Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесік тойы – бәсеке емес

Бесік тойы – бәсеке емес

Қазіргі таңда халқымыздың ежелден келе жатқан  дәстүрлердің кейбірі ұмытылып бара жатса, енді біріне уақыт өте келе қазіргі заманға сай  өзгеріс енгізілуде. Сондай  дәстүрдің бірі – бесік әкелу рәсімі.Жақында TikTok әлеуметтік желісінде жаңа туған нәрестенің "Бесік той" бейнежазбасы пайда болды. Сәбиге нағашы жұрты бесіктен бөлек бір жасқа толғанда киетін норка шуба, 3-4 жасында киетін мутон шуба, сонымен қатар теріден тігілген күрте, пальто және көптеген киімдермен қоса сәнді көйлектеге дейін әкелген. Бейнежазбада ата-анасы 5 жасқа дейін балаға киім сатып алмайтындай заттар әкелгенін айтып, мәре-сәре болуда. Дегенмен, желі қолданушыларының дені тойда жасалған таныстыру сәтін сынап тастады. Көптің пікірінше, мұнша дүние әкелу шектен шыққандық, бала тез өсетіндіктен бұл киімдерді киіп те үлгермейді ғой деп қынжылыстарын да білдіруде.
Қазақ дәстүріне сәйкес "Бесік тойы" – бұл нәресте туылғаннан кейін бесікке салу рәсімі. Бүгінде жарық дүниеге келген сәби осы әулеттің ұрпағы екені белгілі бола тұра, оған бесік тойдағы шығынын  көтеру нағашыларына неге жүктеледі деген заңды сауал туындайды.  
–18 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым екеуміз бес баланы дұниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Аллаға шүкір, жақсы өмір сүрдік. Менің аяғым ауырлаған кезде еншісін алып бөлек шыққан қайын ағам мен абысыным бесік алып келді. Ол 70-жылдар болатын. Ол кездерде қыздың артынан өз жұрты бесік әкелу деген дәстүр жоқ еді. Бұл келіннің нағашылары бесік әкелетін үрдіс 80-жылдары пайда болды-ау деймін. Алланың қалауымен алғашқы перзентімді дүниеге алып келгеннен кейін баламызды қазақы дәстүрмен бесікке салдық. Содан кейінгі төрт баламыздың бәрі де осы бесікте тербетіліп өсті,– деді қала тұрғыны Мариям ана.
Қазақ дәстүрлерін насихаттаушы Зейнеп Ахметованың «Білім шапағаты» газетіне берген сұхбатында сәбидің нағашы әжесі бесік әкеліп қана қоймай, бар дүниесін әдемі етіп әкелетін болған. Алайда мұның бәрі әркімнің жағдайына, шама-шарқына қарай жасалып отырған. Бүгінде бесік, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық болса, екінші жағынан жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады дегенге саяды. Дегенмен, З.Ахметованың айтуынша, бұл салттың белгілі бір тәртібі, қатып қалған қағидасы жоқ, әркім өз шамасына қарай атқарады. Тұрмысы барлар баланың киім-кешегін, жөргегін салатын арнайы кішкентай сандыққа дейін жасап әкелген екен.
Баланы бесікке бөлеудің пайдасы туралы мамандар пікірін ескерер болсақ, бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш болады, ұйқысы қанық баланың зердесі де толық жетіледі, бесікке жатқан бала сабырлы болады. Сондай-ақ сәбидің тұла бойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Бесік белгілі бір ырғақпен ғана тербетілгендіктен баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бесіктегі балаға бесік жыры, ана әлдиі айтылады. Өнегемен, тәрбиемен өрілген өлең жолдары сәбидің бойына көркем мінез, ұлттық қасиет, жомарттық пен жанашырлық сынды жақсы қасиеттерді дарытады. Бір сөзбен айтқанда, бесік жас нәрестенің салмақты да ұстамды болып өсуіне ықпал етеді.
Ал бесікке салу қалай пайда болған, соған тоқталсақ. Осы турасында сәбидің дүниесін әкелуге қатысты этнографтың пікірін білдік. Бесік тойы негізінен тұңғыш балаға жасалады. Қазақ энциклопедиясы мәліметіне сүйенсек, бесік тойы – нәрестені алғаш бесікке бөлеуге байланысты жасалатын ғұрыптық салтанат. Баланың кіндік жарасы жазылысымен бесікке салады. Бесік тойы, негізінен, тұңғыш балаға жасалады. Одан кейінгі балаларға «бесікке салу» кәдесі ғана атқарылады.
 Әр отбасы сәби дүниеге келгенде қуанып, мәре-сәре күй кешетіні белгілі. Содан соң 40 күн өткен соң бесік той жасаймыз. Біршама уақыттан бері үрдіске айналған осы бесік тойды нағашы жұрты көтеретін болған. Бүкіл балаға қажетті заттардан бөлек, велосипед, әткеншек, бесік арбасы, жеті жасқа толғанша киетін киімдері де әкелінеді. Сонымен қатар құда-құдағиларға арналған сый-сияпат, кәделері өз алдына. Осы әкелінген дүние мен бесікті көрсету мақсатында ауылдың ұрпақ өсірген қадірменді әжелері, әйелдер шақырылады. Мал сойылады, бата беріледі.
Енді бір кейіпкеріміз Күләйша апа қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын мейлінше қаз-қалпында орындауға тырысып келе жатқан жанның бірі. Ол өз сөзінде:
– Қазақта «шыққан қыз шиден ары» деген сөз бар. Қыз бала – жат жұрттық. Қыз – өзі келіп болып түскен әулеттің ұрпағын жалғастырушы. Демек баласы да сол әулеттің үлкендері жатқан бесікте жатып өсуі керек. Қазақта қызының артынан бесік әкелмеген. Бұл дәстүрдің қайдан шыққанын білмеймін осы. Бала деген өзінің әкесі немесе ағалары жатқан бесікте жатуы керек. Осыны адамдар түсінсе екен. Бала туғанда нағашы жұртының жаңа бесік алып баруын, тіпті қыздың жасауындай ас та төк етіп апаруын дұрыс емес деп ойлаймын. Оған біреудің жағдайы келеді, енді біреудің шамасы жетпей жатады,– деп қарт ана өз қынжылысын білдірді.
Түйін. Бүгіндері той-томалақтарда бей-берекет әрекеттерді баршамыз көріп-біліп жүрміз. Ол жерлерде мақтангершілікке, бәсекелестік пен ысырапшылдық әрекеттеріне молынан жол беріліп жататындығы өкінішті. Сондай тойдың бірі – бесік тойы. Бесік тойы – бәсеке емес, шүкіршілікпен бас қосуға себеп болатын жиын. Дәл осындай көрімдік, байғазы беретін жақындары болмаған жандардың көңілі түсіп қалатынын да қаперде ұстаған жөн. Барлық ана қызының барған жерінде мерейінің үстем болғанын қалап, бесіктен бөлек сәбиге арнап төрт мезгілдік киімі мен түрлі ойыншығын, еңбектегенінен бастап есейгенге дейін қолданатын дүниелерін әкелетіні белгілі. Дегенмен, ас та-төк ысырапшылдыққа жол берудің қажеті жоқ секілді. Әр нәрсенің орны, шегі бар екендігін біле жүргеніміз абзал.
К. МАХСҰТ 
07 қазан 2023 ж. 321 0