Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалімдіктен басшылыққа дейін

Мұғалімдіктен басшылыққа дейін

Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
Шәкіртсіз ұстаз сусыз жер.
Ғажайып ұлы еңбектің
Бейнетін кешіп, жүрсің сен, – деп ақиық ақын Фариза Оңғарсынова жырлағандай, алда келе жатқан ұстаздар мерекесі қарсаңында, сол бейнеттің зейнетін көріп отырған ұстаздардың бірі де бірегейі – Ертарғын Бекпанов ағайдың еңбек жолдарынан бір-екі  ауыз айтуды жөн көрдім.
Ертарғын ағай 1949 жылы Арал ауданы, Сазды ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Сазды мектебіне қабылданып, 1967 жылы Арал қаласындағы №13 орта мектебін бітірген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ұстаздардың еңбегін, олардың болмысы мен әрбір әрекетінен үлгі ала білген ол "болмасаң да ұқсап бақ" деп ұлы Абай айтқандай мұғалімдік мамандыққа қызығып өсті. Сол қызығушылығы, асқақ арманы ақиқатқа айналуы үшін мектеп бітірген соң 1967-1971 жылдары Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын аяқтады. Расында бұл ұлы керуеннің алғашқы қадамдары болатын.
Ұстаздық еңбек жолын 1971 жылы Ақтөбе облысы, Алға ауданы Қарабұлақ орта мектебінде мұғалім болудан бастайды. Осында 1 жыл еңбек етіп, 1972 жылы өзі туған Сазды ауылына ауысып келіп, 10 жылдық еңбегін сол ауылда өткізді. Осы он жыл көлемінде өзінің біліктілігі мен іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін анық аңғарта алған Ертарғын Бекпанов 1982 жылы №57 Шижаға орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Дәл осы қызметті 30 жыл бойы абыроймен атқарып, зейнет демалысына шықты.
Осы уақыт ішінде іскер басшы бола білген ол оқу-тәрбие жұмысын алға қоя отырып, мектебімізді аудандағы алдыңғы қатарлы  мектептердің біріне айналдырды. Мектептің заман талабына сәйкес жабдықталуына, оқушылардың компьютерлік сауаттылығын ашуды да алғашқы мектептердің бірі ретінде қолға ала білді. Мектеп ұжымын басқаруда ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен бірге жас ұрпақтың келешегіне қандай білімді қалай беру керек екендігін күні бұрын бағамдай білетін. Мектепте кәсіптік білім беруді де жолға қоя білген.  Соның арқасында ауылдағы механика тізгінін ұстаған талай азаматтар мектеп мақтанышына айналды.
Сонау тоқырау кезінде де мектебіміз бен ұжым мүшелерін шашау шығармай ұстай білуінің өзі қандай. Сол кездерде қосымша білім мен тәрбие ретінде қолға алған ұршық иіру, шұлық тоқу, киіз басу өнерін ардагер ұстаз аналар әлі күнге қолдан түсірмей келсек, ағайдың қиындықтан шығу жолы қылған сол еңбегіне ризашылық лебізіміз деп білеміз.
Білікті басшының ұйымдастырушылығының арқасында мектеп аудандағы белді мектептердің біріне айналып, аудандық тәжірибе алмасу семинарлары жиі өткізіліп тұрса, облыстық "Халық педагогикасы –бастауышта", "Салауаттық – өмір салты", "Ауыл  мұғалімі" сияқты маңызды да мағыналы  байқаулар өткізіліп тұрды. Сол жылдары "Дамыта оқыту" ілімі бойынша республикалық семинарларға да атсалыстық. Соның нәтижесі ретінде жоғарғы деңгейдегі ұстаздардың еңбегі бағаланды. 6 мұғалім Қазақстан білім беру ісінің үздігі, 1 ұстаз аға мұғалім, методист мұғалім – 1, Қазақстан Білім министрлігінің грамотасымен марапатталған – 5, республикалық мұғалімдер съезінің делегаты –1, Қазақстан Қарулы Күштерінің мерекелік медалімен 1 мұғалім марапатталған.
Мектеп 2000 жылы "Ғасырлар тоғысы" атаулы номинациясы, ал 2001 жылы "Елдіктің берік тұғыры" атауы бойынша облыстық үздік мектеп атанды. Ертарғын ағайдың тәжірибесінен өткен, ауданның мектептері мен басшылық қызметтерде жүрген ізбасарлары да баршылық. Олар – Төрахметов Базарбай, Қибасов Мейрамбек, Бөлекбаев Аманкелді сынды азаматтардың есімі бүгінде елге етене таныс.
Міне, осындай жанға қанша мақтау айтсақ та жарасады. Еткен еңбек еш кетпей, Ертарғын ағайдың еңбегі бағаланып, 1976 жылы Қазақстан комсомолы орталық комитетінің Құрмет грамотасымен, 1984 жылы Оқу министрінің Құрмет грамотасымен, 1996 жылы "Қазақстан білім беру ісінің үздігі" төсбелгісімен марапатталса, 2004 жылы мемлекеттік награда – "Ерен еңбегі" үшін медалі кеудесінде жарқырап, 2021 жылы "Арал ауданының құрметті азаматы" атағы берілді.
Гүлжамал Маханбетжанқызы,
ардагер ұстаз

02 қазан 2023 ж. 415 0