Молшылық маусымындағы шуақты шара

Бұл дәстүр биыл да жалғасын тапты. Өткен сенбіде аудан орталығында Қызылорда облысының 85 жылдығы және Арал ауданының 95 жылдық мерейтойына орай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Тоқшылық меркесіне кент және ауылдық округтерден 1,5 тонна ет, 300 литр шұбат, 5 тонна балық және 25 бас қой әкелінді. Бұдан басқа, аудандағы балық өңдейтін 6 кәсіпорыннан барлығы 6 тонна балық және балық өнімдері, өңірдегі ірі 4 шаруа қожалығынан 1,2 тонна ет және «Аралтұз» АҚ-ы 2 тонна ас тұзы сатылымға шығарылды. Барлығы 20-ға жуық көлікпен 30 тоннадан аса ауыл шаруашылығы өнімдері келді.
Ауданның дихандары мен тауарөнідірушілері жеміс-жидек, көкөніс дақылдары және азық-түлік тауарлары, ет және балық өнімдерін Арал қаласының тұрғындарына нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынды.
Мұнда жиналған халықтың қарасында шек жоқ. Жасы да, жасамысы да жәрмеңкенің дәмінен құр қалмай, арзан бағадағы өнімдерді алуға асық. Солардың бірі қала тұрғыны Ә.Қуандықова:
– Жәрмеңке Арал халқына жасалған үлкен мүмкіндік. Қыстың алдында қысылмайтындай қам жасау үшін аралдықтар осындай мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысатыны анық. Бұл бір жағынан кәсіпкерлерге де заттың тұрып қалмауына көрсетілген қолдау. Халыққа нарықтағы бағадан төмен бағадағы азық-түлік ұсынып, жеңіл жағдай жасап отырған аудан басшылығына бірінші кезекте алғыс білдіргім келеді. Мұндағы халықтың қуанышты жүзінен де сол ризашылықты жазбай тануға болады. Алдағы уақытта да осындай жәрмеңке тұрақты түрде өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді.
(Өз тілшімізден)