Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бетперде

Бетперде

Нағима әжей таң атқанша көз ілмей шықты. Көптен бері жүрегі атқақтап ауызына тығылып, кеуде тұсы жиі сыздайтынды шығарған. Жас келген соң қойсайшы, бір күн ауру, бір күн сау. Таңның атқанын білсе де төсегінен тұрғысы келмей жата берді. Кенет қабырғада ілулі тұрған жолдасының суретіне көзі түсіп кетіп еді, ол да бұған аянышты түрмен қарап тұрғандай көрінді.
– Неменеге олай қарайсың? Мені бар бейнетке тастап өзің алаңсыз ештеңе болмағандай жатырсың ба? Менің қиналғанымды көріп аяғаннан не пайда? Сонша неге асығып кеттің? Қасымда жүре тұрсаң болмас па еді? – деп өзді-өзінен күбірлеп, суретке қарап кейіп те алды. Сосын тағы біраз ой тұңғиығына батып, шалы Амандықпен танысқан, бірге тағдырлас болып, отбасын құрған, өмірлерінің қызық та қиын шақтарын еске алды. Еріксіз көзден аққан тамшыларын жұқарған нәзік саусақтарымен әлсін-әлсін сүртіп тастады.
Олар сонау бала кезден дос болды. Көрші үйдің кішкентай нәзік, қараторы келген қызына Амандық ағалық ізет көрсетіп жүрген. Уақыт өте сол бүлдіршін қыздың көзтоярлық сұлу аруға айналарын білген де жоқ. Ағалық қамқорлықпен ағайындай араласып кеткен көршісінің қызын сұқ көзді жігіттерден қорғап жүріп, жүрегінің түкпірінде қызғаныш сезімінің барын ұғына бастаған. Нағима да Амандықты бала кезден ұнататын. Ұзын бойы, сөзі өткір, өзі жомарт, ақжарқын жігіттің «қарындасым» деп қарайтыны ашуын туғысса да сыр білдірмеуші еді. Не керек, екі жастың жарасып жүргенін әуелі аналары білді. Кейін әкелердің де құлағына жетті. Қос көрші мың жылдық құда болатындарын білгенде шын қуанды. Осылай Амандық 25 жасқа таяп, ал Нағима 19 жасында ерлі-зайыпты болып шыға келді.
Өмір болған соң соқпақсыз бола ма? Нағима көпке дейін бала көтере алмай жүрді. Бастапқыда жастықтың буымен баланың жоқтығы онша сезілмеген. Сүйтіп жүргенде 5 жылдың өте шыққанын білмеген-ді. Бала болмай жатқаны бұлардың ғана емес ата-аналарының да басты мәселесіне айналды. Үлкендер – баланың жоқтығы балалардың ажырасуына септігін тигізбесе етті,- деп алаңдады. Балалы болу үшін ем мен ырымның небір түрін жасады. Бірақ бәрі бір Алланың қалауымен болмаса пенденің пәтуасынан қайран жоқ екенін түсінді. Жұбайлық өмірдің баласыз 8 жылы өткенде Амандықтың өзінен кейінгі інісі Асылбек пен Жұпар төртінші перзентін Нағиманың етегіне салып берді. Бұл күн олардың өміріндегі ең бақытты шақтар еді. Құдайдың құдіретін қарасаңшы! Бала асырап алғанан кейін екі айдан соң Нағима жүкті болды. Бұны естіген ел «Балаға мейірімі оянған соң құрсағына бала біткен ғой», «Кішкентай періште майкөтен болып тұр екен», «Кезінде ата-балаларымыз бекерден бекер олай жасамаған», -деп жатты.
Араға 9 ай салып Нағима ұл тапты. Көптен күткен перзентінің атын Аңсат деп қойған олар шын бақытты еді. Сонан соң да 4 баланы өмірге әкеліп асырап алған қызы мен Аңсатты қосқанда 6 баланың ата-анасы атанды. Аңсат солардың ішіндегі жалғыз ер бала еді. Қалғанының бәрі қыздар.
Күн түнді алмастырып арада жылдар жылыстай берді. Есейген қыздары ұзатылып өз орнын тапты. Аңсаты да отау құрамын деген жаңалықты айтқанда бұлар қатты қуанды. Тойға дайындалып шапқылап жүрген. Ол кезде Амандық мектепте от жағушы болып жұмыс істейтін. Бір күні мектепте өрт шығып, сол өрттен балаларды аман сақтаймын деп жүріп Амандық өртке оранған мектептен шыға алмай қалып, қайтыс болды. Жалғыз ұлдарының қызығын енді көремін бе дегенде отағасының ойда жоқта келген өлімі Нағиманы есеңгіретіп тастады. Ол үшін өмірдің мәні бітіп, қызығы таусылғандай еді. Ештеңге зауқы соқпай, еңсесін көтере алмай жатып қалды. Енді туған-туыс пен қыздарын Нағиманың мына халі алаңдатты. – Адам болмас, бір аптада жүзін әжім басып, бірнеше жылға қартайып кетіпті, – Қайғырмай қайтсын бала күнен қосылған қосағы, – Осылардың бір ренжіскенін көрген емеспіз. Сыйласып өмір сүрген адамдардың көңілі суымайды ғой, - десті көз көрген көпшілік. Сүйтіп аруақтай құр сүлдерін сүйретіп жүріп қырық күн де өтті. Амандықтың қырық күндік садақасын беріп, ел аяғы басылған соң Аңсат анасының жанына келді.
