Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата заң – тәуелсіз елдің тұғыры

Ата заң – тәуелсіз елдің тұғыры

Айбыны асқақ, атағы әлемге мәшһүр, күн санап өсіп-өркендеп келе жатқан жас мемлекетіміз бар. Қаншама қиындық көрсе де, қазақ елінің аумағында ғасырлар бойы шапқыншылық болып, астан-кестең оқиғалар мен өзгерістер орын алса да көне дәуірден ата-бабамыз екі құндылықты мәңгілік сақтап қалды. Ол – сөз құдіреті мен заң құдіреті еді.
Екі ауыз сөзбен ел арасындағы дауды шешкен, соғыстың алдын алған аталы елдің ұрпағымыз. Қазақтың жас баласынан бастап ойын нық әрі сенімді жеткізген, қариялары ел басқарып, жас буынды барынша қазақы жақсы тәрбиеге тәрбиелеген. Ел басқару мәселесінде де ерекше форманы ұстаған. Оның арқауы Қасым хан негізін салған «Қасқа жол», Есім ханның «Ескі жолы» мен Тәукенің «Жеті жарғысы» болды. Олар халықтың ыңғайына бейімделген, әрі әділдіктің жаршысы болатындай қазылық төреліктер еді. Содан бері араға қаншама қиын күндерді салып, 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан алғаш өз конституциясын қабылдаған болатын.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері көптеген маңызды шешімдер қабылданды. Солардың бірі де бірегейі – ел конституциясының қабылдануы. Ол – біздің азаттығымыздың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бағдары, ел бірлігінің кепілі, толағай табыстарымыздың бастауы болды. 1995 жылы 30 тамызда қайта өзгеріске түсіп, бүкілхалықтық референдум негізінде қабылданған екінші конституция тәуелсіздігіміздің тұғыры іспеттес. Ол кездегі дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Және парламент туралы конституциялық бөлім өзгеріске ұшырады. Онда барлығы 9 тарау, 98 бап бар. Олардың барлығы халықтың және мемлекеттің пайдасы үшін құрылған заңдар жинағы.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, Ата заңымыздың тәртібіне бағыну арқылы еліміз аз ғана уақытта мызғымас мемлекетке айналды, бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасын қалыптастырдық. Әрбір қазақстандықтың Конститутциясының мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы мен өз балалары үшін де мәнділігін бағалай білу, өз міндеттемелерін қастерлеп сақтап орындауы маңызды. Конститутция біздің басты құндылығымыз. Ол тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты ғасырларға бекітті. Барша мемлекеттік институттардың, әрбірқазақстандықтыңпарызы – осы құндылықтардың қырағы күзетінде болу.
Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз әрі парызымыз. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Өйткені, біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі.
Г. САҚТАПОВА
30 тамыз 2023 ж. 177 0