Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазан – береке мен молшылық айы

Қазан – береке мен молшылық айы

Күздің кемпіршуақ мезгілі қазан айы да келіп жетті. Қазан – берекелі, молшылық айы. Халық тілінде бұл ай бозқырау деп те аталады. Бұл атау осы айдағы ауа райына қатысты шыққан болса керек. Қазан  айында күн суытып, құстар жылы жаққа ұшып кете бастайды, малшылар күзекке көшеді. Бие ағытылып, күздік сойылады. Кей жерлерде қар ұшқыны білініп, суға мұз қатады, бозқырау түседі. Пісіп үлгермеген көкөніс пен егін суыққа ұрынса, халық оны «қазан ұрды» дейді.
Қазанда Таразы туып, таң суытады. Осыған орай кейбір зерттеуші ғалым¬дар ай атының этимологиясын соғым сойы¬лып, бие ағытылатын кезбен байланыстырады. Қымыз болмағандықтан, жұрт етке қарайды, сондықтан қазан көтеріліп, ет асыла бастаған кезді «қазан айы» деп атаған. Бұл ай турасында үлкендеріміз: «Бозқыраудан аман өтсек, қар жауып, мұзға тайып кетпесек, қыс жылы болады» деп сенген.
Қазан айында жарық дүние есігін  ашқан жандар қарапайым болып келеді. Аталған айда туылған ерлерді түсініп болмайсың, оның сөзінің қайсысы шын, қайсысы жалған екенін білу қиын. Ақылды да достықты жоғары бағалайтын, қаржымен байыпты жұмыс істейтін, шешімді қабылдамас бұрын алдын ала ақылды адамдармен сөйлесіп алатын, көп ойланатын, алайда көбінесе өз көзқарасын дұрыс санайтын адамдар.
Бұл айда туылған әйелдер – принципшіл. Сатқындық пен екіжүзділікті кешірмейтін, есте сақтау қабілеті жоғары, өмір бойы шаңырағының шайқалмауы үшін күресетін жандар. Олар үй шаруасына пысық. Айта кетерлігі, олар өзін сынағандарды жек көреді.
Халық есепшілерінің бақылауы бойынша қазан айында жұлдыздар төменнен жоғары тартылған түзудің бойымен тіркеседі. Жоғарыда Үркер және оның Үлпексарысы, одан төменіректе Үш Арқар-Таразы, одан төменде Сүмбіле жұлдызының бірінен кейін бірі қатар түзуін жұлдыздар тіркесіпті дейді. Табиғаттағы бұл құбылыс күн суытып, қыс түсер шақ келді дегеннен хабар береді. Жұлдыздар қазан айында тіркесіп болады. Ал жұлдыздар теңесіпті деген тұрақты тіркес әлгі жұлдыздардың наурыз айында горизонталь түзудің бойымен қатар келуін көрсетеді. 22-24 наурызда Сүмбіле (сол жақта), Үш Арқар-Таразы (ортада), Үркер мен Үлпексары (оң жақта) бір түзудің бойында, күннің батысында тізілген моншақтай болып тұрады. "Жұлдыздар теңесіпті" дегені, ал кейде "Таразы басы теңесіпті" дегені күн мен түн теңелді деген ұғымды білдіреді.
Бастысы, биылғы қазан айының берекесі мен ырысы асып-тасып, ел-жұртқа өзінің жайлылығымен есте қалсын деп тілейік.
К. МАХСҰТ 

30 қыркүйек 2023 ж. 325 0