– Апа енді не істейміз, - деді естілер естілмес үнмен.
– Нені балам?
– Тойды айтам...
Нағима үнсіз тұрып қалды. Баласына не жауап қайтарарын білмеді. Сосын есін қайта жиған адамша селк етті де:
– Балам мен қазір той тойлайтын жағдайда емеспін. Әкеңнің жылы өтпей бұл үйде той болмайды. Менің қайғым одан кейін де сейіле қоймас, бірақ тірі адам тіршіліген етер деген үмітпен елмен сіңісіп өмірімді сүрермін. Сендерге пана болу үшін, - деді де жылап жіберді. Мұны естіген Аңсаты шошып кетті.
– Бір жыл болмайды апа... мен бір екі айдың ішінде үйленуім керек, - деп айды аспанан бірақ шығарды.
– Бір-екі айы несі, сен мені мазақтап тұрмысың ұлым, әлде сен осынша ессіз бе едің?
– Апа сізге қалай айтарымды да білмей отырмын. Біз той болады деген соң... Той күнін белгілеп қойған соң... Қысқасы Гүлнұрдың аяғы ауыр.
Мына жаңалық Нағиманы есінен тандыра жаздады. Бар амалы таусылғандай. Кеше ғана 35 жыл жұптасып өмір сүрген күйеуін жер қойынына тапсырып тұрып, бүгін жалғыз ұлының тойын жасау деген ол үшін мүмкін емес дүние еді. Бірақ амал қайсы? Ақыры ұлдың дегені болды. Той өтті. Келін түсті. Нағима үшін бұлардың бәрі болуы керек шартты түрде орындалатын дүниелер сияқты көрінді. Көңіліне қуаныш сыйламады. Өтірік жымияды, жүрегі жылап тұрды. Бұл күнді Амандық екеуі көп күткен. Отырып алып «ертең ұлымыз үйленсе былай жасаймыз, мына жерге былай қонақтар отырады» деп таласып, тіпті сол үшін сөзге келіспей қалатын. Артынан Аңсатың әлі 10 жаста екендігі есіне түсіп бұл қылықтарына өздері ішек-сілесі қатқанша күлетін. Сол армандаған күн де жетті. Барақ Амандықсыз.
Келген келін күлімсіреп, бәріне ізетпен бас иіп жүрді. Көрген жұрт жалғыз ұлы жақсы жар таңдапты деп сүйсіне қарады. Нағима да алғашқыда Аллаға шүкіршілік айтып қуанған. Қайғыдан қан жұтып, күлуге мұрша таппай жүрген көңілімді табатын жылы жүзді келін келді-ау деп іштей көңілі марқайып қалған. Сол келіннің бетпердесінің тұңғыш немересі өмірге келген соң ашыларын білмеп еді ана байғұс. Әуелі қабағын түйіп қарайтынды шығарды. Сосын зілденіп сөйледі. Кейін бұйрық беріп зекірді. Нағиманың жүрегі езіліп, көңілі құлазып қалатын ондайда. Бірақ амалы бар ма? Баласына айтайын десе екеуі керісіп қалып, жас отауға кесірім тиер деді. Бірақ келінің оғаш мінезі күн өткен сайын өршелене түсті. Баяғы биязы келіннің жұрнағы да қалған жоқ. Ел көзінше емес әрине. Аңсат үйде болғанда одан жақсы адам жоқ. -Мама ішесіз ба? Мама жисіз ба? -деп асты үстіне түседі де күйеуі үйден шыққан соң зұлым қатынның маскасын киіп алады. - Ағызып, тамызбай іш те бөлмеңнен шықай отыр. Мен үй жинауым керек, - деп асүйден қуып шығады. Келінінің сөздері қанжар сұққандай әсер ететін. Бөлмесіне барып бүк түсіп жатып қалатын. Оңашада «Өмірдің қызығы деген осы ма? маған мұндай қызықтың керегі жоқ. Одан да өзім келін, өзім кемпір болып жүрген кезім жақсы еді-ау. Ешкімнің қас қабағына қарамаймын. Дүниеде біреудің қабағын баққаннан қиын нәрсе жоқ екен», - дейтін. Бірақ бұған да көндікті. Ел алдында сызылып, үзіліп тұратын келініне қарап «адамдар қалай екіжүзді балады екен» деп ойлайтын. Бірақ осы ойын оған батып айта алмады. Тумысынан жуас мінезді келінге көндігіп, жалғызының бақытын тілеп шыдамды болды.
– Тал түске дейін жата бересің бе? Тұрып шәйіңді ішпейсің бе? Саған қайта-қайта шәй беріп отыратын уақытым жоқ. Базарға баруым керек. Тұр да мына балаларға ие бол, - деп зіркілдеген келіннің дауысы Нағиманы селк еткізді.
«Амандық сен дұрыс істепсің. Мынадай қорлық көріп тірі өлікке айналғанша өліп қалғаның дұрыс бопты. Менен бұрын өлгенің дұрыс болды. әйтпесе...» деп ауыр күрсінген Нағима тұруға ыңғайланды. Қазір тұрмаса не боларын іші сезіп тұр.
Н. МАРАТҚЫЗЫ

17 қазан 2023 ж. 217 0