Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақция аясындағы жәрмеңке

Ақция аясындағы жәрмеңке

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» дегенін анық білеміз.
Иә, сол балалардың бақытты, шынайы қуанышты сезінер сәті де таяу қалды. Санаулы күндерден кейін күздің алғышқы күнін қарсы аламыз. Ал сол қыркүйектің бірінші таңынан бастап балаларымыз өздері білім алатын білім ордасына бет алып, асыға ішке енетінін ойласақ, балалығымыз көз алдымызға оралады. Шоқ-шоқ гүлді құшақтап, ұстаздарына ұсынған сәтте қандай қуанышты болса, олардың әр күні де дәл солай бақытқа толы болуы қажет. Бұл мемлекеттің алдында тұрған үлкен міндет. Осы мемлекеттің әрбір азаматы бүлдіршіндерге шаттық сыйлап, кедергісіз келешек қалыптастыруына мүдделі. Себебі бүгінгі бақытты ұрпақ ертеңгі бақытты елдің тұтқасы.
Сондықтан білім күні қарсаңында оқушыларға шаттық сыйлау мақсатында Арал қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп тауарлары мен оқу құралдарының жәрмеңкесі өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов, аудандық мәслихат төрағасы Б.Төреахметов пен қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов және мекеме басшылары аталған жәрмеңкеге барып, оқу құралдарының сатылымын бақылап өтті.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Тасқынбаев:
– Жәрмеңкенің басты мақсаты – ата-аналардың алысқа бармай-ақ, балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден алуын ұйымдастыру, халыққа қажетті заттарды төмен бағамен ұсыну. Жаңа оқу жылының қарсаңында қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралдары тұрғындарға ұсынылды. Сөреге қойылған тауарлар бағасы нарықтағыдан 10-15%-ға төмендетіліп сатылды. Жәрмеңкеге қатысқан барлық кәсіпкер жергілікті кәсіпкерлер. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілер де жәрмеңкеден шет қалмады, – дейді.
Жәрмеңкеге жиналған халықтың да қарасы өте көп болды. Керегін алып жаңа оқу жылына дайындығын пысықтай түскен ата-аналар да дән ризашылықтарын білдірді.
(Өз тілшімізден)
25 тамыз 2023 ж. 201 0