Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тас жол ма деп күткенбіз...

Тас жол ма деп күткенбіз...

Тазалықты айтқанда сондаймыз. Өзгенің тәсілін үлгі етіп, айналаға жанашырлықпен қарауға шақыратын ақпарат құралының өкілі болған соң көз алдымыздағы көлденең көрініске көз жұмып қарамауға тырыстық.
Жалпы мемлекет көп нәрсеге мүмкіндігі бар екенін мойындатып келеді. Қалай дейсіз ғой? Осыдан 10 шақты жыл бұрын бұрынғы Косманавт қазіргі М.Балмағамбетов көшесінің арқа беті үлкен сор болатын. Жан-жағы лай болғандықтан ол маңды ешкім керек етпейтіндей елеусіз аймақ еді. Қазір тап сол сордың үстіне аймақта теңдессіз алып нысан бой көтерді. №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ғимараты саналатын сол мекеменің айналасы бүгінде тұрғын үйлерге толып, жан-жағы қос жолақ жолдарға айналды. Уақытында болмайтын тірлікке барды деп, үкіметтің ұйғарымын ақылсыздыққа айналдырған аралдықтар бүгінде тағы бір мәрте мемлекеттің мүмкіндігіне қайран қалып, бас шұлғығаны белгілі. Бір айыбы осы мекеменің айналасындағы көлік жолының төрт мезгілде түреленіп сала беретіндігі болып отыр. Көктемдегі лайсаң мен қар суының құрсауындағы мекеменің мазасыз жолы жайлы бұған дейін де жазған болатынбыз. Бірақ бұл жолы жергілікті билік тағы үнсіз. Жә, қаржының жоқтығы қолбайлау шығар. Бірақ қаржы жоқ екен деп өзгенің қоқысын төктіруге бұл жолы кім рұхсат берді екен?! Не айтқымыз келгенін ұғынған боларсыз.
Орталық базардан №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне тіке баратын Сапақ би көшесінің мекемеге барып тірелер тұсына көз салсаңыз үйінділерді аңғарасыз. Тас емес не топырақ емес өзгенің қалдығы тәрізді қоқысты осыдан бірер ай бұрын әлдебір көлектер келіп, бір мезгілде аударып кетіпті. Бастапқыда «Еее, жол салғалы жатыр екен ғой» деген жұрт аузындағы жылы пікір қазір су сепкендей басыла қалды. Өйткені сол маңға төгілген қалдықтар тау боп үйіліп әлі жатыр. Әрі күттік, бері күттік. Бірақ сол баяғы күйі, ол маңда еш қозғалыстың нашаны байқалмайды. Айтпағымыз енді осы бір үйіндіні үлгертіп, тегістеп немесе тас жолға айналдыратын уақыт келген жоқ па? Сол маңдағы көше тұрғындарының пайымынша әлгі үйіндіні әлдебір кәсіпкердің техникалары келіп төккен. Оған кім, қандай пәрмен бергенін ешкім білмейді. Себебі, жағдайды ешкім түсіндірмесе керек. «Әліптің артын бағып, әлдебір жұмыстар атқарылатын болар деп үіміттенгеніміз рас. Алайда жақын күндері әлгі аймаққа сол маңдағы үйдің ауласынан шыққан қажетті майлы топырақты төгіп жатқанын тағы байқадық. Содан түйген ойымыз «бұл маң қоқыс төгетін жер ме» деген жауабы жоқ сауалмен түйінделіп тұр. Онсыз да мазасы қашқан аймақты үйіндіге айналдыруға кім жол берді екен?! Тазалықты басты орынға қоя білетін аудан әкімі мұндай әрекетке бармайтыны айтпаса да түсінікті. Сонда кәсіпкер ойына келгенін істеу керек пе? Жөнсіз әркеттің жай-жапсарын бізге біреу түсіндірсе» дейді сол жердегі тұрғындар.
Иә, әлгі аймақ тас жол салып, айналаны ретке келтіруді айтпаса да сұранып тұр. Өйткені онда аты дардай аудандық мекеме бар. Қаншама көлік кіріп-шығып, жұмыс кестесі қауырт болатын кездер болады. Сондайда көлік қозғалысына әжептәуір кедергі келеді. Бұл жағдай қыс немесе көктем мезгілдерінде жиі қайталанып, әлгі аумақ тұтастай қызыл судың құрсауында қалады. Мұны шешудің жолы – үйінді төгіу емес. Жол салып, қатынасты жақсарту. Жергілікті билік осы мәселеге назар аударып, жағдайды реттесе деген көше тұрғындарының талап-тілегі бар. Әрине, көрер көз, естір құлақ болса...
А. ҚАРАСАЙ 
29 тамыз 2023 ж. 253 0