Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң талабына бағынбаған азаматқа қомақты айыппұл салынды

Заң талабына бағынбаған азаматқа қомақты айыппұл салынды

Әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.
Алайда, одан қорытынды шығармай, сот қаулысымен белгіленген шектеулерді орындамай, заң талаптарына немқұрайлықпен қарайтындар да бар.
Мәселен, Арал аудандық сотында көлік басқару құқығынан айырылса да, заң талаптарын елемей, көлік тізгіндеген азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, азамат С. 2022 жылы сот қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырыла тұра, ағымдағы жылдың 14 тамызы күні көлік құралын басқарған.
Сот отырысында оның құқық бұзушылық әрекеті, өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, сондай-ақ сотта зерттелген іс құжаттарымен толық дәлелденген.
Сот қаулысымен С. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 612-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 120 750 теңге айыппұл салынды.
Айта кету керек, жыл басынан бері аудандық сотта жүргізу құқығынан айырыла тұра, көлік тізгіндеген тұлғаларға қатысты 7 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, әкімшілік жауаптылық түрлері белгіленген.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі

28 тамыз 2023 ж. 309 0