Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұмау және жедел респираторлық вирусты жұқпалардың алдын алу шаралары

Тұмау және жедел респираторлық вирусты жұқпалардың алдын алу шаралары

Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау –тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да жұқпалы аурулардың ішінде ең алдыңғы орында тұрған, әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жатады. Статистикалық деректер бойынша, елімізде эпидемиологиялық кезеңде ЖРВИ және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Жедел респираторлық вирусты жұқпамен ересектердің 40 пайызы ауырса, балалар арасындағы көрсеткіш 60 пайызға жеткен.
Біздің ауданымызда 2023 жылдың алғашқы 9 айында аудан тұрғындары арасында жедел респираторлық вирусты жұқпалардың 555 жағдайы тіркеліп, 243-і 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болса, 2022 жылдың осы мерзімінде жедел респираторлық вирусты жұқпасымен 668 науқас тіркеліп, оның 384 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алған. Аурушаңдықтың жалпы көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 113 жағдайға, балалар арасында 151 жағдайға азайғанмен, ауданда эпидемиологиялық ахуал «тұрақсыз» деп бағалануда. 2022-2023 жылдардың осы мерзімінде тұмау жұқпасы тіркелген жоқ.
Тұмау жұқпасының таратушы көзі-науқас адам. Тұмау вирустары адамның тыныс жолдарында, мұрын қуысында, өңешінде өсіп-өніп көбейеді. Қоздырғыштар ауа арқылы тез тарайды, науқас адамнан сау адамға жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде , сонымен қатар науқас адамның пайдаланған заттары (ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы, есік тұтқасы және т.б.) арқылы жұғады.
Аурудың жасырын кезеңі өте қысқа. Вирус ағзаға түскен кезден бастап, аурудың алғашқы белгілері білінгенге дейін 24-48 сағат қана өтеді. Тұмау басталғаннан кейін 3-4 тәулік ішінде аса қауіпті әрі жұқпалы болады. Сондықтан ауырған адамның үйде жатып емделгені, не дәрігерді үйге шақырғаны дұрыс.
Тұмаудың негізгі белгілері : ауру жедел басталады, жеңіл, орташа немесе ауыр клиникалық формада өтеді. Науқастың дене қызуы 39 градусқа және одан да жоғары көтеріледі, дене түршігіп, бас және бұлшық еттер ауырады, тамақ ауырып, жөтеледі, жалпы әлсіздік болып, көзі жасаурап, қызарады.
Тұмау ауруының қауіптілігі сонда, тұмаудан кейін қайталап ауырып, әртүрлі күрделі асқынуларға жалғасып, оның жедел және созылмалы түріне өтуі мүмкін. Бірінші кезекте жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жолдары ағзаларының ауруларын туғызады, қызметін қиындатады. Бұл көп ретте науқастардың төсек тартып жатып қалуына, еңбектен қол үзуіне әкеліп соқтырады. Емшек жасындағы балаларда пневмониямен, менингит,менингоэнцефалитпен асқынуы мүмкін.
Алдын алу шаралары:
- Тұмаудың өріс алуы кезеңі алдында халықтың неғұрлым осал топтарына (60 жастан асқан адамдар, созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры аурулары, иммундық жетіспеушілігі бар ересектер мен балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер) және медицина қызметкерлеріне тұмауға қарсы егу шарасы жүргізіледі. Вакцина ауру басталған кезде оның өршуіне тосқауыл болып, аурудың кең тарап кетуіне кедергі келтіреді.
-Науқас адам үйде емделген жағдайда оны жеке бөлмеге оқшаулап, қарым-қатынаста болған адамдарға жұқтырмас үшін науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен (шүберекпен) жабуы тиіс немесе бірмәртелік бетперде киіп жүргені жөн. Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы т.б. болуы қажет. Оларды жиі жуып, залалсыздандырып отыру керек.
-Мұрын мен ауыз қуысын ұдайы тұзды ертіндімен шайып, жеке бас тазалық шараларын сақтау
-Дәрумендерге бай сұйықтықтар, әсiресе лимон, бал, таңқурай, итмұрын қайнатпалары қосылған шәйдi, минералды суды көбiрек iшу. Пайдалы, құнарлы азық-түліктерді күнделікті тағамға пайдалану ( көкөніс, жеміс-жидек,сорпалар және т.б.)
-Тұмау ауруының алдын алуда ағзаны жүйелі шынықтырудың үлкен маңызы бар. Таза ауада көп жүру, дене шынықтыру және спортпен айналысу аурулардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді.
- Үйдің тазалығын сақтау, бөлмелерді жиі-жиі желдетіп,ауаны тазартып отыру және ылғалды тазарту, бөлме температурасын 20-24 0С аралығында ұстау қажет.
-Көпшілік жиналатын орындардың барлығында санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау ( бетперде кию, ауруханалар мен емханаларда келушілердің санын, болу уақытын шектеу
Осы қарапайым ережелерді қолдана отырып, денсаулығыңызды сақтаңыз!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы
12 қазан 2023 ж. 224 0