Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық – басты байлық

Балық – басты байлық

Шілде айында келетін балықшылар күніне орай бас сұққан мекемеміз "Арал" сервистік дайындау орталығы" балық зауыты болды. Мекеме ауласынан кіргеннен-ақ жүріп жатқан жөндеу жұмыстарына көзіміз түсті. Балық зауыты жұмысшыларына жақсы жағдай туғызу мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды көрдік. Осы зауыт босағасын аттағаннан-ақ іздеген адамымыз мекеме басшысы, балық кәсіпшілігі саласының майталманы Әділбек Әйімбетовті, алдағы кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, сұхбатқа тарттық.
– Аға, сіздің мекемеңіз осы аудандағы балық кәсіпшілігінің алдыңғы қатарларындағылардың бірі. Осы саланың білгір маманы ретінде мекемені тұрақты және өнімді жұмыс істейтін өндіріс орталығына айналдырдыңыз. Зауыттың жұмыс барысы туралы айтып өтсеңіз.
– Осы "Арал" сервистік дайындау орталығы" балық зауыты бұрынғы КСРО кезінде атағы дүрілдеген балық комбинатының ізінен 2010 жылы қайта жабдықтау арқылы аштық. Әуелгі жылдары 1 миллион теңгенің өнімін шығарса, арада он үш жыл өткенде жылма-жыл көрсеткіштер өсуі арқылы бүгінде 2 миллиард теңгенің өнімін емін-еркін шығарып отырмыз. Қаржы көлемінің ұлғаюы біздерге үлкен мүмкіндіктер ашты. Қазір жылына 1800 тонна балық ауланады. Қазір Бөген, Ақеспе, Мергенсай және Қамбашта – барлығы 5 балық аулау учаскеміз бар. Осы аймақтардан су маржандарын сүзіп жатқан балықшыларымыз өздерінің кәсіби біліктілігімен көзге түсуде.
– Сіздің мекемеңіз Еврокод белгісін алғанын білеміз. Өнімдеріңіз білуімізше шет елдерге емін-еркін шығып тұр. Бұл сіз¬дердің өнім сапасына қойған жоғары талаптарыңыздан болар...
– Иә, біздің зауытта балық терең өңделеді де, сапалы өніміміздің 90 пайызы Германия, Польша, Нидерландия, Дания, Ресей, Грузия сияқты шетелдерге шығар¬ылады. Шығарған балық өн¬імдеріміздің сапалылығынан, жоғары талаптарға сай болуының арқасында әлі күнге бірде-бір мәрте рекламация, яки кемшілік кездескен емес. Және де шетелде жоғары бағаланатын жалғыз тісті балығының филесі ғана емес, саломка да шығарудамыз. Қара балықты тұздап, кептіріп, ол өніміміз де шетелде сұранысқа ие болуда. Және уылдырықты да өнім ретінде беріп отырмыз. Біздің жұмыс технологиямызда қалдық жоқ десек те болады. Ең соңғы балық қалдықтарын балық ұнына жібереміз.
– Сізді осы туған жердің бір белгілі азаматы ретінде теңіз жағдайы алаңдататын шығар.
– Теңіздің жағдайы қазір өте қауіпті деңгейде. Сырдария арқылы түсетін судың көлемі азайып, алаңдаушылық тудырып отыр. Ал суы азайып, теңіз құрғай бастаса, балық шаруашылығының да қиындыққа тап болары сөзсіз емес пе. Су болса ғана балық болады. Демек алдағы уақытта Сырдария суынан үлесімізді алуды жолға қою басты міндеттеріміздің бірі. Бұл турасында мен әртүрлі деңгейде өткен жиындарда барынша айтып, мәселе көтеріп жүрмін.
– Енді өндірісті жүргізетін әрине балық мамандары. Олар туралы айтып өтсеңіз.
– Біздің мекемеде 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Оның басым көпшілігі өңдеушілер. Балық кәсіпшілігі науқандық жұмыс қой, сол науқандар кезінде 100-120-ға дейін адам еңбек етіп, нәпақасын айырады. Біз әуелгі жылдары "Еңбек" бөлімі арқылы қыз-жігіттерді шақырғанбыз. Қазір солардың арасынан нағыз балық өңдеушілердің легі қалыптасып шықты. Айлықтары норманы орындауына байланысты 300-350 мыңға дейін жетіп қалып жатады. Балық зауытының жұмысын ұйымдастыруда өндіріс басшысы Берекет Боздақұлының қажырлы қызметін атап өткен жөн. Сондай-ақ мастер Жәмила Махамбетова, өңдеушілер Назгүл Жоламанова, Күнсәуле Имағанбетованы даралап айтып өткен жөн.
– Сұхбатыңызға рақмет, тағы да мерекелеріңіз құтты болсын дейміз. Кәсіптеріңіз берекелі болсын!
Е.ЗЕЙНЕТҰЛЫ
12 қыркүйек 2023 ж. 334 0