Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұмау жұқпасының алдын алу шаралары

Тұмау жұқпасының алдын алу шаралары

Арал ауданы тұрғындары арасында 2023 жылдың қаңтар айында жедел респираторлық вирусты жұқпалардың 174 жағдайы тіркеліп, оның 79-ы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болса, 12 жағдайы жасөспірімдер арасында тіркелген. 2022 жылдың осы мерзімінде жедел респираторлы вирусты жұқпасымен 186 науқас тіркеліп, оның 87 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар,жасөспірімдер арасында жұқпа тіркелген жоқ. Аурушаңдықтың жалпы көрсеткіші өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 12 жағдайға, балалар арасында 8 жағдайға азайған, бірақ жасөсіпірімдер арасындағы аурушаңдық көрсеткіші 12 жағдайға өсіп отыр. Сондай-ақ аудан көлеміндегі жекелеген елді мекендер бойынша жұқпаның тіркелу деңгейі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда көтеріңкі болып, эпидемиологиялық ахуал «тұрақсыз» жағдайда қалыптасып отыр. 2022-2023 жылдардың қаңтар айында тұмау жұқпасы тіркелмеді.
Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау жұқпасы –өте тез жұғатын, әрі тез тарайтынтыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да жұқпалы аурулардың ішінде, ең алдыңғы орында тұрған, әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жатады. Статистикалық деректер бойынша, еліміздеэпидемиологиялық кезеңде жедел респираторлық вирусты жұқпалар және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Ауру көрсеткіші ересектер арасында 40 пайызды құраса, балалар арасындағы көрсеткіш 60 пайызға жеткен.Жедел респираторлық вирусты жұқпалармен және тұмаумен көп жағдайда қарт адамдар, жоғары тыныс алу жолдарының және бронх-өкпе жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, иммунитеті төмен, әлсіз және жиі ауыратын ересектер мен балалар ауырады.Бірінші кезекте жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жолдары ағзаларының ауруларын туғызады, қызметін қиындатады. Бұл көп ретте науқастардың төсек тартып жатып қалуына, еңбектен қол үзуіне әкеліп соқтырады. Асқынулар мүгедектікке, ауыр жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін.
Тұмау ауруының клиникалық белгілері : ауру жедел басталады, ауырған адамның бірден тұла бойы қалтырап, дене қызуы 38-39ºС ,кейде 40ºС температураға дейін жетеді. Басы шаншып ауырып, денесі, әсіресе, белі мен аяқ буындары сырқырайды, беті мен көзі қызарып,әлсіздік болады.Дене қызуы басталысымен немесе одан біраз уақыт өткеннен кейін түшкірік пайда болып, жөтеледі.
Тұмау асқынған жағдайда ауру адамның өкпесі, кеңсірігі, құлағы қабынып, плевритке, пневмонияға ұласады, жүрек, буын, бүйрек, ми және ми қабықтары зақымданады.
Алдын алу шаралары
-Тұмауды таратпаудың бірден-бір шарты-сырқатты оңаша бөлмеге оқшаулау
-Ауру адам жатқан бөлмеге, үй-жайларда залалсыздандыру дәрілерін қолдана отырып, ылғалды жуып-шаю жұмысын жүргізіп, жиі ауа алмастырып, терезе көздерінашып, желдетіп отыру;
-Жеке бас тазалық шараларын сақтау барысында қолды сабынмен мұқият жуып, ауыз,мұрын қуыстарын тұзды сумен шаю, лас қолмен мұрынды, көзді, ауызды ұстамау;
-Науқасты күтетін адам тыныс жолдарын бетпердемен тұмшалау, яғни жабық үй-жайларда және адамдар көп жиналған орындарда бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;
-Ауру белгілері, мысалы түшкіру немесе жөтелу белгілері бар адамдармен байланысты мүмкіндігінше шектеу;
-Құрамында С витамині бар өнімдерді (мүкжидек (клюква), итбүлдірген, шиповник, қарақат, лимон және т.б.) көбірек пайдаланып, сұйықтықты көп ішу;
-Денені шынықтыру мақсатында спортпен айналысу, таза ауада көп жүру; Дәрігердің көрсетілімімен иммунитет көтеретін препараттарды пайдалану; Аурудың негізгі алдын алу шараларына тұмауға қарсы вакцинациялау жатады. Тұмаудың эпидемиялық маусымның алдында (қазан айы) қысқа уақытта адамдарды тұмауға қарсы егу – ауруға шалдығуды, асқынуларды болдырмауды, ауыр түрлерін азайтатындығы дәлелденген жайттар.
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
17 ақпан 2023 ж. 361 0