Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескертеміз, ол есікті қақпай кіреді

Ескертеміз, ол есікті қақпай кіреді

Қазірде «Жат ағымға жастар неге ереді?» деген сауал талайдың өзегін өртеп жатыр. Әлбетте, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, жұмыссыздықтың өршуі, тұрмыс тақсыретінің толастамауы басты себеп-салдардардың бірі болуы мүмкін дейтіндер бар. Дейтұрсақ та, қарны тоқ, көйлегі көк, көкірек көзі ашық азаматтардың да адасып, орға жығылып жатқанына қазіргі қоғам куә.   
     Біз қателікті қай жерден жіберудеміз, жат идиология иық қағып кіріп кетердей қамсау жеріміз қайсы, басаң басып жатқан тұсымыз ше? Бұл сұрақтың бір ғана жауабы бар. Ол, әрбір жастың қолындағы ұялы телефондағы ұстаздар.
     Жастар телефонға үңіліп отырғанда нендей мәліметке жолықпайды дейсің. Сондай ағындап жатқан ақпараттың ішінде діни мәліметтер кездесіп қалады. Оның ең бірінші әсер ететіні тақырыбы, екінші суреті, үшінші қарпі дейді мамандар.
     Бірінші тақырыптың елітуіне келсек. Мәселен жұмақ пен тозақ, жындар мен періштелер, арманның орындалуы мен кесір, Алланың сипаты, мұсылманның күші деген секілді тақырыптар қойылады. Бұл сұрақтарды отбасында талқыламаған бала оған елең ете қалады. Өйткені бұл сұрақтарды оның руханияты іздеп тұрады. Жындардың адамға әсері қандай екен, одан қалай қорғанамын деген сұрақтың ізінде отырып сілтемеге кіріп кетеді. Сілтеменің ар жағында тыйым салынған ұстаздар отыруы әбден мүмкін. Әсіресе олардың бейне таспасы тыңдауға ыңғайлы болады. Ұстаздар да жастарға әсер етудің барлық тәсілдерін игерген. Сөйтіп, ұйып тыңдап, саралап көрмек болады. Одан кейін мән береді, одан соң уағыздарды жайлап орындай бастайды. Ақыры фанатқа айналып, өзінен өзге бейнамаздардан жериді. Керек десеңіз ата-анасы мен бауырларын да намазхан болмағаны үшін жазғыра бастайды. Бұлай дертке шалдыққан оған дер кезінде ешкім назар салмай, оңалту жұмыстары жүргізілмейді.
     Ұлттық құндылықтардың шығу негізіне сусындамаған жас қазақы ырымдар мен тыйымдарды Аллаға серік қосуға шығарып, салт ішіне ши жүгірте бастайды. Мынау шірік, мынау бидғат деп қарсы шығады. Ол кезде кешігеміз.
     Екінші суреттердің елітуі. Жат ағым өкілдері жиһат деп жан құмартар суреттер салады. Ол қандай сурет дерсіз. Ол, жас балалар құмартатын қару ұстаған әскер, танкі, соғыс көліктері, қираған қаланың биігіне шығып тұрған әскери батырдың келбеттері. Мұндайға қызықпайтын жастар кемде кем. Осы суреттердің бұдан өзге жалғасын көру үшін сілтемеге кіреді тағы. Сөйтіп ондағы ақпараттарға көз жүгіртіп, елеңдеп қалады. Бір оқиды, екі оқиды, содан соң іздей бастайды.
     Үшіншісі мақаланың, суреттің берілу формасы мен қаріптің келбеті. Бұл психологиялық шабуыл жасайды. Бірақ мұны бала білмейді. Бір күні осындай мақалалардың тұрақты оқырманына не ұстаздардың шәкіртіне айналып шыға келеді.   
      Ақпаратты тарату мен бөлісу жауапкершілікті талап етеді. Мәселен, Әкімшілік кодекс елде «тіркелмеген діни топтардың дінін таратуға» тыйым салады және заңмен белгіленген көлемінде айыппұл салынады. Таратылған әдебиет пен материалдардың тигізген зиянына қарай қылмыстық іске де тартып кетуі мүмкін. Ол дегеніңіз сотталу қаупін туғызады. Білмей, байқамай таратқан жағдайда да бұл жауапкершіліктен, жазадан ақтап қала алмайды.
Ғаламтор арқылы деструктивті ақпаратты алудың салдары мыналарға әкелуі мүмкін дейді құзырлы орын:
1) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни сипаттағы өшпенділік пен дұшпандық;
2) соғысқа шақыру;
3) жеккөрушілікті, дұшпандықты және үстемдікті насихаттау;
4) адамның ар-намысына, атына және беделіне қол сұғу;
5) сананы психологиялық улануға душар ету.
Саналы адам ретінде айналада болып жатқан Ислам дініне қатысты жәйттарды зерделеп қарайтын болсақ, ар-ожданы туа біткен мейірімділікке толы, түсінігінде зұлымдық деген іс-әрекетке ешқашан оң көзбен қарамаған адам баласының хайуанның өзі істемейтін зұлымдықтар істеп жатқанын байқайсың. Тіпті ең соңғы шегі – сенімі үшін адамды өлтіру, қинау, құқығын таптау. Ал дүниежүзілік діндердің ішіндегі Ислам дінінің адам құқығын жоғары бағалайтынын ескерсек, бұл бір діни саяси іріткі екенін сезесің.
     Бұл үшін не істемек керек? Әрине, баланың қолындағы телефонды қатаң бақылауға алуымыз шарт. Ата-ананың өзі дініи білімді болуы керек. Өйткені дінді қоғамнан бөліп тастай алмайсың. Діннен алыстатамын деген әрекетке барсаңыз мәселені тіптен ушықтырып, дінсіз қоғамның дұшпаны болып шыға келесіз. Сол үшін баланың діни сұрақтарына мүмкіндігінше жауап берген жөн. Одан соң дін өкілдерімен ата-аналар ұдайы байланыста болып, олардың ақыл-кеңесіне құлақ салып жүрген абзал. Ал, мәселе шыға бастаса дін мәселелерін зерттейтін орындармен байланыс жасап, теолог мамандардың көмегіне жүгіну шарт.
     Қазақта «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» деген сөз бар. Сол секілді қай кездеде сақтанып жүргеніміз абзал.
Арал аудандық Қоғамдық даму бөлімінің
тапсырысы бойынша әзірленді

26 тамыз 2023 ж. 165 0