Сан қырынан танылған келіншек
Жастар – елдің ертеңі, мемлекеттің қозғаушы күші. Бүгінде жастарға қай салада болмасын өз арман-мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан да қолдау жоғары. Әсіресе нәзік жандылардың отбасы, ошақ қасындағы тірлік пен қоғам дамуына да үлек қосып жүргені шынымен де қайран қалдырады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз табандылығымен талайды тамсандырып жүрген жан. Ол бір әулеттің келіні, аяулы жар, ұл-қызының ардақты анасы, басшы һәм он саусағынан өнері тамған шебер Жақан Анар Биқалиқызы.
Ол 1993 жылы Арал қаласында Бижановтар отбасында дүниеге келді. Қаладағы №220 орта мектепте білім алып, Алматы технологиялық университетін бітірген. 2013 жылы жолдасы Әліби екеуі шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасы, ел-жұртқа белгілі Садықбаевтар әулетіне кенже келін болып босаға аттайды. Анар үшін бірінші кезекте отбасы тұрды. Қайын жұртына келіндік қызметін атқарып, жұбайының көңілін таба білді. Алтындай перзенттері дүниеге келді. Осылайша 7 жылдың өте шыққанын да аңғармай қалды.
– 7 жыл әйел ретінде отбасылық өмірімді дамытуға арнадым. Бірақ сол кездің өзінде құр қарап отырмай, заманында сәнге айналған моншақтардан түрлі қыз-келіншектерге арналған әшекей бұйымдар жасадым. Бүлдіршіндерге арнап мерекелік кастюмдер тігіп, әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдап, үйде отырып өз кәсібімді жасадым. Сонан соң ата-енемнің, жолдасымның рұқсатымен жұмысқа қосылдым, – деп бастады Анар әңгімесін.
2020 жылы қала, ауыл балаларына сапалы білім беруге бағытталған Аралда алғаш болып ашылған “IQ” оқу орталығының жұмысын жүргізу Анарға жүктеледі. Мұнда балаларға мектептен бөлек қосымша тереңдетілген білім беріледі. 3 жылда 800-ге жуық оқушыны қабылдап, ҰБТ-ға дайындап, бастауыш сынып курстары, жеке пәндерден тереңдетілген негізде курстар балалардың білімге құштарлығын аша түседі.
– Мақсатымыз – ілім-білімге ұмтылған, ғылым үйренген әрбір жастан іскер азамат шығуына өз үлесімізді қосу болды. Қазіргі таңда ата-аналардың алғысын алып, жұмысымызды сапалы жүргізуге барымызды салып жатырмыз. Кәсіппен айналысу 24/7 ойлану деп айтады ғой, расында бірде жақсы, бірде құлдырау болатыны анық. Сонда да бастаған істі нәтижеге жеткізуге тырысудамыз. Оқу орталығында жұмыс жасай жүріп, өзімнің сүйікті істеріммен де айналысып жүрмін. Қазіргі таңда эпоксидті смола сұйықтығынан түрлі картина, сағаттар жасаймын. Бір жарым жыл уақыт ішінде 50-ден аса жұмыстардың авторы болдым. 2 үлкен көрмеге қатыстым. Тек Арал қаласынан емес, еліміздің басқа қалаларынан да тапсырыс алып, жеткіземін. Әрбір аяқталған картинаның нәтижесін көргенімде, бойымды қуаныш билейді, ал тапсырыс берушінің қолына жетіп алғысын алған ол тіпті, ерекше сезім, - деген өнерлі келіншек жетістіктері туралы сөз қозғады.
Анар қолөнермен айналысып, оқу орталығының жұмысын үйлестірумен тоқтап қалған жоқ. Аралдың қыз-келіншектеріне арналған дамушы орта қалыптастыруды ойлап, “GN” өнер орталығының негізін қалаушы Назерке Алиқызы екеуі “Нәзік әлем” дамыту орталығын құрды.
– Бұл орталық Аралдың қыз-келіншектерінің жан-жақты дамуына себепкер бола отырып олармен бірге өзіміз де дамуымызға, психологиялық, діни, медициналық тұрғысынан сауат ашуымызға, қоғамдағы әйелдерде кездесетін түрлі проблемалардың алдын алуға бағытталған. Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, ананың рөлі туралы да тақырыптарды қозғаймыз, – дейді ол.
Бір адамның бойына сан қасиетті сыйдыра білген Анар Биқалиқызы –үлкен әулеттің абыройлы келіні, үш баланың анасы, жолдасының жетістікке жетуіне септігін тигізіп отырған жар және қоғам өмірінде өз орнын қалыптастырған көпке үлгі боларлық әйел. Кейіпкеріміздің бүгінгі болмысына қарап адамда ниет болса, барлық шаруаның шыңына шығуға болатындығын аңғардық. Биіктей бер, Анар дегіміз келеді.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