Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туляремия профилактикасы

Туляремия профилактикасы

Туляремия – лимфа түйіндерін, теріні, кей жағдайда көздің шырышты қабығын, тамақ пен өкпені зақымдайтын жіті инфекциялық, табиғи-ошақтық ауру. Туляремия жалпы интоксикация, созылмалы безгек және әртүрлі ағзалардың зақымдалуының айқын белгілерімен өтеді.Аурудың қоздырғыштары туляремия бактериясы болып табылады. Кез келген жастағы адам бұл инфекцияға сезімтал.

Табиғатта инфекция көзі жабайы кеміргіштер, құстар, сүтқоректілер болып табылады (қоян, ит, қой және т.б.), ал өзіне тән тасымалдаушылары мен сақтаушылары – буынаяқты қансорғыштар – иксод кенелер. Науқас адам жұқпалы емес.

Адам ауруды инфекция жұқтырған кенелер шаққан кезде, ауру жануарлармен жанасқан кезде (терісін сыпыру, кеміргіштерді жинау) немесе инфекция жұқтырған жануарлармен жанасқан азық-түлікті, суды тамаққа пайдалану кезінде жұқтырады.

Инфекция ауыл шаруашылығы өндірістерінде (өсімдік шикізатын қайта өңдеу, ет өңдеу комбинаттары, ірі қара малды сою және т.б.) бактерия жұқтырылған астықтың немесе сабанның шаңымен тыныс алу кезінде ауа-шаң арқылы беріледі. Қоздырғыштың таралуының табиғи ошағынан тыс туляремияны жұқтыру ықтималдығы төмен болғанына қарамастан, адам эпидемиологиялық қолайсыз аудандардан әкелінген өнімдермен және шикізатпен жанасу кезінде науқастануы мүмкін. Адамның туляремияға сезімталдығы өте жоғары, ауру инфекция жұқтырғандардың 100%-нда дамиды.

Инкубациялық кезең үш аптаға дейін созылады. Бірақ көп жағдайда 3 күннен 7 күнге дейін жалғасады.

Кенемен жанасқан әрбір адам тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне тез арада қаралуы және 21 күн бойы диспансерлік бақылауда болуы қажет. Медициналық бақылау туляремиямен ауыратын науқастарды ерте анықтау мақсатында жүргізіледі.

Туляремия ауруының алдын алудың негізгі міндеттерінің бірі адамдардың кене шағудан сақтануы және кеміргіштерге қарсы күресуі болып табылады.

Үй және ауыл шаруашылығы малдарын қырқу кезінде, олардың үстінен кенелерді жинау кезінде, егістікте, саяжай учаскелерінде жұмыс істеу кезінде кенелер шағуы мүмкін. Кенелер киімнің ішіне кіріп, адамның денесіне сездірмей және ауыртпай жабысуымен үлкен қауіпті.

Кенелер өзінің физиологиялық ерекшеліктеріне қарай теріге жабысқан соң бірден қан сормайды, сондықтан кенені уақтылы теріден алып тастаған жағдайда кенедегі инфекция қоздырғышымен зақымдану қаупі төмендейді. Кенені алып тастау үшін медициналық ұйымға (травмотология пункті) жедел жүгіну қажет. Кенелерді жалаң қолмен алып тастауға және жаншуға болмайды.

Денеге жабысқан кенені пинцетпен немесе жіппен алып тастайды. Кененің тұмсық жағынан денеге жақын ұстап, маятник тәрізді ырғақты баяу қозғалыспен денеден алып тастау керек, бұл ретте қолға қолғап кию керек. Кенені алып тастағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу, ал шаққан орнын йодпен өңдеу қажет.

Адамдар табиғи биотоптарға барған кезде кененің шағуынан сақтану үшін мынадай ережелерді білуі тиіс, атап айтқанда:

кененің киімнің ішіне кіруі мүмкіндігін азайтатын киімді кию;
киімге жабысқан кенелерді анықтау үшін өзін және бірін-бірі әрбір 10-15 минут сайын үнемі қарап отыруы;
кенелердің жанасуын болдырмау үшін шөпке отырмау және жатпау;
табиғат аясынан оралғаннан кейін киімді және денені толықтай қарап шығу;
кенелер болуы мүмкін екенін ескере отырып, тұрғын және өндірістік үй-жайға жаңадан жұлынған шөптерді, бұтақтарды және сырт киімдерді әкелмеу;
кенелерді үркітетін арнайы құралдарды (репелленттерді) пайдалану қажет.
Жабайы жануарларды аулау (терісін сыпыру, бөлшектеу), дератизациялау (уланған кеміргіштерді жинау) кезінде жұқтырудан жеке қорғану шаралары қажет. Қолғап киіп қорғану немесе жануарлармен жанасқаннан кейін мұқият дезинфекциялау керек. Алиментарлық берілу жолының алдын алу ретінде арнайы өңделмеген, сенімсіз көзден алынған суды пайдаланудан бас тарту керек.

Қазіргі уақытта вакцинация туляремияның алдын алудың негізгі тәсілі болып табылады. Халықты туляремияға қарсы жоспарлы профилактикалық вакцинациялау:

- зоопаразитологиялық топтың, туляремия қоздырғышының болуына сынамалар алуды, зерттеуді жүргізетін зертханалардың, филиалдар мен обаға қарсы күрес ұйымдарының мамандарына;

- жайылмалы-батпақты, тау бөктеріндегі бұлақ типтеріндегі табиғи ошақтар мен тұрақты резервация аймағының аумағындағы тұрғындарға;

- туляремияның нақты табиғи ошағында тұратын адамдарға;

- тәуекел тобына жататын адамдарға: аңшыларға, балықшыларға, олардың отбасы мүшелеріне, бағбандарға, егіншілерге, мелиораторларға, сондай-ақ маусымдық немесе вахталық әдіспен тоғай, дала типіндегі табиғи ошақтарда жұмыс істейтін адамдарға жүргізіледі.

Осы ұсынымдарды орындау адамдардың туляремия ауруының жұқтыру тәуекелін төмендетеді.



Арал аудандық Сэбб басшысы А.Сатекеева
27 қыркүйек 2023 ж. 293 0