аудан мектебі – 2023» номинацияларын иеленіп келеді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде өткен оқу жылында - 23 оқушы жүлдегер атанды. 2-7 сыныптар аралығында «Зерде» ғылыми жобалар конкурсы бойынша 7 оқушы - ІІ орын, 6 оқушы - ІІІ орын иеленді.
Ө.Жолдасбеков атындағы математикадан және механикадан зерттеу жұмыстарының Халықаралық конкурсынан осы жылы халықаралық ғылыми жобалар байқауында №14 мектеп-лицей оқушысы Жеңіс Әсел қолданбалы математикадан ІІІ орын иеленді. Жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиадасынан №220 орта мектептің оқушысы - ІІ орын, №13 орта мектептің 1 оқушысы ІІ орын, 1 оқушысы ІІІ орын иеленді. «INNOFEST QYZYLORDA» облыстық инновациялық жобалар фестивалінің SMART CITY секциясында ауданымыздың Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Аралбек Жанысбековтің өзінің ұшқыр ойы, идеясымен жасаған «КҮН КӨЛІГІ» жобасы жүлделі І орынды иеленіп, 500 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды.
– Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы облыстағы білім беру ұйымдары арасында өткен «Үздік білім ордасы» конкурсының нәтижесінде жеңімпаз атанып, 34 миллион теңге грант иегері атанды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесіп жүзеге асыратын «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасы аясында Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейіне «Білімді дамыту» қорынан 250 млн.теңге қаржы бөлініп, материалдық-техникалық жаңарту жүргізіліп, жаңа білім беру технологиялары енгізілді. Білім ордасының барлық оқу кабинеттері, асхана, спортзал, шеберхана бөлмелері заманауи үлгідегі құралдармен жабдықталып, кітапхана мен оқырмандар залы әдеби кітаптар қорымен толықтырылды, – дейді ауданның бас ұстазы.
Қазіргі уақытта Тоқабай елді мекенінде орналасқан апатты жағдайдағы №248 орта мектепбұзылып, қайта 100 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп оқушылары жаңа ғимарат қолданысқа берілгенше ауыл әкімі аппаратының ғимаратында дәстүрлі түрде білім алуын жалғастыратын болады. Сондай-ақ, Арал ауданында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 2023-2024 жылдары 4 мектеп құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Олар, Арал қаласынан 300 орындық 2 мектеп, Жақсықылыш жәнеСексеуіл кенттерінен 300 орындық мектептер.Биылғы жылы Арал қаласынан 300 орындық 1 мектеп пен Сексеуіл кентіндегі мектеп құрылысы басталғалы тұр. Ал келер жылы Арал қаласында 300 орындық екінші мектеп пен Жақсықылыш кентіндегі мектептің құрылыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.
– Сонымен қатар,жеке кәсіпкерлердің бастамасымен Шижаға, Қаратерең, Қамыстыбас, Аманөткел ауылдары мен Сексеуіл кентінен жеке балабақшалар құрылыстары жүргізіліп, алдағы уақытта пайдалануға береді деп күтілуде.Асар әдісімен салынған Сапақ елді мекеніндегі №69 орта мектептіңтиптік жобадағы жаңа 100 орындық мектеп құрылысын жүргізуге, Жалаңаш ауылындағы №58 орта мектептіңтиптік жобадағы жаңа 100 орындық мектеп құрылысын жүргізуге қаржы қажет етеді.Облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды.Асар әдісімен салынған Райым елді мекеніндегі №72 орта мектептің типтік жобадағы 100 орындық мектеп құрылысын салу үшін жобалау-іздестіру жұмыстары әзірленіп, жоба-сметалық құжаттарын дайындау үшін бюджеттік өтінім тапсырылды, – деп тоқталды Санира Жанназарова.
Білімді ұрпақ – елдің ертеңі. Сол балалардың сапалы білім алуы мен жайлы жағдайын қамтамасыз ету мемлекет назарынан тыс қалған емес. Соңғы жылдары білім беру саласы толағай жетстіктерге жетуде. Педагогтардың мәртебесі өсіріліп, жалақысы да жыл сайын көтерілуде. Оқушылардың мектеп қабығасында білім алумен қатар ғылыммен айналысуына, зерттеу жұмыстарын жүргізуіне қажетті құралдармен қамтылып таным қабілетін арттыруға мүмкіндіктер жасалуда. Аралдағы білім беру ұйымдары да заман талабына сай жабдықталып келеді. Білім мен тәжірбиені ұштастырған оқушы зерек қабілеті мен зерделі білімінің арқасында елдің көшін ілгері сүйрейтін болады. Міне, осы бағытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Жоспарланған дүниелер де жоқ емес. Бәрі уақыттың еншісінде.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
21 тамыз 2023 ж. 380 0